Сайт мәзірі
» » ҚОТЫР ТОРҒАЙ

ҚОТЫР ТОРҒАЙ

ҚОТЫР ТОРҒАЙ

(Казак ертегісі)

Бір қотыр торғай шеңгелге қонып отырса, қотырының қатпарланған аузын шеңгелдің тікенегі сыдырып кетіпті. Торғай ашуланып:

– Қап бәлем, сені ешкіге айтпасам! — деп, ешкіге келіп:

– Ешкі, ешкі, ана шеңгелдің сылдырмағын неге жемейсің? Ешкі:

– Оны жемек түгіл, өзім лақтай алмай жатырмын. Торғай:     

– Қап бәлем қасқырға айтпасам!

– Қасқыр, қасқыр, ана ешкіні неге жемейсің? Қасқыр:

– Оны жемек түгіл, өзім байдың жабағысын жеп, тауыса алмай жатырмын. Торғай:

– Қап бәлем, сені жылқышыға айтпасам!

– Жылқышы, жылқышы, ана қасқырды неге ұрып алмайсың? Жылқышы:

– Оны ұрып алмақ түгіл, өзім ұйқым қанбай жүр. Торғай:

– Қап бәлем, сені байға айтпасам!

– Бай, бай, ана жылқышыңды неге ұрмайсың? Бай:

– Оны ұрмақ түгіл өзім қоспамды түгесе алмай жатырмын. Торғай:

– Қап бәлем, сені тышқанға айтпасам!

– Тышқан, тышқан, байдың қоспасын неге жемейсің? Тышқан:

– Оны жемек түгіл, өзім інімді қаза алмай жатырмын. Торғай:

– Қап бәлем, сені балаларға айтпасам!

– Балалар, балалар, ана тышқанды неге ұрып алмайсыңдар? Балалар:

– Оны ұрмақ түгіл, өзіміз асығымызды ойнай алмай жатырмыз. Торғай:

– Қап бәлем, сендерді кемпірге айтпасам!

– Кемпір, кемпір, ана балаларды неге ұрмайсың? Кемпір:

– Оларды ұрмақ түгіл, өзім жүнімді сабай алмай жатырмын. Торғай:

– Қап бәлем, сені құйынға айтпасам!

– Құйын, құйын, кемпірдің жүнін неге ұшырмайсың?

Құйын соғып, кемпірдің жүнін ұшырыпты, кемпір келіп балаларды ұрды; балалар тышқанды ұрып жіберді; тышқан байдың қоспасын тесті, бай жылқышыны ұрды; жылқышы қасқырды ұрып алды; қасқыр ешкіні жеді; ешкі шеңгелдің сылдырмағын жеді. Сөйтіп, қотыр торғай өшін алды.

 

Тегтер:
Қосты: Kz_ref_Mara
|
Автор: автор көрсетілмеген
|
Бөлім: Ертегілер
|
Көрсетілімі: 19 772
Түсініктеме қосу
Ақпарат
Қонақтар тобында тұрған келушілер, осы жарияланымға түсініктеме қалдыра алмайды.