ҚОНАҚ НАУРЫЗ
Түн жарымнан ауған кез. Арқабай шопан үйге кiрiп, сәл дамылдап алайын деп, төр алдына жантайып едi, көзi iлiнiп кетiптi. Кенет есiк тықылдады.
– Бұл кiм, әй? – дедi Арқабай. Сырттан «Мен» деген бәсең дауыс естiлгендей болды.
– Менiң кiм?
– Наурызбын ғой.
– Наурызы кiм? Ондай адам жоқ едi ғой бұл маңда.
– Түү-ү, ұмытып қалғансыз ба, жыл сайын осы уақытта қонаққа келiп тұратын едiм ғой.
– Әй, малшыларға қонаққа келетiн адам көп, оның қайсыбiрi есте қалады.
– Мейлiң, ашпасаң, ашпай-ақ қой есiгiңдi. Өзiң сыртқа шығып, қой қораңды қарашы!
Сол-ақ екен. Шопан атып тұрып, жалма-жан киiндi. Сыртқа шықты да, қой қораның есiгiн ашты. Қараса, есiктiң тап қасында қоңыр саулық қозылап қалыпты. Егiз қозысы аяғын апыл-тапыл басып, енесiнiң бауырында тұр. Арқабай жас қозыны көтерiп алып, басынан сипады.
– Мезгiл жеткен екен ғой...