Сайт мәзірі
» » МҰЖЫҚ МЫРЗАМЕН ҚАЛАЙ ТАБАҚТАС БОЛДЫ.

МҰЖЫҚ МЫРЗАМЕН ҚАЛАЙ ТАБАҚТАС БОЛДЫ.

МҰЖЫҚ МЫРЗАМЕН ҚАЛАЙ ТАБАҚТАС БОЛДЫ.

(Белорус ертегісі)

Күндердің күнінде тал түбінде темекіні тартысып, өткен кеткенді айтысып, бірде гүжілдеп күлісіп, бірде болмасқа ерегісе қалып, мұжықтар отырды.

Мұжықтар отырып мырза туралы; әңгіме қозғады. Бір мұжық:

– Ол сондай қатты, сараң: бұлттанған күндей өмірі қабағын ашпайды. Шөлдеп өліп бара жатқанда бір қасық су да сұрап іше алмайсың. Мұндай оңбаған қайрымсыз қатты, сараң мырзаны көрсем көзім шықсың, тфу! – деді. Екінші мұжық тұрып жатып ерегісіп:

– Әй шіркіндер! су сұрап іше алмасаңдар сендер сұрап іше алмай жүрген шығарсыңдар, егер мен қаласам су былай тұрсын, мырзаның өзімен бірге отырып тамағын да іше аламын.

Мұжықтар шу ете түсті. Ерегісті, ерегісті де

– Егер сен өтірік айтпай, мырзаның үйінен тамақ ішсең біз саған қос өгіз береміз десті.

Қол алысты, сөз байласты.

Мұжық мырзаның үйіне келді. Құрметпен иіліп сәлем берді. Сәлемдесіп алған соң сыбырлап қана:

– Қайырымды, кешірімді мырза, мен ешкімге ешнәрсе айтпастан өзіңізден сұрайың деп алдымен сізге келдім: Айта қойыңызшы, кешірімді мырза, мынадай алтын қанша тұрар еді. – деп, мырзаға өзінің тоқпақтай жұдырығын көрсетеді.

Алтын деген сөзді естіп, мырзаның көзі жайнай түсті. Жайнай түсті де:

– Үйге кір, үйге кір мұжығым, — деді.

Мұжық үйге кірді. Әлгі сөзін қайталап, айта берді.

– Айтыңызшы, кешірімді мырза, егер мынадай алтын болса қанша болар еді. – деп, жұдырығын қосып көрсетті.

Ол жерге келгенде алтынға арын сататын сараң мырза шыдай алмай дірілдеп, қалшылдап:

– Отыр, мұжығым, отыр, бір шынаяқ ішіп жібер, – деді.

– Кешірімді мырза, келісер ме құр арақ, тіске басып шайнар болса, оған, – деп қойып, – айтыңызщы, қайырымды мырза, егер осындай алтын болса, қанша болар еді, – деп, басын көрсетті мұжық. Осы кезде мырза алақанына түкіріп қойып, өзінің қызметшілеріне:

– Арақ әкеліңдер, арақпен бірге шарап әкеліңдер, борщы да болсын, майға пісірген наны да, қуырдағы да болсын, келтіріңдер, – деп айқай салды.

– Отыр мұжығым тамақ ішейіқ, – деді.

Мұжық отырды, мырзамен бірге тамақ ішті. Арақ-шарап ішті. Мұжықтың алтынының қайда екенін білгісі келіп мырза өліп бара жатыр. Мұжық мырзаның асын ішіп отыр:

– Ғасыр бойы мұндай дәмді тамақ ішіп көргенім жоқ, – деп, сыпырып, соғып жатыр.

Мұжық асын ішіп үлгермей-ақ, мырза телпегін, ұстай:

– Жүр мұжық, алтының қайда, алып бар, – деді.

Мұжық асықпай шылымын тартып алып, басын шайқап:

– Өй мырзашым, ондай алтын менде жоқ қой, егер ондай алтын болса, мен оның бағасын қанша болады деп сұрар ма едім сізден, – деді.

Мырза ашуланып, жарылып кете жаздады. Мұжыққа айқай сап:

– Кет, жоғал, батыр қараңды ақымақ! Мәздем! – деді.

Мұжық оған жауап қайырып:

– Әй мырза, мырза — қайырымды мырза, мен оншалықты ақымақ емеспің, сен сықылды сараңды алдап тамағын ішқеніме мүйізі қарағайдай екі өгіз аламын, – деді.



Тегтер:
Қосты: Kz_ref_Mara
|
Автор: автор көрсетілмеген
|
Бөлім: Ертегілер
|
Көрсетілімі: 2 203
Түсініктеме қосу
Ақпарат
Қонақтар тобында тұрған келушілер, осы жарияланымға түсініктеме қалдыра алмайды.