Сайт мәзірі
» » » Дос бол мен Шоқайдың Ерденге көңіл айтуы

Дос бол мен Шоқайдың Ерденге көңіл айтуы

    Ерденнің жалғыз баласы қайтыс болғанда, аяқ жетер жердегі ел түгел келіп, көңіл айтса да басын көтермей, сартөсек боп сарғайып жатып алыпты. Бұл хабар тигеннен кейін Сыр бойындағы Досбол мен Шоқай ел арасы шалғайлықтан жетінші күні жетіпті. Үйге кіріп, өлгенге - иман, тіріге - береке тілеп, бет сипасқан соң:
- Уа, Ерден! - депті Досбол, - өлмесе қайда кетті бұрынғының кәрісі? Әлемді жалмап-жұтса да, өмірінде тоймаған қара жердің талысы! Өткенге өкінбе, келмеске күйінбе, өлім деген - ұзын жолдың алысы. Туғаннан кейін барлық жанның қабір емес пе барысы? Құдайға мұнша наз қылатындай ашынасы ма ең, әлде көз көрген танысы ма ең?!
    Бұған да мызғымаған соң Шоқай малдас құрып отырған қалпынан ауысып, жүгіне қос тізерлеп, қамшысын мықынына таяна ұстап, аңға түсер мұзбалақтай шаңқ етіп:
   -Ей, батыр Ерден! Басыңды көтер жерден! Құдайға құдіреттімін деп, мейманасың тасып кеткен екенсің кердең?! Мыңды айдаған әкең Сандыбай да қара жерге енген!
   Оны мына Шоқай көзімен көрген! Әулие болсаң, әкеңді де балаңды да алып қалуға әлің қане, келген?! Көкті бу көтереді, жүйрікті ду көтереді, өлімді ер көтереді, ауырды нар көтереді! Ер емес пе едің талай құқайды көрген?! Тағы да айтамын басыңды көтер жерден?! Құнсыз беріп, пұлсыз алды, нең бар еді құдайға берген?! - депті.
   Сонда Ерден төсегінен шүйіле көтеріліп, сартап боп сарғайған жүзін орамалымен сипап:
-        Уа, асып туған асылдар! Қайғырсаң да қаншама,өлі артынан өлмек жоқ. Құрдымға хайыл кеткен соң, екі айналып келмек жоқ! Көтермесем басымды, көңілім өксік қаяулы! Ардақтыларым едің аяулы, саңлақтыларым едің санаулы! Көңілде қайғы, шеменшер, төбелерің көрінбеген соң, күтіп жатыр едім, өздеріңдей асыл ерлерді жараулы! - деп, құшақтаса көрісіпті. Досбол мен Шоқай үш-төрт күн болып Ерденнің көңілін демдеп, қайғысын бөлісіп аттанған екен.



Тегтер:
Қосты: Mukhanov_Marat
|
Автор: автор көрсетілмеген
|
Бөлім: Аңыз ертегілер
|
Көрсетілімі: 3 622
Түсініктеме қосу
Ақпарат
Қонақтар тобында тұрған келушілер, осы жарияланымға түсініктеме қалдыра алмайды.