«ДАНА» ҚОРАЗ
Ерте, ерте, ертеде бiр үйдiң «дана» қоразы болыпты.
Әу баста ол мекиендерi мен балапандарына құрт-құмырсқа iздеп, көң-қоқсықты бұрқырата шашып, елеусiз өмiр кешiп жатыпты. Кейде оны қауырсынының түсiне қарап, қызыл қораз деп те атайтын көрiнедi.
Бұл аулада үш-төрт мекиен мен жетi-сегiз балапаннан басқа, өмiрi ұйқысы қанбай, маужырап жүретiн Жолбарыс атты жалқау ит те тұрады екен.
Бiр күнi Жолбарыс үйiлген ағаштың бұрышында жападан-жалғыз боздап отырады.
Қасына қаңғалақтап қызыл қораз келiп:
– Қо-қо-қо-қақ, еш, пендеге залалың жоқ, сұғанақтықты бiлмейтiн, тойсаң да тоқ, тоймасаң да тоқ, маң-қиған сенi кiм ренжiттi? – дейдi таңыркап.
– Ренжiгенiм рас! Бұл үйден кетiп, көзiмдi құртамын! – Жолбарыстың әлгiден бетер жүнi жығылып, көзi жасаурайды.
– Қо-қо-қо-қоқ, жазған-ай, сонша жәбiрленетiндей не жазып қалып едiң? – деп, қызыл қораз шыдамсыздана топырақты жан-жаққа шашып-шашып жiбердi.
– Қоқылдап қоймадың ғой. Бәрiне сенiң ақ тауықтарың кiнәлi. Тегi өздерi желiгiп, бiр жерге тұрмайды-ау, тұрмайды. Бүгiн тағы бiреуiн осы маңды торуылдап, оңай олжаға кәнiгiп алған қу түлкi қағып кетiптi. Қожайын қатты ашуланды. «Маубас неме, тауықтар таусылғанда, қу түлкi өзiңдi сазға отырғызып кетедi. Ауладағы аз ғана тауықтарға ие бола алмасаң, барыңнан жоғың, табаныңды жалтырат!» – дедi. Бұл үйге күшiк күнiмнен келiп, бауыр басып үйренiп қалдым емес пе? Қатты күйзелiп, қай жаққа кетерiмдi бiлмей, басым қатып отырған жайым бар, қызыл қораз, – деп ағынан жарылды Жолбарыс.
Қызыл қораз одан бетер безiлдеп әбiгерге түстi. «Бiздiң қоразға не болды екен?» – деп, зәрелерi ұшып, балапандарын шұбыртқан мекиендер де жинала қалды. Қыт-қыттап, оған қызыл қораз қосылып, ауланы азан-қазан еттi. Мән-жайды естiп, бiлген мекиендердiң бiрi:
– Жолбарысқа көмектесуiмiз керек, – дедi ойлана. – Бiрақ қалай? Түлкiге қарсы тұрар қайрат та, жасар қулығымыз да жоқ.
– Қол қусырып отыра бермейiк! Түлкi туа айлакер болды деймiсiңдер? Бiздер де бiр амалын ойлап тауып, тiршiлiк етуiмiз керек. Жолбарысты қалай құтқарсақ екен? – Бұл ұсынысты жасаған қызыл қораз едi.
Жолбарыстың жанында қоқылдап қораз ғана қалды. Бiр кезде ол: «Таптым, таптым!» – деп, безiлдеп қоя бердi. «Мына шiркiнге не боп қалды?» дегендей Жолбарыс оған жаутаң-жаутаң қарады.
– Достым, мен амалын таптым. Қу түлкiнiң көзiне көк шыбын үймелейтiн болды. Бiлмеген айласы жер астында деп, айдар тағылған түлкiңдi ендi көрiп алдық...
– Естi алып, алыстан орағыта бермей, айтсаңшы бiрден, – дедi Жолбарыс шыдамсыздана.
– Тыңда! Түлкiнiң тауық етiн жақсы көретiнi рас қой! Рас! Бұдан былай тауық көрсе, тау айнала қашатындай болады.
– Па, шiркiн! – Жолбарыстың қызыл қоразға тiптен жыны келдi. Шоқиып отырған жерiнен көтерiлiп, кетуге ыңғайланды.
– Тоқта, достым! Түкеңе бiз мынадай айла жасаймыз. Ана бiздiң үйдiң бақшасының бас жағындағы тоғайды көрдiң ғой!
– Көрмегенде...
– Тоғайдың бергi бетiндегi дәу қайыңды бiлесiң ғой!
– Бiлемiн.
– Мiне, мен сол қайыңның бiр үлкен бұтағына қонақтап алып шақырайын. Ал сен көршi үйдегi тазы мен қызыл көз төбеттi ертiп, сол маңда жасырынып жатасың. Даусымды естiген қу түлкi құйрығын бұлаңдатып, менi жеуге жетiп келедi. Сол кезде сендер оны түс-тұстан қаумалап ұстайсыңдар. Оны қожайынға өзiң алып келесiң. Сонда қожайын сенiң ерлiгiңе таң қалып, кешiрiм жасайды.
– Әй, қо-қо-қоқ-қораз, мына бiр ұсынысыңның жаны бар тәрiздi.
– Бұл көкең бостан босқа сөйлемейдi! – деп қораз маңғазданады.
Қу түлкiнi қақпанға осылай түсiрмек болып келiстi.
Үлкен қайыңға жақын жерде жасырынып үш ит жатты да, қораз бұтақта қонақтап алып, бар даусымен шақырды. Айтқандай-ақ, қалың ағаш арасынан түлкiнiң тұмсығы көрiндi. Абайлап басып қайың түбiне жеттi.
– Әй, әңгүдiк, орманды өрт шалғандай айқайлағаныңа жол болсын? – дедi түлкi құйрығын бұлаңдатып.
– Бүгiн бiр мекиен жоғалып кетiп едi, соның құлағы шалар ма екен деп шақырғаным ғой!
– Ондай болса, босқа бақырмай, төмен түс! Ол мекиен жақын маңда! Бермен кел, жөн сiлтеп жiберейiн!
Түлкi «ақымақ» әтешке жолыққанына қатты қуанды. Сiлекейi шұбырып, тамсанып-тамсанып қойды.
– Қазiр, Түке! – деп, қызыл қораз «қо-қо-қо-қолап» достарына белгi бердi.
Түлкi: «Мынау ақымақтың ақымағы екен», – деп, қуанғанша болған жоқ, арсылдаған төбеттер қоршап алды. Қай жаққа қашарын бiлмеген ол, қатты састы. Тiсiн ақситып, айбат шеккеннен басқаға мұршасы келмедi.
Шала-жансар ұры түлкiнi Жолбарыс үйге алып келгенде, қожайын таң-тамаша болды. Осы күннен бастап қызыл қораз ауладағы тауықтар арасында «дана» қораз атанды. Тiптi тауық қорада:
Қызыл қораз данамыз,
Қорғанымыз, панамыз.
Бiз де айлакер атаның,
Түлкi аулайтын боламыз, –
деген өлең де тарады.
«Дана» қораз тағы бiрде тапқырлық көрсеттi. Оқиға былай болып едi.
Жексенбi күнi ауа райы күрт өзгерiп, нөсерлете жауын жауды. Жер-дүние қақ суына көлкiп кеттi. Қора жақта ұра бар едi. Ол да суға толды. Бiрер сағаттан соң жаңбыр басылып, жарқырап күн шықты. Қораз бен мекиен балапандарын шұбыртып, жауын суы шайып жер бетiне шығарып тастаған құрт-құмырсқаға кенелiп, мәре-сәре болып жүрген. Абайсызда балапандардың бiрi ұрадағы суға күмп еттi. Зәре-құты қашып, есi кеткен балапан кiшкене сап-сары қанатымен су бетiн сабалап шиқ-шиқ етедi. Жағада қыт-қыттап, байбалам салып, әрлi-берлi безектеп мекиен жүр.
Осы сәт қораздың есiне суда жақсы жүзе бiлетiн үйрек түстi. Жан ұшырып барып соны ертiп келдi. Үйрек келе суға түстi. Ол ұрадағы балапанды сыңар қанатымен қақпайлап отырып, жағаға шығарды.
Ендi «дана» қораздың даңқы бұрынғыдан да артты. «Дана» қораз: «Керек десеңдер, қасқырды қанжығаларыңа байлап, жолбарысты жетектетiп беруге де қулығым жетедi», – дейтiндi шығарды. Кез келген жерге кезiп кете беретiн болды. Жанашырлықпен айтылған ескертулердi құлағына iлмейтiн халге жеттi.
Сөйтiп, күн өткен сайын, қораздың даналығынан даңғойлығы артып кеттi.
Тоғайға барып қыдырып қайтпаса, көңiлi көншi-мейтiн. «Бұлтпен таласқан теректiң бұтағына шығып алып, қасқыр ма, түлкi ме, әйтеуiр, жыртқыштардың бiрiн шақырып едiм, жоламады. Мен туралы түгелдей хабардар болғанға ұқсайды. Тегi, аң атаулы менен өлердей сескенедi», – деп мақтанатынды шығарды.
Өстiп даңғойланып жүргенде, ол бiрде зым-зия жоғалды да кеттi. Даңғойдың қандай аңға жолығып, кiмге қолды болғаны да белгiсiз.
КЕШIРIМ
Тұрсын мектептен көңiлсiз қайтты. Үн-түнсiз отырып, тамағын iштi. Бiр кезде:
– Апа, әлгi бiздiң көшенi сыпыратын атай ауруханаға түсiп қапты, – дедi.
– Ә, иә, бұл бейнет дегенiң де тiлсiз жау екен ғой. Құрал-жабдықтарын қоятын үйшiгiнiң төбесiн жөн-деймiн деп жүрiп, мертiгiптi, байғұс. Өткен сенбiде екi-үш бала үйшiк төбесiнiң қара қағазын жыртып, iшiне түсiптi. Көше сыпыратын сыпырғыларын алса керек. Бейбастақ балалар өйтiп бүлдiргенше, сұрап алмай ма? Үйшiктiң сап-сау төбесiн бүлдiрiп, алып шыққан сыпырғыларын айдалаға тастап кетiптi. Ондай берекесiздер өйтiп мектеп айналасын тазалағанша, ол жұмысқа қатыспай-ақ қоймай ма?
Сөйлей жүрiп, апасы жұмысына жиналды.
– Апа, ұрыспайсыз ба? – дедi Тұрсын қипақтап.
– Не үшiн? Екiлiк алғаннан саумысың?
– Жоқ, екiлiк емес, одан да жаман...
– Жұлқысып келiп отыр екенсiң ғой. Жетпегенi сол едi!.. Бәсе, желкеңдi сипалай бергенiңнен-ақ бiр пәленi iшiм сезiп едi.
– Апа, айтайын дегенiм, аула сыпыратын атайға барсам деймiн. Халiн бiлiп, кешiрiм сұрайын.
– Хал сұрағышын. Қақты-соқтымен жұмысы жоқ деп жүрген бала сен болсаң, көгертедi екенсiң!.. Дәп қазiр бар. Жалғыз емес, қасыңда болған нөкерлерiңдi де ертiп ал. Сендердiң кешiрiм сұрағандарыңнан атып тұрып, шапқылап кете қоймас. Сөйтсе де жан жарасына себi тиер.
Апасы жұмысына кеттi. Тұрсын аула сыпыратын қарттың көңiлiн сұрай барды.
– Бiр қателiк өткен шығар. Ештеңе етпес, бәрiнен де қателiктерiңдi түсiне бiлгендерiң жақсы. «Көл бақасыз болмас, адам қатесiз болмас», – дедi қарт.