Балалар әлемі » Өлеңдер, тақпақтар » Төрт түлік, аң-құстар » Бүркіт
Бүркіт
Аспанда еркін самғайды,
Мекендеп шыңның қиясын.
Тыныштау жерді таңдайды,
Салады берік ұясын.
Мұздақтан болар төсегі,
Жартастан таңдап жатағын.
Балапан еркін өседі,
Қарсы алып таңның шапағын.
Ұшуды биік аңсайды,
Құшыры қанып қалатын.
Отты көз шолып тау, сайды,
Қағады жайып қанатын.
Шынығу үшін биіктен
Денесін төмен тастайды.
— Соғылып тасқа кенеттен
Қалам-ау, деп те саспайды.
Денесі қатты шынығып,
Сезінер өзін тым сергек.
Қалады демде тынығып,
Қанатын сілкіп бір сермеп.
Елемей ыстық, суықты,
Кеудесін ұстар жоғары.
Ең биік шыңда туыпты,
Бүркіттен батыр жоқ әлі.
Ұясы бүркіт шыңдағы —
Мәңгі қар, мәңгі мұз қала.
Кіндіктес жермен құндағы
Сынайды бағын ызғарда.
Биіктен бүркіт қарайды,
Шүйілу аңға ыңғайлы.
Күзете жүріп маңайды,
Ұшумен өзін шыңдайды.
Түсініктеме қосу
Ақпарат
Қонақтар тобында тұрған келушілер, осы жарияланымға түсініктеме қалдыра алмайды.