Сайт мәзірі
» » Наурыз мейрамы

Наурыз мейрамы

Ежелгі заманнан бері Шығыс халықтары Наурыз мерекесін тойлап келеді. Бұл мереке  табиғат пен адамның үндестігін көрсетеді. Наурыз күн мен түннің теңелген күні, яғни бір тəуліктегі күн мен түннің ұзақтығы бірдей болған күні тойланады. Көктемгі күн тоғысы наурыз айының 21-нен 22-не ауысқан түні болады. Осы уақыттан бастап күн  ұзарып, түн қысқарады. Наурыз – жыл басы. Парсы тілінде «ноу» – «жаңа», «руз» – «күн» деген ұғымдарды білдіреді.

Халық наурыз мерекесіне алдын ала дайындалады. Үйдің іші ескі, қажетсіз заттардан  тазартылып, үйге қос шырақ жағылады. Ыдыстардың барлығы ернеуіне дейін айранмен, сүтпен немесе бұлақ суымен толтырылады. Бұл – тоқшылықтың белгісі.

Мереке сəлемдесуден басталады. Ер адамдар қос қолдасып, ал əйелдер құшақтасып  амандасады. Сəлемдескен кезде «Жасың құтты болсын!», «Ұлыс береке берсін!» деген сияқты тілектер мен құттықтаулар айтылады.

Ақсақалдар да, жастар да көкжиекті көру үшін жазық далаға шығады. Адамдардың  барлығы: «Армысың, қайырымды Күн – Ана!» – деп күнге бас иеді. Күнге тағзым  еткеннен кейін ер адамдар қолдарына күрек алып, бұлақтарды тазартады. Бұлақтардың  қасына ағаштар отырғызады. «Бұлақ көрсең, көзін аш!», «Бір тал кессең, он тал ек!»  деген сөздер осыдан шыққан болу керек.

Наурыз күні əр үйде мерекелік дастарқан дайындалады. Дастарқанға дəстүрлі ет  тағамдары, ұлттық тамақтар қойылады. Бұл мейрамның негізгі асы – наурызкөже.  Оны жеті түрлі тағамнан пісіреді. Сөйтіп, бүкіл халық ауыл-ауылды, үй-үйді аралап,  амандасып, наурызкөже ішеді.

Халықта «Наурыз көжені тойып ішу керек, сонда жыл бойы тоқшылық болады!»  деген сенім бар.

Дастарқан басында жастар үлкендерден бата алады. Бата – үлкендердің өзінен жасы  кішілерге беретін ықыласты тілегі.

Ақсақалдар: «Ұлыс оң болсын! Ақ мол болсын, қайда барса жол болсын!» – деп бата  жасайды.

Кешке жақын жұрт үлкен айтысқа жиналады. Айтыс – домбырамен сүйемелденетін  ақындардың өлең жарысы. Оған үлкендер де, жастар да қатысады. Наурыз айтыс –  Жақсылық пен Жамандықтың, Суық пен Жылының, Жаз бен Қыстың айтысы. Сөз  жарысын Жақсылықты дəріптеген ақын жеңеді.

Мереке қызған кезде жастар алтыбақан жанында ұлттық ойындар ойнайды. Əн  айтып, би билейді. Той тойға ұласады.

Міне, Наурыз мерекесі осылай тойланады.

Тегтер:
Қосты: Mukhanov_Marat
|
Автор: автор көрсетілмеген
|
Бөлім: Сен білесің бе?
|
Көрсетілімі: 6 917
Түсініктеме қосу
Ақпарат
Қонақтар тобында тұрған келушілер, осы жарияланымға түсініктеме қалдыра алмайды.