Балалар әлемі » Ертегілер » Аңыз ертегілер » Абай мен Қиясбай
Абай мен Қиясбай
Қиясбай бірде Абайдың үйіне кіріп келіпті. Басына киген қызыл елтірінің жүнін сыртына қаратып, пұшпағынан байлап қойыпты. Абай оның басына қараса, Қиясбай:
- Абай аға, сені білгіш дейді, менің басыма кигенім ненің терісі, тапшы? - депті. Абай күліп:
- Мен қайдан білейін, өзің айтпасаң, - депті. Қиясбай:
- Бәлі, Абай аға, бұл аң-таңның терісі емес пе,-депті. Абай көзінен жас аққанша күліп:
«Жүрген жерің күнде ду,
Сыртың - аңқау, ішің - қу», -депті.
- Таптың, Абай аға, таптың, - деп Қиясбай басын изеп күліпті. Сонан кейін:
- Абай аға, маған мына қағазыңды, қарындашыңды берші, жазайын, - депті.
- Қияс, жаза ғой, - деп Абай қағаз, қарындаш беріпті.
Қиясбай қағаздың бетіне иір-иір етіп шұбыртып шимайлап шығыпты да:
- Абай аға, сені жеті жұрттың тілін біледі дейді, мына жазуды оқышы, - депті. Абай:
- Әй, Қиясбай, мына жазғаның оқуға келмейді ғой, -деп күліпті.
- Әй, Абай аға-ай, сізді ел босқа мақтайды екен, бұл айғыр тышқанның ізі емес пе, - депті.
Қиясбай сыбызғышы болыпты. Оның қонышында жүретін, ырғайдан ойып, өңешпен қаптаған сыбызғысы болады екен. Бір күні Қиясбай сыбызғысын тартып келе жатқанын Абай есітіп, бір жігітке:
- Ана Қиясбай келеді, шақыр,- депті. Қиясбай келіп отырғаннан кейін Абай:
- Қиясбай, сені ақын дейді ғой, өлең айтшы! - депті. Қиясбай сыбызғысын ойнап, өзінше өлеңдетіп қоя беріпті.
- Ақ сиырдан туады жирен айғыр,
Қойға қасқыр шабады шоқаң-шоқаң.
Көктен жауып келеді боталы інген,
Буынғаным белімде сексен арқан.
Абай козінен жас аққанша күліп, өлеңін қайта айтқызыпты.Тобықтының шынжыр балақ, шұбар төс шонжарлары Абай үйінде мәжіліс құрып отырады. Осы мәжіліс үстіне кенет Қиясбай кіріп келеді. Ешкім оны келдің-ау, кеттің-ау деп елемейді. Қиясбай сәл бөгеліп тұрады да:
- Уа, игі жақсы тақсырлар, - дейді дауыстап, -Абай ағамда оңаша айтарлық бір шаруам бар. Барлығың да шыға тұрыңдар!
«Мына неме не дейді?» - дегендей, төрде отырғандар терісіне сыймай дүрдиісіп Абайға қарайды. Абай:
- Иә, Қиясбайдың оңаша айтарлық шаруасы болса, шыға тұрыңыздар, - дейді. Жұрт амалсыздан дүрлігіп сыртқа беттейді.
- Немене, Қиясжан? - дейді Абай оңаша қалған соң.
- Абай аға, маған ұрыса көрме, жаңағы иттерің мені адам құрлы көрмеді. Соларға өзімнің күшімді көрсетейін деп, әдейі айтып едім, - дейді Қиясбай.
- Қияс, ризамын. Тапқырлығың үшін қой берейін,алып кете аласың ба? - дейді Абай ішегі қатқанша күліп.
- Алып кетпейтін несі бар, - дейді Қиясбай қулана жымиып. - Абай ағам өңгертеді деймісің, айдатады да жібереді.
- «Сөз тапқанға қолқа жоқ», - деп, Абай оған он шақты қой айдатып жіберіпті. Қиясбай сақа жігіт болғанша үйленбепті. Бір күні Абай оған:
- Осы сенің не ойлағаның бар? Үйленетін уақытың жетті емес пе? - депті.
- Ұнатқан қызымды әперсең үйленемін.
- Әперейін.
- Алдымен қыз қарап көрейін. Содан соң ұнатқанымды өзіңе келіп айтармын.Бір күні қазанның қара бораны соғып тұрғанда, Қиясбай ебіл-дебіл боп Абайдың үйіне жетіп келіпті.
- Абай аға, тезірек шықшы, ұнатқан қызымды көрсетейін. Абай шапанын жамылып сыртқа шықса, жамыраған бұзауына қарай жүгіріп бара жатқан қызды көрсетіп:
- Анау! - депті Қиясбай.
- Екеуің бірігіп, шаруа құрып кете аласыңдар ма? -дейді Абай сәл ойланып.
- Несі бар, сізге ұнамай тұр ма?
- Қайдам...
- Ендеше, өз көзіңізді былай алып қойып, орнына менің көзімді салып тағы да бір қараңызшы,- депті Қиясбай.
- Сезім айнасы - көз, әділет қазығы - аталы сөз, -депті Абай. - Айтқаның болсын. Құдалыққа кісі жіберейін.
Түсініктеме қосу
Ақпарат
Қонақтар тобында тұрған келушілер, осы жарияланымға түсініктеме қалдыра алмайды.