Сайт мәзірі

СУРЕТТЕГІ «САРБАЗДАР»

Қолға алып қағаз-қаламын,
Толғанып отыр «қолбасшы»,
Түксиіп кетті қабағы,
Үлкен бір айқас болмақшы...

Сасатын емес батырың,
Сойқаны — көрген бұл талай.
Қаламның ұшын батырып,
Оңды да — солды сүйкеді-ай.

Алапат тозаң ұйтқиды,
Адамның есін жидырмас,
Қаламның ұшы жүйткиді,
Қағаздың үсті қым-қиғаш.

Бәрі де кілең керемет,
Сайланып шыққан батыр-ау...
Әттең-ай, әттең! Не керек,
Жан бітіп кетпей жатыр-ау.

Бере алмай қимыл, у-шуын,
Отыр ғой өзі бүлкілдеп,
Зеңбіректердің гүрсілін
Аузымен айтып, гүмпілдеп.

Қайтсін-ай, жаудың қарасын
Құртқысы келіп отыр-ақ...
Маңдайын сүртті, шамасы,
Тіресіп бақты екі жақ.

Бітетін емес «ұрыс та»
Төсектен тұра басталған.
Ал, енді, міне... дұрыстап,
Атуға шықты аспаннан.

Төбеден соққан түксиіп,
Қорықты-ау сұңқар сабаздан,
Біздікі — «жауды» тықсырып,
Қуалап шықты қағаздан.

Қарамай артқа қашқандар,
Жеңгендер жерде дуылдап,
Көгілдір тұнық аспаннан
Жұлдыздар шықты жымыңдап.

Мәз болып, көзі ойнақшып,
Бір өзі қуып-тыққандай,
Көтерді басын «қолбасшы»
Ұрыстан жаңа шыққандай...

Тегтер:
Қосты: Mukhanov_Marat
|
Автор: автор көрсетілмеген
|
Бөлім: Кәсіптер туралы
|
Көрсетілімі: 2 073
Түсініктеме қосу
Ақпарат
Қонақтар тобында тұрған келушілер, осы жарияланымға түсініктеме қалдыра алмайды.