Балалар әлемі » Ертегілер » Қазақтың бұрынғыдан қалған сөзі
Қазақтың бұрынғыдан қалған сөзі
(Жыл басы)
Қазақтың есептерінде жылдан үлкен мүшел дегендер бар. Мүшел – он екі жыл болады. Сол жылдардың аттары әр хайуанның аттарына ұқсайды. Мысалы: Әуелі жыл мүшелде – тышқан, екінші – сиыр, онан соң – барыс, қоян, ұлу, жылан, жылқы, қой, мешін, тауық, ит һәм доңыз. Сол жылдарды білетін қазақтарға кісінің қай жылда туғанын айтса, адамның жасын тауып береді.
Бұрынғыдан қалған сөздер бойынша сол хайуандар жыл ағасы болуға дауласыпты. Сонда жылқы айтыпты: «Мен адам үстіме мінсе, алысын жақын етемін, менің күшім болса, көреді, сүтім болса, ішеді, қылыма шейін арқан, жіп еседі, адамға менен пайдалы мал жоқ, жыл ағасы мен боламын», – дейді. Түйе айтты: «Сен адамның жұмысын қыласың, арпа, сұлы, шөп асайсың, тамағың үшін құл болдың. Міне, мен, сен көтере алмайтын ауырды көтеріп неше айлық алыс жолдарға барамын. Аш болдым деп арпа, сұлы сұрамаймын, көде болса көде, жусан болса жусан, не кез келсе соны қорек етіп, табылса, су ішіп, табылмаса, шөлде де жолға жүре беремін. Жыл басы болу маған лайық», – дейді.
Сиыр айтты: «Адам егін ексе, меніменен егеді, сүтімді ішеді, құрт-май істейді», – деп.
Қой айтады: «Мен болмасам, қазақ үйін немен жабар еді? Жүнімді алып киіз істейді, жабағымменен киіз тігеді, арқан-жіп істейді, сүтімнен құрт-май алады», – дейді.
Ит айтты: «Мен болмасам, сендердің көбіңді не ұрлап, не қасқыр жеп тауысар еді. Сендердің баршаларыңның мен бақташыңмын, дұшпан көрінсе, үріп, абалап иеме хабар беремін».
Тауық айтты: «Мен болмасам, кісі ерте тұрып жұмысына бармай ұйықтап қалар еді. Мен таңертең тұрып шақырып, хабар айтамын «таң атты» деп. Көп отырса, «жұмысыңнан қаларсың жатар уақыт болды» деп, түн ортасында шақырамын, кеш болса, тағы шақырамын, «мезгіл болды» деп», – дейді.
Тышқан не айтарын білмей тұрды да, бір түрлі қулық ойлап, жиылған көпке айтты: «Бұл таласқанмен ешнәрсе өнбес, күнді қарап тұралық та, кім бұрын көрсе, сол жыл басы болсын», – дейді.
Өзгелері қарап тұрғанда, түйе өзінің биіктігіне сеніп, «менен бұрын кім көреді» деп, тышқанның сөзін қостап, бәрі де қарасып тұрды. Біраздан соң тышқан жорғалап түйенің үстіне шығып, өркешінің басына мінді де отырды. Мұнан соң күнді бәрінен бұрын тышқан көріп, хабар беріп, жыл басы болғаны.
«Түйе бойына сеніп құр қалды», – деген сөз осыдан қалған екен.
Түсініктеме қосу
Ақпарат
Қонақтар тобында тұрған келушілер, осы жарияланымға түсініктеме қалдыра алмайды.