Балалар әлемі » Мақал-мәтелдер » ІЛІМ, БІЛІМ, ӨНЕР ТУРАЛЫ
ІЛІМ, БІЛІМ, ӨНЕР ТУРАЛЫ
ІЛІМ, БІЛІМ, ӨНЕР ТУРАЛЫ
Оқу — білім бұлағы,
Білім — өмір шырағы.
***
Оқу — білім азығы,
Білім — ырыс қазығы.
***
Білім ортақ.
***
Білім — ер азығы,
Ер — ел азығы.
***
Білім ауысады,
Ырыс жұғысады.
***
Ақыл — тозбайтын тон,
Білім - таусылмайтын кен.
***
Оқу түбі тоқу.
***
Оқу инемен құдық қазғандай.
***
Оқы да біл,
Ойна да күл.
***
Ой түбі оймақ,
Ойын түбі ойран.
* * *
Білген кісі тауып айтады,
Білмеген кісі қауып айтады.
***
Өз білмегенінді кісіден сұра,
Үлкен жоқ болса, кішіден сұра.
***
Білім қымбат, білу қиын.
***
Білімнің алды жарық,
Білімсіздің түбі ғарып.
***
Мың малың болғанша,
Бір балаң ғалым болсын.
***
Ақыл — дария,
Ой — теңіз.
***
Оқығанның бәрі жарық,
Оқымағанның беті шарық.
***
Ай жарығы әлемге,
Шам жарығы түбіне.
***
Ой түбі алтын,
Ойлай берсең аларсың.
***
Білек сүріндіре алмағанды,
Білім сүріндіреді.
***
Білегі күшті бірді жығады,
Білімі күшті мыңды жығады.
***
Білімдіден ақыл шығар,
Ақылды қарттан нақыл жұғар.
***
Надан «ғалыммен» жақын болсаң басың қатады,
Ақымақ әкіммен жақын болсаң басың кетеді,
Ұстамен жақын болсаң ісің бітеді.
***
Қына тасқа бітеді,
Білім басқа бітеді.
***
Көп жасаған білмейді,
Көп көрген біледі.
***
Ескіні есіңе алмай,
Жаңа жадыңа түспейді.
***
Біле тұрсаң да, сұрап біл.
***
Көз көруге тоймайды,
Құлақ естуге тоймайды.
***
Ойын түбі от,
Ой түбі алтын.
***
Қалауын тапса, қар жанады.
***
Тасқа егін шықпас,
Қас жаманға білім жұқпас.
***
Адам ойға тоймас,
Бөрі қойға тоймас.
***
Білгенің бір тоғыз,
Білмегенің тоқсан тоғыз.
***
Қарғыстың ең жаманы өзің білме,
Білгеннің тілін алма.
***
Адамның білгенін адам білер.
***
Болған кісі болдым демес,
Болдым десе, болғаны емес.
***
Есеп білмеген есек.
***
Адам жүрген жермен адам жүреді,
Біреу білмегенді біреу біледі.
***
Өнерлінің өрісі ұзақ.
***
Өнер алды бірлік,
Ырыс алды тірлік.
***
Өнерге өлім жоқ,
Жалқауға жарық жоқ.
***
Өнерлінің қолы алтын,
Өлеңшінің сөзі алтын.
***
Зер қадырын,— зергер білер.
***
Тусаң ту, өнер қу,
Басыңа ұят бос қалу.
***
Жігіт адамға жетпіс өнер де аз.
***
Өнерлінің өзегі талмас.
***
Алтынды ала білген,
Бөле де біледі.
***
Шешенің сөзі — мерген,
Шебердің көзі - мерген.
***
Асыл тастан шығар,
Өнер жастан шығар.
***
Ақыл көпке жеткізер,
Өнер көкке жеткізер.
***
Өнер өрге жүзеді.
***
Өнерлі жігіт өрде озар,
Өнерсіз жігіт жер соғар.
***
Ұстаздан шәкірт озар.
***
Талапты ерге нұр жауар.
***
Талап таудан да асырар.
***
Тауып білмеген, жүріп білер.
***
Мыңнан тұлпар, жүзден жүйрік.
***
Ақыл ойдан артық.
***
Жемісті ағаштың басы төмен.
***
Сабағы жаман жемістің, дәні де жаман.
Түсініктеме қосу
Ақпарат
Қонақтар тобында тұрған келушілер, осы жарияланымға түсініктеме қалдыра алмайды.