Сайт мәзірі
» » ӨТІРІКШІ ТАЗША

ӨТІРІКШІ ТАЗША

ӨТІРІКШІ ТАЗША


Ертеде бір хан жұртына жар салыпты. Кімді-кім менің алдыма келіп, мүдірместен қырық ауыр өтірік әңгіме айтып өтсе, соған сұлу қызымды беріп күйеу қыламын, және өзіме уәзір қыламын, егер айтқан әңгімесінің ішінде рас әңгіме болса басы кесемін», — депті.

Әр жерден ханның қызын алып, уәзір болуды сүйгендер келіп ханның алдында қырық ауыз өтірік әңгіме сөйлеймін дегендердің бәрі де ұйқастырып айта алмай өліп кетіпті. Кейбіреулер айтармын деп құшырланып келсе де жүрексініп, ханның алдына кіре алмай, сырттан қайтыпты. Ақырында он жасар таз бала келіп, ханның алдына жүгініп отырып, қырық ауыз өтірік әңгімені былайша бастап айта беріпті.

«Тумай тұрғанымда әкемнің әкесінің жылқысын баққан екемін, жаздың орта шілдесінде жылқыны суарайын деп көлге айдап келсем: ыстықтың өткірлігінен көлдің суы кісі бойы қол ұсыным қалыңдығы мұз болып қатып қалған екен. Балтаменен ұрдым ойылмады, сойылмен де ұрдым ойылмады, ақырында қолыммен басымды жұлып алып, кеңірдегімнен ұстап тұрып шекеммен бір тық «еткізгенімде мұз ойылып, мың жылқы бірден жайылып су ішетін суат ашылды.

Жылқым мұздың үстінде жайылып, жатканда санамай, түстемей, түгендегенімде алты құлаш ала бие деген бір бием көрінбеді. Құрығымды мұзға шанша салып, басына шығып қарап едім көрінбеді. Құрығымның басына пышағымды шаншып оның ұшына шығып қарап едім, тағы көрінбеді. Дереу пышағымның басына қынымды шанша салып, енді шығып қарағанымда көрінді. Айшылық теңіздің аралында бір тасқа шығып құлындап қалған екен.

Дереу құрығымды қайық қылып, пышағымды ескек қылып суға түсе қалғанымда, шым баттым. Жалмажан пышағымды қайық қылып түсе қалғанымда, көз ашып-жұмғанша теңізден өте шықтым. Биеге мініп, құлынды алдыма өңгеріп, суға түсе қалғанымда шым баттым. Жалмажан құлынға мініп, биені алдыма өнгеріп едім, теңізден көзді ашып-жұмғанша өте шықтым.

Баяғы мұздың үстінде жайылып жатқан жылқымның ішін аралап жүрсем. Бір жерде бітпеген қу тобылғының түбінде тумаған ту қоян жатыр екен, садағымды ала салып, оғымның масақ жағыменен атып едім өтпеді, масақ жағын кіріске қойып, киіз жағымен атып едім, жалп ете түсті. Қоянның майын алайын, етін пісіріп жейін деп атымды бір қу қазыққа байлай салып, етегіме тезекті тере бердім.

Бір уақытта қарасам, атым бір сыбдырлаған нәрседен үркіп жүр екен. Жалмажан етегімдегі тезекті төге салып, атыма жүгірейін десем, манағы тезек деп тергенім бөдене екен, пыр-пыр-пыр ұшып кетті. Атымды қу қазық деп байлағаным аққудың мойны екен. Атым соның қанат қағып, далбырлағанынан үркіп жүр екен.

Сонан соң манағы қоянды сойып, етін бір қазанға, майын екінші қазанға салдым. Бүтін қазанға ерткенімде майы ағып тұрды, тесік қазанға салып ертіп едім, ақпастан еріді. Бір өгіз қарын толы май алып, енді етін пісіріп жейін деп, қолыма алып, аузыма апарғанымда есіме түсті, басым, баяғы мұз ойған жерде ұмытып қалған екен. Қоянның етін қолыммен өңешіме салып ішіме толтырып алдым да, содан кейін барып басымды алып келдім. Манағы ерітіп алған өгіз қарын майменен етігімді майлап едім, біреуіне жетті, біреуіне жетпеді.

Түнде ұйықтап жатқанымда бір нәрсенің сарт-сұрт болып жатқан даусынан оянып қарасам, екі етігім төбелесіп жатыр екен.

Біреуі айтады: саған май жақты маған май жақпады. Біреуі айтады: аузыңның салымсыздығынан көрмей, менен көресің дейді. Екеуін жұдырықпенен шекелеріне бір-бір қойып, екі жамбасыма басып, жата бердім. Таң аткан соң қарасам: манағы жақпаған етігім түнде қашып кетіпті. Қалған бір етігіме екі аяғымды тығып алып, ізіне түсіп қуып кеттім.

Өліп-талып, ақырында ас беріп жатқан ұлы жыйын елдің үстінен шықтым. Қарасам: табақ тартып жүрген боз балалардың ішінде баяғы қашқан етігім табақ тартысып жүр екен. Мені көре сала кешегі маған жағуға қыймаған майың үшін деді де, бір табақ қазы-қарта, жал-жая, аппақ майды алып келіп алдыма қойды.

Осының бәрі көргенім, естігенімді айтсам бұдан да көп, — деп, өтірікші тазша сөзін бітірді

Хан оған қызын берді. Ол бай болып, барша мұрадына жетті.

Тегтер:
Қосты: Mukhanov_Marat
|
Автор: автор көрсетілмеген
|
Бөлім: Ертегілер
|
Көрсетілімі: 6 871
Түсініктеме қосу
Ақпарат
Қонақтар тобында тұрған келушілер, осы жарияланымға түсініктеме қалдыра алмайды.