Әли Ысқабаевтың жұмбақтары
Бір үйдің атасы бар,
Оның төрт анасы бар,
Он екі туысы бар.
Әрқайсысының
Отыздан ағасы бар,
Төрттен інісі бар,
Жиырма төрттен баласы бар.
Бұлар кім?
Танысып ал. (Жыл, көктем, қыс, жаз, күз, он екі ай, отыз күн, апта, сағат)
Күміс табақ қаратпайды,
Жылтыр оймақ санатпайды. (Күн мен Жұлдыз)
Жарқырап шықты,
Алыс жолға жүріп,
Қараңғыға бұқты. (Күн)
Шарасын ашады.
Бар асын шашады. (Күн)
Ортасында өзі тұрады,
Жан-жағында күлімдеп,
Сан мыңдаған көзі тұрады. (Ай мен Жұлдыз)
Бір үйдің атасы бар,
Оның 24 баласы бар.
Әр баланың меншігінде
Алпыстан танасы бар. (Бір тәулік)
Көкте ұйысқан жабағы,
Бірде су боп тамады,
Бірде бу боп қараңғы,
Бірде қар боп жауады. (Бұлт)
Ақ көбелек қонақтап,
Жер жамылды тон аппақ. (Қар)
Қыста үйіледі,
Көктемде сұйылады. (Қар)
Көктен жетеді,
Шөпке сүңгіп кетеді. (Жаңбыр)
Көрінбей көзге,
Тынымсыз кезбе
Маза бермес түзге. (Жел)
Түбітпенен алысқан
Ақырғанда арыстан,
Сілекейі шашырап,
Су боп тамды ғарыштан. (Күннің күркіреуі)
Қоқыстарды үйіреді,
Құмнан ұршық иіреді. (Құйын)
Мың бөлсең де бөлінбейді,
Мың кессең де кесілмейді.
Түтіліп көкте ұшқанмен,
Не жіп болып есілмейді, (Бұлт)
Аспаннан жеткенде
Аппақ асыл тас.
Жер бетінде деп-демде,
Ғайып болар жасық тас. (Бұршақ)
Топыраққа тараған,
Тарам-тарам шырғалаң,
Айқұш-ұйқұш бір ғалам. (Ағаш тамыры)
Бір үйде үш туыс,
Ойлағаны бір жұмыс,
Байлағаны бір қазық,
Айналғаны бір жазық. (Сағаттың тілдері)
Үзеңгісін тебемін,
Бүлкілдеп желемін. (Велосипед)
Тәнге мін –
Теңгемін. (Қал)
Жерде жатқан қызыл тіл,
Көкке өрлесе ұзын тіл. (От пен түтін)
Құлағы қырық –
Сұлаған сырық. (Көген)
Қылышпенен қиямын,
Тарақпен жиямын.
Шанышқымен үйемін.
Оған мал сүйер иегін. (Шалғы, тырма, айыр)
Отырса ауызын буған,
Ала қапқа ұқсайды.
Керегін тауып судан,
Мұз-мұхитты қыстайды. (Пингвин)
Жарысса,
Тұлпардың пірі,
Танысса,
Құстардың пілі. (Түйекұс)
Ақ тас доп,
Бірі ақ,
Бірі сары
Ішінде бар қос доп. (Жұмыртқа)
Бұлағы біреу,
Жылғасы төрттеу. (Сиырдың желіні)
Діні оқтау,
Белі доптай. (Ұршық)
Тақымдасаң тайпаңдап,
Жіп бұйдалы желмая,
Шыр айналар қайқаңдап. (Ұршық)
Жұмсақ доптың шегінен,
Шұлық тоқып киінем. (Шумақталған жіп)
Тындырған адам жұмысын,
Білесің бе,
Жердегі ай туысын? (Орақ)
Ағаш білегі,
Болат жүрегі. (Күрек)
Іші кепсе жүгіреді,
Желі кетсе бүгіледі. (Доп)
Шалғыны қырда,
Қалтамда бар тырма. (Тарақ)
Төмпештеп төбесінен,
Жерге тығар денесімен. (Балға)
Суда көпіреді,
Кірді кетіреді,
Өзін құртып өкінеді. (Сабын)
Жерден өнген доп,
Қашады
Желден өңмеңдеп. (Қаңбақ)
Жерде өскенде шөп,
Жел ескенде доп. (Қаңбақ)
Шөлге де берік,
Желге де берік,
Дәрі-тамыр, бұтағы
Қырдың нағыз жұпары. (Жусан)
Басын жер астаны тығып жатыр,
Шашы жер бетіне шығып жатыр. (Пияз)
Құм ішінде басы,
Төбесінде шашы. (Сәбіз)
Діні садақтың оғы,
Түбі тамақтың дәмі. (Жуа)
Байланған желісі бар,
Жайылар өрісі бар.
Жесең жұмсақ жемісі бал. (Қарбыз)
Ағашта өскен шымыр тас,
Ортасында шырынды ас. (Жаңғақ)
Орманда өскен шатырды,
Қуырсаң бал татырды. (Саңырауқұлақ)
Жолдың қос қапталы,
Тікенегі удай тал,
Иттен жаман қапқаны. (Қалақай)
Жер бетіне бір шықпай,
Су түбіне тұншықпай
Заулайтын кім ұршықтай? (Балық)
Ірі денесі –
Түздің кемесі,
Жонында бар екі төбесі. (Түйе)
Аузы апандай,
Тісі бақандай,
Қарны қабақтай,
Денесі қойтастай,
Суда аунар ойқастай. (Бегемот)
Сызып ызған тоны бар,
Күдірейген жоны бар. (Жолбарыс)
Тұмсығы қашау,
Кәсібі – ұя жасау,
Ағашты қорғап,
Зиянкесті асау. (Тоқылдақ)
Түнде ұшқан,
Қанатты тышқан. (Жарқанат)
Жүгірсе – қашаған,
Бүгілсе – ошаған. (Кірпі)
Тұмсығында түймесі бар,
Шаншып алған үстіне
Толып жатқан инесі бар. (Кірпі)
Шымыр керім –
Жұмыр өрім. (Жылан)
Түйіршікті жалмайды,
Бірақ өзі
Қиыршық та алмайды. (Диірмен)
Үңгірде тұрады.
Келгенін қырады. (Тіс)
Он екі ақ,
Он екі қара бала,
Алаңға шығып ап,
Айқасты дара-дара. (Дойбы)
Түтіктен зулап шығады,
Діттегенін жығады. (Оқ)
Қарны тойса қампияды,
Тоймаса жалпияды. (Қап)
Қос құлағы бар, басы жоқ,
Қарны дәу, асы көп. (Қазан)
Жыл он екі ай іші қыс,
Тең келмес оған еш ыдыс. (Тоңазытқыш)
Жерден қазылған күбі,
Бұлақ аршылған түбі. (Құдық)
Белін буған,
Қоқысты қуған. (Сыпырғыш)
Көрінетін түз,
Сусыз қатқан мұз. (Әйнек)
Қорапқа қамалып,
Айтары жаңалық. (Радио)
Жүзбе-жүз жолықтым,
Тілдесе алмай торықтым. (Сурет)
Әли Ысқабай