Балалар әлемі » Ертегілер » Аңыз ертегілер » Қожанасыр туралы қысқа аңыздары
Қожанасыр туралы қысқа аңыздары
Қожа көшеде адасып жүрген бір қойды ұстап, сойып алады. Оны бір жолдасына сыр ғып айтады. Жолдасы:
— Қияметке барғанда не деп жауап бересің? — дейді.
— Танамын, мен жеген жоқпын деймін.
— Жоқ, тана алмайсың, қойдың өзі келіп куә болады.
— Онда тіпті жақсы, ұстап алып, иесіне қайтарып беремін, — депті Қожекең.
***
Қожекең басына сәлдесін орап, көшеде келе жатады.
Біреу аптыға жүгіріп келіп:
— Мына хатты оқып беріңізші! — деп өтініпті.
— Мен хат танымаймын.
— Ендеше неге басыңызға сәлде орайсыз?
— Е, мәселе сәлде де болса, мә, басыңы ора да, хатыңды оқып ала ғой, — депті оған Қожекең.
***
Хан Қожанасырды шақырып алып, алдына ақша қойыпты да былай депті;
— Қожеке, мынау бір сом мен бір тиын. Осының қайсысы көп, соны айтшы?
Қожа ойланып тұрып:
— Әрине, бір тиын көп, — депті. Таң қалған хан:
— Неге бір тиынды көп дейсің? Себебін айтшы?
— Себебі, бір сом дегенде алты әріп бар. Ал бір тиын дегенде жеті әріп бар. Өзіңіз айтыңызшы, алты көп пе, жеті көп пе?..
***
Қожекең бірде бояу шеберханасын ашады. Шеберханаға келіп-кетіп жатқандардың бірі Қожекеңді мұқатпақ болып:
— Қожеке, мына бір затты ешкім естімеген, ешкім көрмеген яғни, қара да емес, ақ та емес, көк те емес, қызыл да емес, сары да емес, жасыл да емес, қоңыр да емес, сұр да емес, бір түске бояп берші, — дейді.
Қожанасыр оның кекесінін түсіне қояды:
— Жарайды, айтқаның болсын, тастап кет.
— Қашан келейін? — дейді анау, қулығын асырдым деп мәз болып.
— Қашан келсең де өз еркің. Бірақ сен келетін күн дүйсенбі де, сейсенбі де, сәрсенбі де, бейсенбі де, жұма да, сенбі де, жексенбі де болмасын, — дейді сонда Қожанасыр.
***
— Мен жақында есік алдына өрік шыбығын отырғыздым. Жеміс берген кезінде бәріңді өрікке сылқитып бір тойғызбақшымын, — дейді Қожа жолдастарымен отырғанда.
— Ой, рахмет, Қожеке. Осы тәтті лебізіңнің өзіне өрік жегендей тойып қалдық, — деген олардың сөзін естіген Қожа:
— Өрікке тойып қалсаңдар, отырғызған шыбықтарымды жұлып тастап, алма ағашын отырғызайын. Бұған да мерзімінен бұрын әлгіндей тойып қалсаңдар мені тер төгіп еңбектенуден құтқарар едіңдер, — дейді.
***
— Соңғы күндері сені әлдебір ой меңдеп алған тәрізді. Нендей ой екенін мағанда айтсаңшы, бәлкім жәрдемім тиер,- депті Қожаға кемпірі. Сонда жарықтық терең күрсініп:
— Жаман айтпай жақсы жоқ. Қатын, әбден қартайыпсың. Екеуміз отау құрғанымызға да қырық жылдан асыпты. «Мыңның түсін білгенше, бірдің атын біл» деген. Танысып қоялықшы, осы сенің атың кім? — деген екен.
***
— Теңіздің суы неге ащы? — деп сұрапты біреу Қожанасырдан.
— Теңіздің суы қозғалыссыз бір жерде тұрады, сондықтан ашып кеткен ғой, — депті Қожанасыр.
***
Әпенді мен Алдаркөсе Ыстықкөл жағалауын айналып жүр екен. Алдаркөсе Әпендіден:
— Қожеке, мына көлдің суы неше шелек шығар екен? — деп сұрапты.
Әпенді ойланбастан:
— Осы көлдей шелек тапсаң, бір-ақ шелек шығады, — деген екен.
Түсініктеме қосу
Ақпарат
Қонақтар тобында тұрған келушілер, осы жарияланымға түсініктеме қалдыра алмайды.