Сайт мәзірі

МЕЙIР ШӨП

Көршi ауылда Нұрлан деген бiр инабатты, қайырымды бала бар екен. Бiреудiң басына қиындық түссе, шұғыл көмектесiп жүрiптi.

Нұрланның үйiне Шәпи деген қарттың үйi көршi екен. Ол ете әңгiмешiл, мейiрiмдi кiсi болыпты.

Шәпи ақсақал бiр күндерi сырқаттанып, төсек тартып жатып қалыпты. Бiрте-бiрте тамағынан ас-су өтпеу-ге айналыпты.

Қарттың сырқаты бүкiл ауылды күйзелтiптi.

– Ақсақалдың бетi берi қарайтын емес. Бұл өзi әлi сыры ашылып, шипасы табылмаған сырқат қой. Дәрiгерлерден де, дәрi-дәрмектен де қайран болмай тұр! – деп, мұңайыпты Шәпи қарттың туыстары.

Бұл жағдай Нұрланның да қабырғасын қайыстырыпты. «Шiркiн, дәрi-дәрмек ем болмаса, ем болатын бiр ғажайып шөп тауып әкелiп берер ме едi», – деп армандапты ол. Нұрлан бұл ойын үйдiң көлеңкесiнде оңаша отырып, даусын шығарып айтқан екен.

– Бос армандағанша, тауға шығып iздемейсiң бе? – дептi бiр дауыс.

Нұрлан дауыс иесiн iздеп, әрi-берi қараса, аяғының астында жатқан Шәпи ақсақалдың көк төбетiнен басқа тiрi пенде көзiне түспептi.

– Iздемей-ақ қой. Айтып жатқан менмiн. Ақтабанмын ғой, – дептi әлгi ит. – Егер шипалы шөп iздеп шыға қалсаң, серiгiң өзiм боламын.

– Екеуден-екеу қалай жүрмекпiз тау арасында. Қасқыр кездесiп қалса қайтемiз? – дептi Нұрлан.

– Оған қам жеме. Қасқырдың оттан қорқатынын ұмытпа, сондықтан қолыңа шам ал. Жол қапшығыңды өзiң көтере алатындай етiп, малта, кепкен нанға толтыр. Айтпақшы, пышақ, қармақ алуды ұмытпа. Жолға керек болады. Сонан соң тiрi пенденiң көзiне түспей, сапарға шығамыз. Былай шыққан соң, шипалы шөп жа-йында жолыққан аң мен құстың бәрiнен сұрай беремiз.

– Олар бiле қояр ма екен? – дептi Нұрлан Ақтабан-ға сенiңкiремей қарап.

– Бiрi бiлмесе, бiрi бiледi.

– Бiлген күнде айта қояр ма екен бiзге?

– Айтады. Бiз зұлымдық үшiн емес, iзгiлiк үшiн iздеймiз ғой.

– Жарайды, ендеше, таңертең шығып кетейiк, – дептi Нұрлан, кешке дейiн қайтып ораламыз деген оймен.

Ертеңiне Нұрлан мен Ақтабан ойнаған болып жүрiп, ауылдан ұзап кетiптi. Екеуi жүре-жүре, таудан сарқырай құлап ағын жатқан бiр асау өзеннiң жанына аялдапты. Дорбасынан кепкен наны мен малтасын шығарып, күш жиыпты.

– Ал ендi қармағыңды суға сал, бұл өзенде хан балық деген ғажайып балық бар, – дептi Ақтабан.

Нұрлан қармағын суға лақтырып, қалтқыны бағып отырса, ағын екпiнiмен ағып келе жатқан бiр мақұлыққа көзi түсiптi.

– Ақтабан! Ақтабан! – дептi, жағалауды тұмсығымен сүзгiлеп жүрген серiгiн шақырып.

Ақтабан суды шалпылдатып жетiп келiптi де, мақұлыққа ұмтылыпты. Асау ағынмен арпалысып жеткен бетте, мақұлықты құлағынан тiстеп, сыртқа алып шығыпты.

– Мынау аюдың қонжығы ғой! – деп таңданыпты Нұрлан, мақұлықты әрi-берi қарап. Қолтығына қолын сұқса, жып-жылы. Жүрегi де соғатын секiлдi. Суды көп жұтып, тұншығып қалса керек. Iшi кеуiп кетiптi.

– Қой, бұған жедел көмек беру керек екен! – деп Нұрлан, оған үлкендерден көргенiн iстеп, әуелi басын ылдиға қаратып жатқызып қойып құстырыпты.

Әлден уақыттан кейiн қонжық көзiн ашыпты. Ол есiн жиған соң, Нұрлан оған малта, кепкен нан сыйлапты. Қалай құтқарғанын әңгiмелептi. Ал аюдың баласы болса анасы шомылдырып жатқанда, өзiнiң жазатайым суға кеткенiн айтыпты.

Өстiп отырғанда, екiншi қонжығын соңына ертiп, аюдың өзi де келiп жетiптi.

– Ей, малғұндар, менiң күшiгiмдi бөлiп жеп, бiр тояйын деп отыр екенсiңдер ғой! – деп, күжiлдеп келген бетте Нұрлан мен Ақтабанға ұмтылыпты.

– Жо, жок, апатай, тие көрмеңiз бұларға. Бұлар – менiң құтқарушыларым! – деп ара түсiптi аюдың қонжығы. Бiрден мән жайды бастан-аяқ енесiне айтып берiптi.

Нұрлан да өзiнiң шаруасын айтқан екен:

– Ей, айналайын-ай, қолымнан келсе, аянбас едiм. Ондай шипалы шөптi естiгенiм жоқ. Сендерге мен мына шөптi берейiн. Өзiм күзде осы шөптi жеп алып, ұзақ ұйқыға кетемiн. Содан көктемде бiр-ақ оянамын. Мұны жеп ұйқыға кеткен жанның жүрегi өте баяу соғады. Сырқат адам iшiп, ұйқыға кетсе, өмiрi ұзарады. Сырқаты тез меңдеп кете қоймайды. Бiр әжеттерiңе жарар. Осыны алыңдар, – дептi Аю.

Нұрлан Аюға рақмет айтып, шөптi мұқият орап, дорбасына салып алыпты да, Ақтабанын ертiп, әрi қарай жүрiп кетiптi.

Небiр жақпар тастардан өтiп, биiк шынды қиялай өскен қалың қарағайға жеткенде, Ақтабан құлағын тiгiп, қараңғы түкпiрге қарай бастай жөнелiптi. Жолындағы бұталарды қолымен ығыстырып, Нұрлан да ұмтылыпты. Неғұрлым ағаш қалыңдаған сайын, пысылдай шыққан тыныс екеуiне анық естiлiптi. Жақындап келсе, мүйiздерi айқасып, тұралап жатқан екi бұғы екен.

– Ей, адамзат! Бiз ашумен сүзiсемiз деп жүрiп, мүйiздерiмiз айқасып қалды, айыра алмай жатқанымыз мынау. Ашуымыз тарқап, сабырға түскен соң, ойлана келсек, бәрi бекершiлiк екен. «Ашу – дұшпан, ақыл – дос» деген осы да. Әйтеуiр, амалдап ажыратып жiбер бiздi, – дептi бұғылардың бiрi күңiренiп.

Нұрлан арқасындағы қапшығын жерге қойып, екi бұғының мүйiзiн екi жаққа әрi-берi тартып көрген екен, ештеңе шығара алмапты. Үлкендiгi сандықтай тасты ұзын сүйменмен бiр кiсiнiң орнынан қозғай алатыны есiне түсiптi, сол сәтiнде қарағайдың бiр бұтағын кесiп алып, тазартып, таяқты екi мүйiздiң ортасына салып, сонымен ырғаған екен, мүйiздерi оңай-ақ ажырап кетiптi.

– Рақмет саған, адамзат! – дептi екеуi бiрдей. – Сенiң бұл жақсылығыңды немен өтесек екен? Асылы, адамзат бiздiң мүйiзiмiзге әуес келедi. Мүйiзiмiз бiраз күннен кейiн бәрiбiр өзi де түсiп қалады. Сондықтан таяқпен бiр-бiр ұр да, қағып ала ғой, – дептi кер бұғы.

Нұрлан азарда-безер болыпты:

– Мүйiздерiңнiң керегi жок. Егер маған жақсылық iстегiлерiң келсе, көршi атайдың тамағынан ас-су жүрмей, ауырып жатыр. Соған шипа болатын шөптi көрсетiңдер.

– Бiз талай-талай дәрiлiк шөптi бiлемiз. Бiрақ ондай науқасты емдеп жазатын шөптi кездестiргенiмiз жоқ. Бiз бiлетiн «женьшень» деген шөп бар. Ол кiсiге қуат бередi, жасартады. Саған соны көрсетейiк. Сыр-қат қайбiр оңып жатыр дейсiң. Тым болмаса соны iшiп, қуат алсын.

Екi бұғы осыны айтып, таудың баурайын шарлай жүрiп, екi-үш түп женьшень тауып берiптi. Қазып алудың тәсiлiн үйретiптi.

Нұрлан женьшендердi де дорбасына салып алып, бұғыларға рақмет айтып, Ақтабан екеуi iлгерi қарай жүрiп кетiптi. Былай шыққан соң, Ақтабан iлгерi озып кеткен екен, ол Нұрланды бiр тастың үстiнде тұрып қарсы алыпты. Нұрлан жақындап келiп қараса, тас дегенi шалқасынан түсiп жатқан тасбақа екен. Бейшара аяғын қаншама тырбаңдатса да, тұра алмапты.

Нұрлан оны аударып, тұрғызған екен:

– Рақмет, қарағым. Қиямен келе жатып, байқаусызда домалап кеттiм де, осылай төбеммен түстiм. Сендер болмағанда, жарық дүниемен қоштасуға тура келер едi. Бiр ажалдан құтқардыңдар. Бұл жақсылықтарыңды немен өтесем екен? – дептi тасбақа.

– Бiз үшiн қам жемеңiз. Бiзге атайдың науқасына шипа болатын шөптi көрсетсеңiз болғаны, – дептi Нұрлан.

– Айналайындар-ай, ә? Мiне, жүз елу жыл жасап келемiн. Емдiк қасиетi бар талай шөптi көрiп те жүрмiн. Бiрақ сендер iздеп жүрген шөптi кездестiрмедiм. Дегенмен, iздей берiңдер, қарақтарым. «Iздеген жетер мұрат-қа» деген. Мен сендерге мына бiр шөптi берейiн. Бұл – «Мейiршөп» деген шөп. Бұл шөптiң қасиетi өзiмен бiрге алып жүрген адамға мейiрi түспейтiн жан-жануар жоқ. Аңдардың бiрi болмаса, бiрi бiлер. Бiлетiнi мейiрi түсiп айтып қалар, – деп, Тасбақа Нұрланға сап-сары ұсақ гүлi бар кiшкене ғана шөптi ұсыныпты. Нұрлан оны да, дорбасына мұқият орап салып, Тасбақаға рақметiн айтып, Ақтабан екеуi iлгерi жүрiп кетiптi.

Ақтабан соңында, Нұрлан қия жартаспен өрмелеп келе жатса:

– Ей, адамзат, қолыңда қаруың жоқ, қалай аң аулап жүрсiң? – деген жаңғырық естiлiптi. Жоғары қараса, бiр үндей қожыр сандық тастың үстiнде иiр мүйiзiн шайқап, арқар тұр екен. Дауыс сол арқардың даусы екен.

– Бiз аң аулап жүрген жоқпыз. Көршi атайдың сырқатына дәрiлiк шөп iздеп жүрмiз, – дептi Нұрлан ай-ғайлап.

– Е-е. Ондай шөптi мен бiлмеймiн. Бiрақ қалай емдеудi бiлемiн.

– Бiлсеңiз, айтыңыз, арқар.

– Жақсылап тыңдап ал, ендеше. Анау басында қар жатқан ең биiк құзар шыңды көрдiң бе?

– Көрiп тұрмын.

– Сонда бiр ала қанат торғай мекендейдi. Ол ұясын тiрi пенде бара алмайтын қия жартасқа салады. Әлгi науқасқа бiрден-бiр ем – соның жұмыртқасы. Оны өзiнен сұрап алмасаң, ала алмайсың. Оның саған мейiрi түссе ғана бередi.

– Рақмет сiзге, Арқар! – деп Нұрлан Ақтабанды ертiп, құзар шыңды бетке алып, жүрiп кетiптi.

Екеуi қарлы шыңның бел ортасына шаршап-шалдығып әзер көтерiлiп, тыныс алып отырса, ала қанат торғай өзi ұшып келiптi.

– Иә, адамзат! Сенiң не үшiн жүргенiң маған белгiлi. Сендер iзгiлiк үшiн ем iздеп жүр екенсiңдер. Мен көктем кезiнде бар болғаны екi-ақ жұмыртқа басып шығарамын, қазiр болса күз. Жақын күнде балапандарымды ұшырғалы отырмын. Сендерге айтарым, ерте көктемде келiңдер. Азар болса, жұмыртқа басудан кешiксем де, мейiрiмдi азамат үшiн бiр жұмыртқаны артық табармын, – дептi ала қанат торғай.

Нұрлан қиналса да рақметiн айтып, ерте көктемде келетiн болып, Ақтабанды ертiп аулына қайтыпты.

Олар Шәпи атайдың үйiне ымырт үйiрiле жетiптi. Жеткен бойда ешкiмге көрсетпей женьшеньнiң бiр тамырын қайнап жатқан шәугiмге салып жiберiптi де үйiне келiптi.

Ертеңiне Шәпи қарттың: «Бүгiн жақсымын!» дегенiн естiп, қуанып қалыпты. Содан бастап сорпаға да, қайнатылған шайға да бiр талдан тастап жүрiп, Нұрлан әкелген женьшеьнiң бәрiн тауысыпты.

Шәпи қарт сырқатынан сауығып, тамаққа iлiгiп кете қоймағанымен, кәдiмгiдей әлденiп, қуаттанып қалыпты. Бұған жұрттың бәрi таң-тамаша қалысыпты.

Бiр күнi Нұрлан қайнап жатқан шайнекке аю берген шөптi тастап жiберген екен, Шәпи қарт шайнектегi шайды тауыса iшiп алып, ұйықтап кетiптi.

Әуелде ауыл-аймағы оны өлiп қалды деп қатты абыржыпты. Дәрiгерлер келiп қарағаннан кейiн ғана, жүрегiнiң баяу соғып, ұйықтап жатқаны анықталыпты. Содан Шәпи қарт ұйықтай берiптi, ұйықтай берiптi...

Ал Нұрлан болса, ерте көктемде Ақтабанды ертiп, жолға шығыпты. Тау беткейiмен келе жатқанда, өзен жағасында өсiп тұрған жалғыз қарағайға жай түсiп құлапты да, қарағай жана бастапты. Нұрлан жүгiрiп барып, дорбасындағы азық-түлiгiн ақтара салып, дорбасымен су тасып отты сөндiрiптi. Сөйтсе, қарағайдың қуысында бал араның ұясы бар екен. Аралар бiрiнен соң бiрi құжынап келiп:

– Саған көп рақмет, адамзат. Мынау – бiздiң сыйлығымыз. Мұны бiр заттың сыртына жақсаң, зат мәңгi-бақи бұзылмай, күшiн жоймай тұрады, – деп, алақанына бiр уыс балауыз құйып берiптi.

Нұрлан балауызды жапыраққа орап, дорбасына салып алып, араларға рақметiн айтып, Ақтабанды ертiп, iлгерi жүрiп кетiптi. Жүре-жүре, баяғы құзар шыңға келсе, өздерiне таныс Ала қанат торғай оларды алдарынан шығып, қарсы алыпты.

– Мiне, ал, – деп, аузындағы жұмыртқасын қардың үстiне қойыпты да, содан кейiн сәлемдесiптi. – Бiрақ бұл жылы жерге барса, қасиетiн жояды. Тез бұзылады. Қалай алып кетесiңдер?

– Оны мына балауызбен ораймыз. Сонда мәңгi-бақи бұзылмайды, – дептi Нұрлан. Сөйтiптi де, жұмыртқаны балауызбен орап, дорбасына мұқияттап салып алыпты. Торғайға алғысын айтып, ауылына қайтыпты.

Ауылға келген бетте Шәпи қарттың үйiне кiрсе, ол жаңа ғана оянып, шапанын желбегей жамылып, төсегiнде отыр екен. Тiптi оянғанын үй iшi де бiлмептi. Барлығы мал жайғап сыртта жүрсе керек.

– Қарағым, Нұрлан, қаным кеуiп барады. Бiр кесе су құйып бере қойшы, – дешi Шәпи қарт, табалдырықтан ендi аттаған Нұрланға.

Нұрлан самаурыннан бiр кесе су құйып алып, терiс қарап тұрған күйi iшiне жұмыртқаны жарып жiберiп, қасықпен араластырып, Шәпи қартқа ұсыныпты.

Бiр кесе суды демiн алмай қағып салған Шәпи қарт-тың маңдайынан суық тер бұрқ ете түсiптi. Сол күннен бастап оның бетi берi қарап, бiраз күннен кейiн құлантаза айығып кетiптi.

Шәпи қарт айыққан соң, ұлан-асыр той жасады. Тойға менi шақырды. Сонда мен Нұрланды көрдiм. Ол тура өздерiңдей бала екен.


Тегтер:
|
Автор: автор көрсетілмеген
|
Бөлім: Әңгімелер
|
Көрсетілімі: 2 841
Түсініктеме қосу
Ақпарат
Қонақтар тобында тұрған келушілер, осы жарияланымға түсініктеме қалдыра алмайды.