Сайт мәзірі
» » » Мейірімді қасқыр мен залым түлкі

Мейірімді қасқыр мен залым түлкі

Бұл оқиғаны аспанға жұлдыздар шыққан, айналаны қою қараңғылық басқан, тым-тырыс та, мүлгіген тыныштыққа оранған бір түнде тыңдап едім. Біз қызыл жалыны алаулап, үй ішін жылытқан пеш жанында отырып, әңгіме тыңдауға жиналғанымызда, жасыл жайнамаз құтпан намазын оқып болып, қасымызға келді. Пеш жанындағы ағаштан жасалған орындықтың иығына жайғасып отырып алды да, жап-жаңа, бұрын ешқайда айтылмаған бір ғажап ертегіні бастады.

- Мен бұл ертегіні тап сендердей бала кезімде естіген едім,-деді.

 


- Онда да осындай әдемі тымық кеш болатын. Ал, терезелерден қап — қара түн түнере қара-а-п тұратын еді,-деді. Біз үрейлене терезеге қарағанымызда, оны ақ шымылдықты перденің бүркеп тұрғанын көрдік. — Әдеттегісінше, құтпан намазын оқып болған әжеміз бізді жанына жинап, ертегі шертті. Ол ертегінің аты мейірімді қасқыр мен залым түлкі деп аталатын. Бүгін сол ертегіні айтпақпын,-деді.

 


- …Алыс-алыс бір өлкеде қалың орман болды. Орман патшасы – мейірімді қасқыр екен. Қасқыр өз орманына иелік етіп, мамыражай өмір кешті. Оның айналасындағы достарының кімнен қыянат көрсе де ең алғаш келіп шағынары – қасқыр еді. Қасқыр бәріне адал, кеңпейіл мінезімен көмектесіп, кіші аңдардың үлкен аңдарда кеткен кегін алып беретін. Айналасына шашар шуағы мол қасқырды ормандағы жақсылықты жақтайтын аң атаулы құрметтеп, сыйлады. Қасқыр да олардың ілтипатына орай мейіріммен, достық көңілмен қол созып, орманда иман мен мейірімділік патшалық құратын.

Балалар, сендер білесіңдер ме, білмейсіңдер ме… жақсы адамды барлық адамдар жақсы көргенімен де, ниеті жаман кейбір адамдар жек көреді, жақсы адамның жақсылығы күшейген сайын қызғанышы артып, жақсы адамды сүріндіргісі келеді. Қасқырдың жақсы істері мен ормандағы аң атаулыға сыйлы болуын көре алмайтын бір аң болды. Ол қасқырдың бірге туған бауыры – түлкі болатын. Түлкі ол күнде бойы қасқырдан да биік, сұсты және сұр түсті дүрегей аң еді.

Түлкі қасқыр бауырының орынына патша болуды көксегенімен, ормандағы аң атаулы жақсы да, әділ патша қасқырдың жағында еді. Ал, түлкінің алдап-арбайтын мінезі үшін ормандағы бүкіл аңдар ұнатпайтын. Қайтсем де патша тағына отырамын деген ойымен түрлі жаман істерге баратын оны ормандағы аң атаулы тек қана қасқыр-патшаның бауыры болғандығы үшін ғана сыйлап, құрметтеуші еді. Түлкі болса мұның бірін де түсінбеді, қасқырды күндеп, айналасына жағымсыз сөз таратып жүрді. Бірде қарлығашқа барып:

- Қарлығаш-ау, қарлығаш, сен осы не білесің, күндіз-түні ұя жасап, балаларыңа жем тасып бір тыным таппайсың, мені қарашы, күні бойы қыдырамын, айналадағы жайдың бәрі маған мәлім. Орман патшасы қасқырымыз бүгін мені шақырып, сырласты. Білсем, қасқыр құс атаулыны жақтырмайды екен, өзіндей төрт аяқты, құйрықты болмаған соң сендерді қайтсін, -деді.

Ұясында аузын ашып жем күткен балапандарын тойдыру үшін тағы да ұшқалы отырған қарлығаш мұны қоштамады:

- Олай болса қасқыр патшамыз бізді қолдап, үнемі қорғап жүрмес еді, сөзіңе сенбеймін,-деді де ұша жөнелді.

Тауы шағылған түлкі аяңдап тиынға келді. Тиын бір топ достарын жинап, түрлі жаңғақтардан қысқа азық дайындаудан қолы тимей жатыр екен. Қызу жұмысты көре тұра түлкі оларға қолғабыс жасау жағын ойламады. Қара талдың діңіне сүйеніп жатып, қасқыр турасындағы әңгімесін бастады:

- Тиын-ау, тиын, сен осы не білесің, жаз бойы қысқа азық әзірлеп тыным таппайсыңдар, өмірдің қызығын мен секілді қыдырыстап жүріп тамашаламайсыңдар, сол себепті менің көргенім мен білгенім өте көп.

Айталық, кеше ғана қасқыр патшаға барып әңгімелесіп отырсам, сендерге қатысты бір жаңалықты естідім. Біздің қасқыр патшамыз тиын атаулыны ұнатпайтын көрінеді. Тал төбесін паналағанына қарап құс дейін десең құс емес, түр-түсіне қарап біз секілді жортқан аң да дей алмаймыз. Тиын атаулыны арыстанға жем етер ме…-деп кіжінгенін өз аузыммен естідім,-деді.

Жаңғақ тасып шаршаған тиындардың сөз тыңдайтын шамасы жоқ еді, сондықтан да олар бір ауыздан:

- Сенбейміз, олай болса қасқыр патшамыз бізді қорғап, қоштамас еді. Олай болса кеше ғана өткен аңдар жиналысында қасқыр патшамыз «Тиындар секілді еңбекқор» болайық деп үлгі ете сөйлемес еді,-деді. Тиындардан тауы шағылған түлкі дән тістеген құмырсқаға қасқырды жамандамақ еді, ол уақытының тығыз екендігін айтып жөнеп берді. Түлкінің сөзін тыңдауға тоқылдақтың да уақыты жоқ болып шықты. Ол ағаш діңіндегі құрттарды тазартпаққа асығыс ұшып бара жатты. Қоңыр аюдың омарта күтімімен әуре, тышқан ініндегі артық топырақты тазартудан қолы тимей жатыр екен. Қарғаның үйіне келгенде ол оқып отырған кітабынан бас алмады… Өйткені, бұлардың баршасы да қасқыр-патшаның әділ, түлкінің залым екендігін жақсы білетін.

Бұл айласынан ештеме өнбесін білген түлкі қасқырды мұқатудың бір жолын ойлап тапты да, қыс мезгілінің келуін асыға күтті.

Думандатып, айналасының барлығын қуанышқа бөлеп жап-жасыл жаз да өтті. Күз келіп, орман енді сап-сары түске боялды. Бұл уақытта орман ішінде күн сайын қоштасу әні естіліп тұрды. Бұл әнді жылы жаққа ұшып бара жатқан тырналар, үйректер мен қаздар, қарлығаштар айтатын. Құстардың соңғы тобы ормандағы аң атаулымен жылы қоштасып, алыс сапарға ұшып шыққан күні алғашқы қар жауды. Ақ қар айналаны әппақ мамыққа орады. Орман ортасындағы алаңқайға аққала соғып, сырғанақ жасап, аңдар көңілді ойындар бастаған уақытта түлкі аяңдап, қасқыр бауырының үйіне келді. Қасқыр-патша жылы пеш жанында кітап оқып отыр екен.

- Бауырым, бұл не, тұрыңыз, айдынға барып сырғанақ тебейік, -деді түлкі.

Қасқыр-патша бауырының өтінішін орындап, айдынға еріп келді. Бұл кезде көл бетінің мұзы жұқа болатын.

- Бауырым, мен жаңа ғана сырғанадым, мұз өте қалың қатыпты, жүр, сырғанайық,-деп қасқырды айдынға жіберіп, өзі сырт айналған түлкі мұздың қарс-қарс жарылғанына да, бауырының суға батып бара жатқанына да қарамай, үйіне қашып кетті.

Қасқырдың суға бір батып, бір шығып тұншыққанын көл маңайында жүрген бір топ тиын көріп құтқаруға ұмтылды. Олар бірлесе қимылдап, өздерінің әділ де, мейірімді патшаларының өмірін сақтап қалды. Есесіне, қасқыр үйге оралған соң суықтап қатты ауырды. Балалар, сендер уайымдамаңдар, бірақ, ол дәрі-дәрмек ішкен соң аз уақытта жазылып кетті.

Арада біраз күн өткенде қасқыр-патшаның денсаулығын сұрай түлкі келді. Ол өткендегі опасыздығына ұялмады. Күнәсінің үстіне күнә қосып:

- Қасқыр бауырым, өткен жолы сен суға батып бара жатқанда көмек шақыруға жүгіре жөнеліп едім,-деп тағы да өтірік айтты.

- Ендеше, неге отырмыз, бүгін тағы да қар жауды, далаға шығайық, таза ауамен тыныстайық,-деп ұсыныс білдірді.

Жақсылықты қалайтын, мейірімді қасқыр бауыры туралы жаман ойға бармады. Бұрыңғы жаман әрекеттеріне де кешіріммен қарады. Сондықтан да, келісімін беріп, екеуі орманның сыртындағы үлкен таудың басына шықты. Төбенің бір жағы орман беткейі болатын, ал, екінші беткейі алыстағы ауылдардың шетіне дейін жалғасатын. Арам ойлы түлкі шаңғы тебуге дайындалған қасқырды осы екінші беткейге, адамдар өмір сүретін аймаққа қарай домалатып жіберді. Төмен қарай дөңгелей жөнелген қасқыр тасқа да соғылды, бұтаға да соғылды, тіпті үлкен ағаштармен де қақтығысып, етекке түскенде ес-түссіз талып жатты. Мұны ауыл шетіндегі отын теріп жүрген адамдар көріп қалып, терісін сыпырып алуға таптырмайтын аңның жолда жатқанына қуана-қуана арбаларына салып әкете барды…

Енді түлкі туралы айталық: Ол бұл қастандығы үшін еш ойланбады. Бауырынан айрылғанына да өкінбеді. Енді мына тыныштық салтанат құрған орманның патшасы мен боламын деп үйіне аса қуанышты оралды. Балалар, жақсыны Аллатағаламыз әрдайым өз мейірімімен қорғап жүреді. Қасқырдың қиын жағдайға түскенін сол уақытта аспанда әуелей ұшып жүрген қарға байқап қалды да, ормандағы аң атаулыға келіп айтты. Мейірімді орман патшасын құтқаруда біз бармыз деді тышқандар әулиеті. Сөйтті де, ауыл іргесіне келіп, қасқыр қамалған сарайдың іргесін қазып, сирақтары маталған жіптерді өткір тістерімен кесіп, бостандыққа алып шықты.

Ал, бұл уақытта түлкі өзінің опасыздығын кешір деп Құдай мен қасқыр-бауырының алдында құлшылық ұрудың орынына, күнәсіне күнә жапсырып, тағы бір сылтау айтуды ойлап отырған еді. Бірақ, бұл жолы қасқыр түлкі бауырын қабылдамады, көргісі де келмеді. Оның өзіне жасаған әрекеттері туралы ойлай келе өзін жаралағаны үшін, ормандағы бейбіт өмір кешкен аңдарды мазалағаны үшін де бауырына жазаны Құдай берсін деп тіледі…

Арада біраз уақыт өтті. Қаһарлы қаңтар кетіп, ақ қарлы ақпан келді. Одан соң наурыз туып, көктемнің жылы лебі есті. Бұл аңдардың баршасы түлеп, көркі артқан кезде болатын. Тек түлкінің ғана сыйқы қаша берді. Тұрқы тым кішірейіп, бұрын бұғы, жылқы, сиыр секілді үлкен аңдарды жем етсе, енді күні шөп тамыры мен тышқандарға ғана қарап қалды. Сұр түсті жүні түлеп, орынына көз жауын алатын қып-қызыл түк пен үлпілдек құйрық бітті. Адамдар енді әдемі терісі үшін ғана түлкіні ауламаққа ұмтылды. Ормандағы аң атаулы түлкіні қасқыр-патшаның бауыры десе сенбеді.

Осылайша түлкі өз залымдығының кесірінен Құдайдан жазасын алды.

 

Балалар, сол оқиғадан бері қанша көктем келіп, қаншама қыс өтті. Қазір жасыл орман патшалығы сол баяғы орынында. Бұрынғыша жақсылық салтанат құрып тұр, қасқыр-патша да әділ үкімдерін жүргізуде дейді. Ал, түлкі барлығының есінен біржола шыққан. Тек, осы орманды мекен ететін, ғұмыр кешкеніне 300 жыл болған кәрі қарғаның айтуынша, қасқыр-патша кей түндері көкке қарап ұзақ ұлып, жылайды екен. Өзінің харам ниетінің, жаман пейілінің салдарынан Құдайдың жазасына ұшыраған түлкі бауырын сағына ма екен, кім біліпті..?


 


Қосты: Нурхан
|
Автор: автор көрсетілмеген
|
Бөлім: Ертегілер
|
Көрсетілімі: 3 787
Түсініктеме қосу
Ақпарат
Қонақтар тобында тұрған келушілер, осы жарияланымға түсініктеме қалдыра алмайды.