Балалар әлемі » Жұмбақтар » Жәндіктер туралы жұмбақтар
Жәндіктер туралы жұмбақтар
Бар екен бір мақұлық ұннан майда,
Өз басын айдайды екен қиын жайға,
Ұстасақ үгітіліп жоғалады,
Дамылдап отырмайды ешбір жайға.
( Көбелек )
Гүл ұшып гүлге қонады,
Гүл бақшам гүлге толады.
( Көбелек )
Шидім, шидім, шидім құс,
Ши басына қонған құс.
Қарқаралы қара құс,
Хан басына қонған құс.
( Шыбын )
Иісшіл - ит емес,
Ұшады -құс емес.
( Шыбын )
Бар жұмысы ермегі.
Талмай қанат қағады.
Еңбекті қош көрмейді,
Жат ыдысты бағады.
( Шыбын )
Қыс кезінде ұйықтап жатар,
Жаз мезгілі думан ашар.
( Шыбын )
Қарабай аттан жығылды,
Халық соған жиылды.
( Түкірікке жиылған шыбын )
Аспанда ақ сары құс шу салады,
Жабысып тақыр жерден су алады.
Адамнан су алған тым өзгеше
Дуылдатып денеңе у салады.
( Безгек масасы )
Өзім үшін сені ұрам,
Сен үшін өзімді ұрам,
Сен үшін өзімді ұрсам-
Ағады менің қаным,
Жарылады сенің қарның.
( Маса )
Бір құс бар ұшып жүріп ән салады,
Әркімге қонақ болып бір барады.
Барлығы мақұлықтың ығыр болып,
Дауысын естігендер зар қағады.
( Маса )
Ат басты,
Арқар мүйізді,
Бөрі кеуделі,
Бөкен санды,
Қос қанатты,
Құмырсқа ізді,
Бота тірсекті.
( Шегіртке )
Бар еді бір жұмбағым жүрген сайда,
Қолында қылышы жоқ, екі найза.
Қарынды екі найза болғанменен
Қылыш пен ай балтадай болмақ қайда.
( Бұзаубас )
Біз жаздық аулым қонған текшесіне,
Етіктің жез қақтырдым өкшесіне.
Айуанда төрт аяқты бір нәрсе бар,
Бөренесін байлаған бөксесіне.
( Инелік )
Ана таудың басында ұйыған қатық,
Ол қатықты көрмейді дәмін тартып,
Дәмін татқан қалады сеспей қатып.
( Қара құрт )
Бір мақұлық айдалада қорған салған,
Азапты ажалдымен соған барған.
Мен емес бұл жұмысты айтып жүрген,
Бұрынғы азамат ер содан қалған.
( Қара құрт )
Ғажайып бір нәрсе бар қатқан тері,
Өзінің қалың тоғай жатқан жері.
Бір күні аштан өлмей, тоқтан өлер,
Жігіттің мұны табар кемеңгері.
( Түйе кене )
Қарайып ұшты қарғадай,
Бармаған жері қалмады-ай.
Жерге түсті, ін қазды,
Аяғымен тырмалай.
( Қоңыз )
Кішкене ғана түйме тас,
Атан түйе тарта алмас.
( Кене )
Аспаннан ұшып түсті жатқан тері,
Қалың тоғай ну жыныс жатқан жері.
( Кене )
Ұзын-ұзын ұзардай,
Ұзыннан аққан сулардай.
Ағаш атқа мінгізіп,
Ұзартып қойған мұнардай.
( Өрмекші )
Екі басы жұдырықтай,
Ортасы қылдырықтай.
( Құмырсқа )
Қатар-қатар қара нар,
Аспанменен бара бар,
Алды биік, арты жар.
( Құмырсқа )
Тыру-тыру тырналар,
Тауға қарай жорғалар.
( Ара )
Алпыс тісті айдаһар,
Ешқайда қадам баспайды.
Қозғамасаң жатады,
Ештеңеден саспайды.
Ағаштан тамақ жейді екен,
Жұтпай шайнап тастайды.
( Ара )
Домалақ таудың басында
Тоқты қошқар ойнайды.
( Бит )
Кішкене ғана бойы бар,
Адам жейтін ойы бар.
( Бит, бүрге )
Бір мақұлық мойны жуан, тірсегі ұзын,
Тікпесе өзі етік, сақтар бізін.
Тағы да іске ыңғайлы қайшысы бар,
Іс тігіп көрген де емес еш қызығын.
( Шаян )
Бір мақұлық келе жатыр маң-маң басып,
Құтылмас көзге түссе жолдан қашып.
Бұл жерде оны табар еш адам жоқ,
Таппаса үлкен молда кітап ашып.
( Бит )
Бекінген бір тау теке тұшалау үйге,
Құдайым оны салды мұндай күйге.
Күн шықса жатады салқын үйде,
Күн жауғанда кетеді жапан түзге.
( Ұлу )
Түсініктеме қосу
Ақпарат
Қонақтар тобында тұрған келушілер, осы жарияланымға түсініктеме қалдыра алмайды.