Сайт мәзірі

АЛТЫН БАЛА

Күләш апай ас дайындап жүр. Тамақтың қамырын жаймақ боп дайындаған суының тұзын көрдi де, қабағын шытты:

– Қап, ұмытып кетiппiн-ау... Зәукен, тез Нағима апаңның үйiнен тұз әкеле қойшы!..

Зәукен «жарайды» деп, тұра жөнелдi. Күләш апай қамырын илей алмай тосып отыр. Зәукен келмедi. Әрi күттi, берi күттi. Ақыры шыдамы таусылды.

– Әлгi жүгермек қайда жоғалып кеттi? – деп далаға шығып едi, масаттанып келе жатқан ұлына ұшырасты. – Тұз қайда?!

– Апатай, ұмытып кетiппiн... – дедi де, қайта жүгiрдi. Екеуiнiң сөзiн естiген Бейсен Ақсақал дәуiрлеп қоя бердi:

– Зәукенге кейiме, келiн! Ол азамат болады. Оны кешiктiрген мен едiм. Үш-төрт күннен берi радиомыз сөйлемей қалған. Бала-шағаға «сендер бүлдiрдiңдер» деп кейiп жатыр едiм. Зәукен жетiп келдi. «Радионың ұстасы қайда?» деп сұрадым. Ол: «Мен жөндеймiн» дедi. «Қой, бұзып аласың» деп сенбеп едiм, ол радионы айналдыра қарады да: «Жөндеуге болады, ата. Мен осыны жөндейтiн үйiрмеге қатысамын» дедi. Рационың қобдиын ашып көрдi. Жiңiшке қызыл сымды бiр бұрандаға қосып бекiтiп едi, радиом саңқылдай жөнелдi. Ой, азамат екен өзi!..

– Зәукендей бала жоқ, алтын бала! Өмiрi ұзақ болсын! – деп Нағима апай да, ақ тiлеуiн айтып жатыр. – Кеше су ала алмай жатыр ем, жүгiрiп келiп су алып, үйге жеткiзiп бердi.

Күләш апайдың көңiлi судай тасыды. Қуанышы қойнына сыймай, шаруасы есiнен шығып кеттi.

– Неге келiп ем, осы? – деп сасқалақтады.

– Тұзға! – дедi Зәукен қолындағы тұзды шешесiне ұсынып.

 


ТАЛАП

Кеше машинамен аулаға теңiздiң ақ қиыршық құмы төгiлдi. Қатар-қатар үйiлген төмпешiк құм жоталанып жатыр. Балалар кешеден берi мәз-мәйрам. Шымыр денелi, пысығы – кiшкентай Нұрталап. Таудай құмның бауырында екi космос кораблi тұр. Бiреуiнде «Сұңқар», екiншiсiнде «Аққу» деген жазу бар. Корабльдердiң бүйiрлерi күнге шағылысып, жарқ-жұрқ етедi.

– Нұрталап Қаматов қайсың? – деп сұрады арнаулы бақылау аппаратында отырған Задагүл.

– Мен!.. – дедi үстiне космонавт костюмiн киген өткiр көздi қара бала. Дәрiгер космонавтың жүрегiн тыңдап, тынысын байқады. Сонан соң ауланың ортасындағы карусельге айналдырып сынады. Нұрталап сыннан бөгетсiз өттi.

– Жарайсың!.. – дедi Задагүл. – Қандай қиыншылық болса да төтеп бере аласың.

Нұрталап дәрiгердiң ақыл-кеңесiне дән риза. Екi езуi екi құлағында. Масаттанып тұр. Достарымен қоштасқан күнi космос кораблiне мiнуге оңтайланып едi:

– Нұрталап-ау, Нұрталап! – деген дауыс саңқ ете қалды. Ол жалт бұрылып:

– Ау-ау! Мен мұндамын! Апасы екен балконнан қараған.

– Мектепке баратын уағың боп қалды. Үйге кiр. Жуын. Тамақтан. Бол, тезiрек!

Нұрталап шешесiнiң шақырғанына қынжылып, қабақ шытты. Мұны байқаған Задагүл:

– Жарайды, бүгiн демал! Ертең мiндеттi түрде ұша-сың! – дедi. Нұрталаптың жүзiнен қуаныш сәулесi жарқ ете қалды.


Тегтер:
|
Автор: автор көрсетілмеген
|
Бөлім: Әңгімелер
|
Көрсетілімі: 8 840
Түсініктеме қосу
Ақпарат
Қонақтар тобында тұрған келушілер, осы жарияланымға түсініктеме қалдыра алмайды.