АҚЫЛДЫ ТЕНТЕК
Менiң iнiм ептеп сотқарлау. Дұрысын айтқанда, тәртiбi – «Үш». Мұғалiмнiң өзi солай бағалаған. Менiң тәртiбiм де, оқуым да «Бес». Әжем болса, менен гөрi iнiмдi жақсы көредi. Оны «Ақылды тентек» деп атайды. Өзi ақылды, өзi тәртiптi оқушының болатыны рас. Өзi ақылды, өзi тентек оқушы бола ма екен?.. Ойда жоқта бұл сөздiң жұмбағы шешiлдi.
Көктем шығып, жер көгере бастаған. Iнiм әдетiнше мектептен келе, сөмкесiн лақтырып тастады да, қозы-лақтарды өзеннiң жағасына бағуға айдап әкеттi.
«Ақылыңнан айналайын, қозы-лағым аш қалды деп, өзiнiң нәр татпай кеткенiн қарашы», – деп, әжем оның соңынан тамақ апарып бермек болды.
Кешке жақын iнiм келдi. Үстi-басы малмандай су. Жанында балалар бар. Шошып кеттiк. Сөйтсек, кiшкентай ақ қозы өзенге түсiп кетiптi. Алып шығуға ешбiр баланың батылы бармапты. Iнiм өзеннiң мұздай суында қорықпай жүзiп, ақ қозыны құтқарып алыпты. Iнiме сенбеп едiм, балалардың бәрi: «Бiз көрдiк, рас!..» деп, шу ете қалды.
Мен таң қалдым. Егер өзiм болсам, сол жерде ақ қозыны құтқарып қалар ма едiм, әлде не iстерiмдi бiлмей, ауылға жүгiрер ме едiм? «Ақылды тентектер де болады екен ғой» деп ойладым, үстi малмандай су iнiме қызыға қарап.