Балалар әлемі » Ойындар » Арқан тартыс
Арқан тартыс
Ойынды жаздыгүні көгалда ойнауға болады. Ойнаушылардың саны он баладан көп болмағаны жөн. Ойынға ұзындығы сегіз‑он метр екі ұшы түйілген арқан керек. Арқанның тең ортасына белгі ретінде қызыл мата байланады. Ойынға қатысушылар бойына қарай бір қатар жасап тұрады да, ойын жүргізушінің тапсыруымен бір, екі… деп санап шығады. Содан кейін екі дегендері (жұп) бір жаққа, бір дегендері (тақ) екінші жаққа бөлінеді.
Арқанның қызыл мата байлаған жерін күні бұрын еденге немесе жерге сызылған белгі сызықтың үстіне дәл келтіреді. Ал ойнаушылар арқанның белгісінен бастап ұшына дейін қос қолдап ұстап тартып тұрады. Егерде арқанға қолдары сыймаса, онда ойыншылар бірінің белін бірі ұстайды.
Ойын жүргізушінің белгісі бойынша екі команда арқанды екі жаққа тартады. Ойынның мақсаты – екі команданың бір не бірнеше ойыншысын ортаға сызықтан өз жағында тартып шығару.
Ортаңғы сызықтан өтіп кеткен команда ойыншысы ойыннан шығып қалады.
Қай команда қарсылас команданың ойыншыларын түгелдей ортаңғы сызықтан өз жағына өткізсе, сол ұтқан болып есептелінеді. Ойыншылардың өзара келісімдері бойынша ойынды тағы да жалғастыруға болады.
***
Бұл ойынды ойнау үшін он‑он бес бала тартқанда үзілмейтін арқан және үлкен адамның алақаны көлеміндей екі тақтай дайындалады. Ол тақтайлардың ортасы арқан өтетіндей етіп тесіледі. Содан кейін қар жентектеліп, аққалаға ұқсатылып үйіледі. Оның орта шені таяқпен тесіледі де, әлгі арқан өткізіледі. Содан тақтайшалар аққалаға екі‑үш қарыстай тақап әкелініп, арқан түйілетін болады. Тақтайшалар өздеріне қарай сырғып кетпейтіндей жағдайда болуы керек. Бәрі дайын болған соң, команда екі топқа бөлінеді де, екі жаққа ерсілі‑қарсылы тартыс басталады. Аққала қай топқа қарай құласа, жеңіс солардыкі болады.
Түсініктеме қосу
Ақпарат
Қонақтар тобында тұрған келушілер, осы жарияланымға түсініктеме қалдыра алмайды.