Сыйлық
Содан берi қаншама 8 март мерекесi өттi екен?.. Бәлкiм, жиырма шақты шығар. Қанша жыл өтсе де сол көктем мерекесiн езу тарта еске аламын кейде.
Бастауыш класта оқып жүрген кезiмiз едi. Адыңғы партада отыратын Ерiк есiмдi ақ сары бала үлкен үзiлiсте ораулы түйiншек ұсынды. Жан-жағыма алақтай бiр қарап алып, орауын аштым. Ақ бантик пен «Кармен» атты иiс сабын бар екен. «Карменнiң» сыртындағы орауышы да әп-әсем. Иiскеп көрмек боп ендi ұмсына бергенiмде:
– Қараңдаршы, қыздар, Ерiк мынаған әдемi сабын сыйлапты, – деп бiр қыз жерден жетi қоян тауып ал-ғандай шар ете қалмасы бар ма?
Зәрем қалмады. Апыр-тапыр «сыйлықты» партаның астына жытыра салмақ едiм, үлгермедiм. Жан-жақтан жауша қоршап, араша талады «құрығырлар». Ақырын аңдап қарасам, менен басқаларының қолында бiр-бiр кiр сабын... Иә, кәдiмгi түйенiң табанындай кiр сабын. Құрбыларым менi сөзбен қажап, шуылдасып жатқанында қоңырау да соғылды-ау, әйтеуiр. Одан әрi не болды дерсiз? Не болушы едi – «Карменнiң» сыйлаушысын кластың алдына шығарып қойып, класс жетекшiмiз әбден шиқандай қызартты келiп...
– Этикадан мақрұмсың, мереке бәрiне ортақ, ал сен бiреуiне иiс сабын, қалғандарына кiр сабын сыйлап «есейiп» қалыпсың... Iстiң соңы Ерiктiң «шуылдақтардан» кешiрiм сұрауымен аяқталды. Алғашқы-соңғы құттықтауы да сол болды ма, одан кейiн де талай мере-кемiздi бiрге өткiзсек те «иiс сабынсыз», «кiр сабынсыз» қарсы алып, мектеп қабырғасынан бiз де түлеп ұштық...