Сайт мәзірі

Алтын балық




       Бұрынғы өткен заманда бір патша болған екен. Оның әрбір тәртібін халқы екі етпей уақытымен орындап тұрады екен. Бір күні бұл патша: «Менің әрқашан халық пайдасына еткен әмірім орнына нақпа-нақ келіп тұрады және халқым да мені жақсы көреді. Сондықтан да мен олардың пайдасын ойлаймын. Енді мен осы халқыма зиянды бір әмір таратайын. Халқым тыңдап, орнына келтірер ме екен? Жоқ, келтірмес пе екен?» - деп ойлап уәзірлеріне: 
 -  Халыққа тегіс хабарландырыңдар: «Ешкім басына пайда қылмасын!» - деп, әмір қылады. Бұдан соң уәзірлер бұл әмірді халыққа естіртіп болып, патшаға: 
 -  Халқыңыз әміріңізді нақпа-нақ айтқаныңыздай орнына келтіретін болды, - дейді. Патша уәзірлеріне еш жауап айтпайды. Түн болған соң үстіне бөтен, ескі киім киіп, әмірінің қалай орындалғанын көру үшін көшеде жүрсе, шеттегі бір үйде шам жанып тұр екен. Патша қайыр сұраған кісі болып, шам жанып тұрған үйге келсе, үйдің ішінде бір етікші етік тігіп отыр екен. Етікші қайыршыны көріп тұра келіп, бір кішкене нан береді. Сонда қайыршы: 
 -  Сен патшаның әмірін тұтпаған не қылған адамсың? «Ешкім басына пайда қылмасын және шам да жақпасын», - дегені қайда? - дейді. Сонда етікші: «Сенің онда не жұмысың бар? Сондай әмір қылып отырған патша да ақымақ. Себебі, мен жарлы адаммын. Күнде төрт теңге пайда қыламын да, төрт теңге зиян қыламын. Міне, мен сонымен күн көріп отырмын. Патша ақылды болса, осыны білер еді», - дейді. Патша бұған жауап қайтармастан үйіне келеді де, ақылды төрт уәзірін шақырып алып: Сіздерді басқалардан ақылы көп деп, өзіме уәзір қылып едім. Енді менің сіздерден сұрайтын сауалым бар. Күніне төрт сом пайда, төрт сом зиян қыламын. Сол пайдам мен зияным не? Үш күн ішінде соны табыңдар. Таба алмасаңдар, бастарыңды аламын! Өздерің таппасаңдар да табатын кісі тапсаңдар, жазадан құтыласыңдар! - депті. Уәзірлер үш күннің ішінде өздері де шеше алмай және табатын кісі де таба алмаған соң, енді патшаға көрінбей, қашпақшы болып жүргенде, баяғы етікші уәзірлерге келіп: 
-  Мен патшаның сұраған сауалын тапсам, сіздер маған не берер едіңіздер? - дейді. Уәзірлер төрт мың ділда бермекші болады. Етікші уәзірлерден төрт мың ділданы санап алып, олармен бірге патшаға барады да: 
 -  Тақсыр, мен етік тігіп, әр күні төрт сом пайда, төрт сом зиян қылам. Ол былай: бір сомды қарызға беремін. Бір сомды ескі қарызымды төлеуге беремін, бір сомды құдыққа тастаймын, бір сомды әйеліммен екеумізге жұмсаймын, - депті. 
Сонда патша: 
 -  Әйеліңмен екеуіңе жұмсалған ақшаға бәріміз де түсінеміз, қалған үш сомның жұмсалған орнын анықтап түсіндір, - депті. Бұл сөзге етікші былайша жауап қайырыпты: 
 -  «Бір сомды қарызға беремін», - дегенім: «Қартайғанда өзімді асырар», - деп балама беремін. «Бір сомды ескі қарызыма беремін» - дегенім: өзімді жасымда асыраған кәрі әкем мен шешеме беремін. «Енді бір сомды құдыққа тастаймын» - дегенім: күйеуіне тұрмай, қайтып келіп отырған қызым бар, соған беремін дегенім, - депті. Сонда патша: «Бұл етікші ақылды адам екен», - деп, өзіне уәзір қылған екен. 


Тегтер:
Қосты: Kz_ref_Mara
|
Автор: автор көрсетілмеген
|
Бөлім: Аудио Ертегілер
|
Көрсетілімі: 4 708
Түсініктеме қосу
Ақпарат
Қонақтар тобында тұрған келушілер, осы жарияланымға түсініктеме қалдыра алмайды.