ЕЛ (Тоқсан ауыз сөз)
Қайтесің , дос, тамағыңды құр кенеп!
Қиналғанда
Жолдас емес,
Жыр керек.
Сөздің бәрі құдіретті,
Әйтсе де
ЕЛ деген бар,
Оның орны бір бөлек!
Сөз дейміз ғой,
Өз сөзіме иемін.
Осы сөзден сауыт тоқып киемін.
ЖЕР дегенде
Туған ауыл шетінде
Топырағын жатып алып сүйемін.
Мен – домбыра,
Сөзден жонған тиегім.
Ой дегенің осы сөздің жиені.
ЕР дегенде
Атып тұрып орнымнан,
Кішірейіп,
Ақ басымды иемін!
Тектен –текке жазылған жоқ осы өлең!
Өлең – қымыз беру емес кесемен.
АНА десе,
Бүктеуімнен жазылып,
Жолына оның кілем болып төселем!
Бағасы бар,
Орыны бар әр айдың.
Мен әр айға үмітпенен қараймын
БАТЫР десе,
Зиратының басына
Құлпытас боп тұруға ұзақ жараймын!
Шаттық емес,
Жаныңды жер уайыммын.
Бүйіріңе балта тиген қайыңмын.
АҚЫН десе,
Нөкері боп дарынның
Шашбауын, дос, көтеруге жараймын.
О, Ағайын, ажыраспа!
Ұйысқан!
Тымық,
Тынық тірлігі бол мүйістің!
КӨСЕМ десе,
Тосып мына кеудемді,
Оққағары болуға оның тиіспін!
Қайтесің ,дос, тамағыңды құр кенеп!
Қиналғанда
Жолдас емес,
Жыр керек.
Сөздің бәрі құдіретті,
Әйтсе де
ЕЛ деген бар,
Оның орны бір бөлек!
Сайран далам!
Қайран далам – кенішім!
Қақпақылдай қаға аласың мені шын.
Кемеңгердің
Даналардың өзі де
Көп ұлының бірі ғана Ел үшін!