Сайт мәзірі
» » Өсімдіктер мен кемпірқосақ

Өсімдіктер мен кемпірқосақ

   Баяғы заманда жер бетіндегі өсімдіктердің барлығы тек жасыл түсті болыпты. Бір күні қатты жаңбыр жауып, олар қуанып, асыр салады. Жаңбырдың қалай басылғанын да байқамайды. Жапырақтар бетінде жаңбыр тамшылар қалады. Тамшылар да өсімдіктермен бірге ойнағысы келгендей түрлі түсті түске енеді. Дүние әдемі боп кетеді. Кенет өсімдіктер жаңбыр тамшыларынан әдемі біреудің өздерімен бірге күліп, ойнап, қуанғанын көреді. Оның сұлулығына таң қалады.
   - Сен кімсің? – деп сұрайды одан Алма.
   - Менің атым Кемпірқосақ, – дейді ол көзін қысып.
   - Сен жаңбыр суының ішіне қалай кіріп кеткенсің? – дейді Алма таңданысын жасыра алмай.
   - Мен жаңбыр суының ішінде емеспін, мен аспандамын, – дейді Кемпірқосақ.
   Аспанға қараған Алма тіпті таң қалады.
    - О-о-о, сен неткен сұлусың, Кемпірқосақ, мен де сіз секілді сұлу болсам ғой, шіркін,- дейді қызығып.
   Алма мен Кемпірқосақтың әңгімесін естіген Қызанақ:
   - Мен де сұлу болсам ғой, – дейді.
   - Менің де сұлу болғым келеді, – дейді Баклажан қалыспай.
   Сонда Кемпірқосақ:
   - Менің қай түсім ерекше ұнады саған? – деп сұрайды Алмадан.
   - Қызыл түсің, – дейді Алма.
   - Онда мен саған қызыл түсімнен берейін, – дейді де Кемпірқосақ Алмаға қызыл түсінен сәуле шашады. Алма қып-қызыл нарттай боп кетеді. Ол қатты қуанады. Оны көрген Қызанақ:
   - Менің де қызыл болғым келеді, – дейді тағатсыздана.
   - Онда сен де қызыл бол, – деп Кемпірқосақ Қызанаққа да қызыл түсінен сәуле жібереді. Лезде Қызанақ та қып-қызыл боп қуанышқа бөленеді.
   Сол сәт Баклажан:
   - Менің де қызыл болғым келеді, – дейді.
   Онда сен де қызыл бол, Баклажан, – деп Кемпірқосақ оған да қызыл түсінен бөліп береді.
   Бірақ Баклажанға қызыл түс ұнамай қалады. Ол:
   - Жоқ, менің қызыл түсті болғым келмейді. Маған көк түсің ұнап қалды, – дейді Кемпірқосаққа.
   Баклажанның мінезін ұнатпаған Кемпірқосақ:
   - Мен берген түсімді қайта ала алмаймын. Мә, саған көк түс, – деп қызыл түстің үстіне көк түсін шашып жібереді. Баклажан қою көк түсті болып шыға келеді.
   - Қалай түсің енді ұнады ма? – дейді оған Кемпірқосақ.
   Кемпірқосаққа ренжіп қалған Баклажан басын төмен қаратып бұртиып оған сөйлемей қояды. 
   Жеміс-жидектер мен көкөністердің бірінен кейін бірі әдемі түске еніп жатқанын көрген Қияр жапырағының арасынан шыға алмай біраз әуреге түседі.
   Дау Асқабақ маңғаз қалпы асықпай:
   - Менің сары болғым келеді, – дейді.
   - Сен сары бола ғой, Асқабағым, – деген Кемпірқосақ оған сары түсінен шашып жібереді.
   Сол сәт секіремін деп жапырақтарының арасынан сәл басы қылтиып көрініп қалған Қиярға сары түстің бір тамшысы тамып кетеді. Лезде-ақ Қиярдың басындағы жап-жасыл гүлі сап-сары боп шыға келеді. Қуаныштан беті бал-бұл жанған Қияр отыра қап басындағы сары гүлін тамашалауға кіріседі.
   Ал Асқабаққа сары түс түгел жетпей, оның денесінде жасыл жолақтар қалып қояды. Бірақ Асқабаққа мына түсі де қатты ұнайды. Ол Кемпірқосаққа:
   - Рахмет саған Кемпірқосақ! Менің түсімдей түс ешбір өсімдікте жоқ-ау деймін. Мен осы түсіммен қаламын, – дейді жадырап.
   Бағанадан бері айналасындағы болып жатқан оқиғаға ұйқылы ояу қарап жатқан Қарбызға Асқабақтың түсі ұнап кетіп ұйқысы шайдай ашылады. Ол да қалыспай Кемпірқосақтан әдемі бір түсті сұрап алайын деп ұмтыла бергенде, Кемпірқосақ жоқ болып кетеді. Қарбыз жасыл күйінде қалады. Содан бері ол Кемпірқосақтың шығуын күтіп үнемі аспанға қарап жататын болыпты.


Тегтер:
Қосты: Mukhanov_Marat
|
Автор: автор көрсетілмеген
|
Бөлім: Ертегілер
|
Көрсетілімі: 11 319
Түсініктеме қосу
Ақпарат
Қонақтар тобында тұрған келушілер, осы жарияланымға түсініктеме қалдыра алмайды.