Сайт мәзірі
» » Бойы бір қарыс, сақалы қырық қарыс

Бойы бір қарыс, сақалы қырық қарыс

    Бұрынғы өткен заманда бір кедейдің үш ұлы болыпты. Бүкіл өмірі байлардың есігінде өткен кедей өлерінде үш ұлын қасына алып отырып өсиет айтады. "Үйдің шығыс жағында бір жалмауыз бай бар, соған өлсеңдер де, жалданбаңдар", — дейді.
     Әкесі дүниеден қайтқан соң, үш баласы қызмет істеуге кіріседі.
Ең әуелі қызмет іздеп, ең үлкен ағасы үйінен кетеді. Ол көп уақыт жүріп, қызмет таба алмай, әкесі "барма" деген байға барады. Бай бұны көрген соң "хош келдің" деп қарсы алады. Бай бұған:
— Саған бір қызмет берем, соны орындасаң, жалшылыққа алам. Ал орындай алмасаң, басыңды алам, бәрібір басқа байларда жұмыс жоқ, — дейді. Кедейдің үлкен ұлы:
— Жарайды, жұмысыңды істеймін, — дейді. Бай жұмысының түрімен таныстырмақ болып кедей ұлына:
— Бір қара нарым бар, күніне қырық бөшке су ішеді, қырық арба құмалақ шығарады, қырық арба пішен жейді, осыны баға алсаң, қызметке аламын, егер бұны атқара алмасаң, басың алынады, — дейді. Жарлының үлкен ұлы жұмыстарды амалсыздан орындауға кіріседі. Алғашқы күннен кейін-ақ үлгере алмайды. Бай төрт-бес күннен кейін келіп көрсе, шөп те, су да жетіспей, қара нар арықтап қалған екен. Бай ашуланып, кедейдің үлкен ұлының басын алады.
   Жұмыс сұрап келген адамдарға бай осындай қолдан келмейтін жұмыс тапсырып, өлтіре беретін болыпты. Бұдан соң ортаншы ұлы да осы жолмен қаза табады.
   Ендігі үйде қалған кіші інісі ағаларын іздеп шығады. Оны жұрт "бойы бір қарыс, сақалы қырық қарыс" деп атайды екен. Бірқарыс ағаларын іздеп, көп қиындықтарды басынан өткізеді. Ақырында Бірқарыс зұлым байдың ауылына келеді. Бай бұны көріп қуанып, қарқылдап:
   — Ал саған жұмыс әзір, — дейді.
   — Қандай жұмыс? — дейді Бірқарыс.
   — Бір қара нарым бар, күніне қырық бөшке су ішеді, қырық арба құмалақ шығарады, қырық арба пішен жейді. Соны күтуің керек, егер күте алмасаң, басың алынады, — дейді. Бірқарыс күлімдеп:
   — Мақұл, нар деген мен ең көп баққан малым, бабын табармын, — дейді.
   Бірқарыс нарды күтуге кіріседі. Бай үйіне барып: "Қолыма қалай түспей кетер екенсің, бәлекетім", — деп масаттанады.
   Бірқарыс нарға барып, нарды пішен жейтін орнынан кейінірек, басын пішенге жетпестей етіп байлайды. Одан кейін төрт аяғын төрт қазыққа байлайды. Нар әрі ұмтылады, бері ұмтылады, шөп жеп, су іше алмайды.
   Бай бір күні келіп көрсе, нар ашығып қалған сияқты көрінеді, бірақ алдында пішен, су дегендер толып тұрады. Бай Бірқарысқа:
   — Бірқарыс, ана нарды отқа жібер, — дейді де, үйіне кетеді. Бірқарыс:
   — Құп, қожа! — деп қала береді. Бай кетісімен Бірқарыс нарды пішенмен қосып, отқа жібереді.
   Бай бұны көріп, ашуланып, Бірқарысқа келіп:
   — Нарды өртегенің не? — дейді. Бірқарыс:
   — Байеке, ана нарды отқа жібер, — деп өзіңіз бұйырған соң, сізге, асылы нардың керегі болмай қалған ғой деп отқа жібердім, — дейді. Бай Бірқарыстан жай құтыла алмайтынын сезіп, оны бір қиын жұмысқа жұмсағысы келеді.
   Бай бір күні Бірқарысты шақырып, алыстағы Ақсақ Темір ханның жүйрік қара арғымағын қалайда әкеліп беруін талап етеді.
   Бірқарыс разы болып, "Қара арғымақты әкелген соң, барлық мүлкіңнің тең жартысын бересің", — дейді байға. Бай ішінен: "Бәрібір қара арғымақты әкеле алмас", — деп ойлап, мүлкінің тең жартысын беруге келіседі.
   Бірқарыс байдың бір жүйрік атын мініп, жолға шығады. Бірнеше күндер, апталар жүріп, Ақсақ Темірдің еліне де жетеді.
   Келсе, Ақсақ Темір ханның елінде бір үлкен той болып, ат шабысына әзірленіп жатыр екен дейді. Көптеген жерлерден келген аттар мен Ақсақ Темірдің қара арғымағын бәйгеге қосады.
   Бірқарыс та астына үлкен құс жастық салып, бұ да өз атымен бәйгеге қосылады. Аттылар бәйге төріне барып, аттарды қоя бергенде, Бірқарыс алдынан оза отырып, құс жастықты жарып жіберіп, жүнін бәйгеге қосылғандар алдына қарай бората береді. Бәйгешілер көздері бұлдырап, ештеңе көрмей, аттарының басын басқа жаққа бұра жөнеледі. Қалғандары лағып шығып кетеді.
   Бәйгеден тек Бірқарыс бұрын келеді, одан соң Ақсақ Темірдің қара арғымағы келеді.
   Ақсақ Темір бұны көріп, табанда ашуланып, қара арғымаққа мінген адамын табанда өлтіреді де, Бірқарысты шақырып алып:
   — Қонақ! Мал ал, алтын ал, не алсаң да, атынды бер, — дейді. Бірқарыс:
   — Хан тақсыр, алыңыз, бірақ маған қара арғымағыңызды беріңіз, елге мініп қайтайын, көлігім жоқ жөне де бір мың ділда алтын беріңіз, — дейді. Есінен танып қалған Ақсақ Темір:
   — Ал… ал… ал! — деп Бірқарыстың атының басын ұстай береді.
   Бірқарыс Ақсақ Темір елінде қонақ болып жатып, ханның қара арғымағын және бір мың ділда алтынын алып, еліне қайтады. Жолда бірнеше күндер жүріп, байдың еліне келеді. Байға қара арғымақты беріп, уәделі мүлкін сұрай бастайды. Бай Бірқарысқа:
  — Мүлкімнің тең жартысын аласың ғой, бірақ менің үйімдегі барлық жұмысты істейтін боласың, — дейді. Бірқарыс оған да көнеді.
   Бірқарыс байдың барлық жұмыстарын мүлтіксіз орындап, қайткенде айтқан уәдесін орындатуды ойлайды. Бай Бірқарыстан қорқып, қашпақшы болады. Бұны Бірқарыс сезеді де, байдың жол азық салған сандығының түбіне тығылып жатып алады.
   Бір күні түнде бай әйелімен екеуі түн ортасында сандықты арбаға салып қашады. Жолға шығып, ұзаған соң бай: "Уһ, енді құтылмасақ, Бірқарыс бізге күн бермес", — деп қояды. Бірқарыс сандық ішінде жатып: "Я, құтылдың!" — дейді. Бай әйеліне:
   — Апырай, даусының құлаққа естіліп тұрғанын-ай! — дейді. Тағы біраз уақыттар жүріп, елден әбден ұзаған соң: "Құтылдым, құтылдым!" — дейді бай. Бірқарыс қатты дауыстап: "Я, құтылдың", — дейді. Бай ашуланып:
   — Құтылдым, құрғырдың даусы, қайдан естіліп тұрсың? — дейді. Бірқарыс тағы да:
   — Құтылдың, бәсе құтылдың! — дейді. Бай мен әйел құрғырға не болды деп құлақтарын баса қояды.
   Екінші күні кешке таман Бірқарыс сандықтың ішінен шыға келеді. Бай мен әйелде үрей қалмайды.
   Кешке құдық басына қонады. Бірқарыс та баймен бірге отырып алады. Бай ішінен Бірқарысты түнде құдыққа тастап жіберуді ойлайды.
   Түн ортасы ауғанда бай мен әйелі ұйқыға мас болып жатқанда, Бірқарыс байдың әйелін өз орнына салып, өзі байдың қасына жатып алады. Бай бір уақытта оянып, Бірқарыстың орнындағы өз әйелін сүйреп апарып құдыққа салып жіберіп, орнына келіп жата қояды.
   Ертең ерте бай әйелін оятайын десе, қасында жатқан — Бірқарыс. Бай жалма-жан атын жегіп, қаша жөнеледі.
   Бірқарыс артынан қуып береді. Бай қалың тоғайға тығылады. Бірқарыс тоғайға өрт жібереді. Бай тоғаймен өртеніп кетеді. Бірқарыс байдың ауылына барып, барлық малдарын айдап еліне келеді.


Тегтер:
Қосты: Mukhanov_Marat
|
Автор: автор көрсетілмеген
|
Бөлім: Ертегілер
|
Көрсетілімі: 11 327
Түсініктеме қосу
Ақпарат
Қонақтар тобында тұрған келушілер, осы жарияланымға түсініктеме қалдыра алмайды.