Балалар әлемі » Өлеңдер, тақпақтар » Әртүрлі » СӘБИЛЕРДЕН СҰРАҢДАР
СӘБИЛЕРДЕН СҰРАҢДАР
Ағы, сары, қарасы...—
Жүрген қала,
далаңда —
Әлемнің бар баласы
Жиналса бір алаңға.
Алға шығып төреші:
— Бояу, қалам ал,— десе,
Нені жақсы көресің,
Суреттерін сал,— десе!...
Ойланбай-ақ сәбилер,
Салар еді құлшынып...
Ең алдымен, әрине,
Тұрар еді күн шығып.
Жер көгеріп сол бойда,
Жасыл бақтар жайқалып,
Тал басында торғайлар
Тұрар еді шайқалып.
Толар еді ән-күйге,
Аққу-қаздар көлге кеп...
Биік-биік сәнді үйлер
Бұлтқа қарай өрмелеп.
Жаңбыр құйып шелектеп,
Жерге моншақ шашылып;
Күн жарқырап кенеттен
Кетер еді ашылып.
Көк өзендер күмбірлеп,
Орман-тоғай шуылдап;
Жан-жануар би билеп,
Жатар еді дуылдап.
Қол үстасып ұландар
Жүздерінде күлкі ойнап;
Шығар еді құмардан
Бірге шалқып, бір тойлап.
Қызыл-жасыл киіне,
Бала біткен гүлденіп;
Қайтар еді үйіне,
Мамасымен бірге еріп...
Аңсайды оны бар ел де,
Біледі оны ұландар.
Не керегін әлемге
Сәбилерден сұраңдар!
Түсініктеме қосу
Ақпарат
Қонақтар тобында тұрған келушілер, осы жарияланымға түсініктеме қалдыра алмайды.