КӨМЕК
Асқардың әкесi жұмыстан шаршап келiп, төсекке жатса – ұйықтап кетiптi. Сәлден кейiн оянып, көзiн тырналай ашты да, сыртқа жүгiрдi. Есiк алдында Асқар кездестi.
– Балам-ау, атқа жоламағаның жақсы болған. Мiне-зi жаман едi, теуiп жiбере ме деп, қатты қорыққанымды қарашы.
– Әке, бiрдеме айтайын ба? – дедi Асқар сәл қибыжықтап.
– Айта ғой, балам.
– Мен сол атты көршiнiң кiшкентай баласы Әсеттi теуiп жiберер деп, босатып қоя бердiм.
ТАПСЫРМА
Балабақшадан қайтқан Адай үйге қабағы түсiп, ренжiп келдi де, үлкен бөлмеге кiрген соң, бұрышқа барып тұрды да қойды. Демалып жатқан атасы немере-сiнiң бұл жайын сұрады.
– Ақлима апай үйге барған сон, бiр сағат бұрышта тұр деген едi. Мен бүгiн Қалимен төбелесiп қалдым, – дедi Адай.
Атасы оның қылығына күлiп, тiк көтерiп алды да, құшырлана бетiнен сүйдi. Сонан сон өзiнiң қасына отырғызды.
– Мен Ақлима апайыңа бұрышқа тұр деген тапсырмаң орындалды дейiн.
– Жоқ, өтiрiк айтуға болмайды.
Ақыры Асқар бiр сағат тiк тұрып, тәрбиешiнiң тапсырмасын орындады.
ҚАСҚЫР МЕН ИТ
Ерте, ерте, ертеде, ешкi құйрығы бөртеде бiр шаруа өмiр сүрiптi. Оның күшiк күнiнен өсiрген жалғыз итi бар екен. Шаруа шалғымен шөп шауып, қой бағып күнелтiптi. Ол ертеңгiсiн ерте тұрып қырға қой бағуға кетердiң алдында, үйiн, қора-қопсысын күзетудi итiне тапсырады екен. Итi де өз мiндетiне ұқыпты қарап, үй маңына ешкiмдi жолатпапты. Шаруа жұмыстан келгенiнде итiн еркелетiп, басынан сипап:
Итiм, итiм, итiм-ай,
Түн үресiң бiр тынбай.
Қожайынға адалсың,
Жақсы көрем ырысымдай.
Қамқорым да өзiңсiң,
Үйiмдегi көзiмсiң.
Қожайының демалып,
Бiрер уақыт көз iлсiн, –
деп, үйiне кiрiп демалады екен. Осыны көптен сырттай бақылап жүрген бiр көкжал қасқыр иттi қожайынға мазақ етпек болып айлаға көшедi. Оның бiр дамылдаған сәтiн пайдаланып, қорадағы қозыға түспекке ыңғайланады.
Бiр күнi түнгi күзеттен шаршап, күншуақта бойы жылып, мызғып кеткен иттiң мұрнына жағымсыз иiс келедi де, ұйқысынан шошып оянады. Жан ұшырып қораны айналса, күнi бұрын қазылған iн арқылы қас-қыр:
Жылы-жұмсақ қозылар,
Етiң дәмдi дертке нәр.
Бiр қолыма түсерсiң,
Қарнымда жатып пiсерсiң, –
деп, сiлекейiн шұбыртып қораға енiп бара жатыр екен.
– Әй, көкжал, тоқта! – дейдi жүнiн тiкiрейткен ит. – Қазiр «аттандап» үрсем, қожайыным оянады да, мылтығымен сенi атып салады. Саған анау даланың толып жатқан қоян-түлкiсi жетпедi ме? Нең бар мұнда?
– Ет тәттiлiгiн қойса, мен жегенiмдi қоямын, – дейдi қасқыр гүр етiп. – Қазiр мен сенiң қармағыңа түстiм. Не iстесең де қолыңдамын. Бiрақ мен бiр нәрсеге түсiнбеймiн. Қожайыныңа құйрығынды бұлғаңдатып, оған адал қызмет еткенде, iшiп-жейтiнiң қалған-құтқан бiрдеңелер. Өзiңдi аямайсың ба? Түнiмен ұйқы көрмей, шәуiлдеп үрумен боласың. Иең ашуланса, бұрышта бүк түсiп, iшiң бұратылып аш жатасың. Анау сала құлаш шынжырың мойныңды ауыртады. Сенi осыншама бейнетке салатындай адамның қандай құдiретi бар? Мен сияқты берсе – қолынан, бермесе – жолынан деп, жұлып жеп күнелтпейсiң бе? Өзiң туыссың. Бiрге өмiр сүрейiк.
Ит ойланған кейiп танытады. Қасқырдың көзi оттай жанып, iшiнен: «Әп, бәлем, қармағыма түстiң бе? Қарным ашқан күнi бiр-ақ бүктеп, тарамыс-тарамыс етiңдi талшық етсем», – деп зымияндана қарайды.
– Ау, Қасеке, мына сауалыңа мен жауап берейiн, – дейдi ит әңгiменi ұзаққа созғысы келiп. – Туыс екенiмiз рас. Енемнен туып, көзiмдi ашпай тұрғанда, осы адам менi есiгiнiң көзiне жатқызыпты. Қашып кетер қауқар қайда. Әттең, сол кезде өзiңе кездессем ғой. Бiрге iлесiп жүре беретiн едiм. Сонан соң көзiмдi ашып, еңсемдi көтерген кезде, темiр шынжырлы қарғы бау мойныма iлiндi. Қайтып құтыласың? Қараптан-қарап аштан өлесiң бе? Қораны айналып, қой күзеткен болып үрдiм келiп. Сонда өзiң маңайыма жақындамадың да ғой. Алыстан қарап, менсiнбедiң менi. Амалсыздан үйдiң күзетшiсi атандым.
Қасқыр мына сөзге мәз болып қалды. Шоқиып отырған күйi мақтана жөнелдi.
– Әй, туысым-ай, ол кезде сенi көрдiм дейсiң бе? Әйтпесе бөлтiрiктерiме ертiп жүрiп, аңға салатын едiм. Алтайдың қызыл түлкiсiнiң терiсiн паршалатып, етiн жегiзер едiм. Құм қоянының су жүректiгiн бiлмейсiң ғой. Түрiңдi көрсе, көзi бадырайып, алдыңа жата қалар едi. Бойың жазылып, мына мен сияқты елiк атаулыны қадам бастырмас едiң. Алты қырдың астындағыны сезер ақылды болуың ғажап емес. Жауыңа кектi, жорыққа мойымас едiң.
Сол сәт қора iшiндегi қозылардың у-шу үнiн естiп, сiлекейi шұбырған қасқыр сөзiнен жаңылады. Ит асықпайды, оны тағы да әңгiмеге тартады.
– Ау, қасеке, сiздiң мiнезiңiзде мен түсiнбейтiн ғажап бiр қасиет бар, – дейдi қасқырды мақтап.
– Ол қандай қасиет? – қасқыр ырза боп, тiсiн сақылдатты. – Әй, итiм-ай, туыстықты қадiрлейтiнiң бiлiнiп тұр. Менiң iшкi сырыма үңiлген сияқтысың ғой.
– Қасеке, ол қасиетiңiз өзгенiң де, мәселен, бiздiң де қамымызды ойлайтындығыңыз. Қазiр ғой, мына қораға кiресiз де, мен сияқты өзiме ғана жетедi деп бiр қойды теңдеп әкетпейсiз, түгел жусатасыз да саласыз. Өлексенi адам атаулы жемейдi. «Арамдалды» деп отар маңынан аулақтау жерге тастайды. Ертелi-кеш тамағымыз дайын. Осындай ғажап мiнезiңiзге таңмын, – деп ит бiр тоқтады.
– Тауып айттың, итiм, бұл қасиеттi үйрену үшiн талай ақыл керек. Бабаларымыз: «Ақылмен жесең – асап жейсiң, ақылсыз жесең – аз-ақ жейсiң», – деп айтып кетiптi ғой, – дейдi қасқыр.
– Осы, Қасеке, аң атаулы ақыл жағынан сiзге тең келмейдi. Түйе үлкен болғанымен, оның түймедей ойы жоқ. Сiз оның шөгiп жатқан сәтiн аңдып, өркешiнен бiр аттап кетсеңiз, орнынан тұра алмай қалады. Шамасы, жүрегi жарылып кететiн болар. Жылқы атаулыны атама, ақымақ мал ғой. Құйрығынан жабыссаңыз, бiткенi, шiрене тартып, жiбере салғаныңызда, өзiнен өзi омақаса құлайды. Арыстан мен жолбарыс күштiлiгiне, сiлеусiн шапшаңдығына сенедi. Түлкi тышқан аулаған-ға мәз. Шибөрi iнiңiз қойдың майлы құйрығын сорғанын мақтан етедi.
– Әрине, әрине! – деп қостады қасқыр мәз болып.
– Қасеке, осы сiз қойшыдан қорықпайсыз ба? – дедi ит сыр тартып.
– Әй, бауырым-ай, бiздiң туыстардың «Өгiздi қойшы – өлген қойшы, жеп болғанда көрген қойшы. Түйелi қойшы – тұрған қойшы. Жаяу қойшы – көңiлi қаяу қойшы», – деп, айтқандарын естiмеп пе едiң? Жалғыз-жарым айдалада кездессiншi, екi-үшеуiмiз жан-жағынан қарды боратып берейiк. Сабазың есi шығып, қойды тастай қашады.
– Адамнан да қорықпайтын жүрек жұтқан ағайынсың ғой. Бiзге ондай батырлық қайда? Рас, басқа түссе, қоянын аулап, түлкiсiн қырармыз. Сiз сияқты iн де қазармыз-ау, бiрақ ол бiзге ақпанның ақырған аязында пана болмайды ғой. Қарғыс атқыр аңшы атаулы жүйрiк атқа мiнiп, шошақ мылтығын асынып, ойда жоқта кездесе қалса, саудамыздың бiткенi. Менен сорлы жоқ шығар бұл дүниеде, – деп, ит ұлып жата кеттi. Мұнысы иесiне берген белгiсi едi.
– Айтпақшы, Қасеке, ұлу демекшi, осы сiздер туыс-тарыңызды қалай ғана iздеп таба қоясыздар, – дейдi ит кенет басын көтерiп.
– Ұлудың да неше түрi бар-ау. Әлдеқалай олжа кездесiп, жалғыз шамаң келмесе, ұлымағанда қайтесiң. Қазiр «У-у-у» дейiншi, туыс атаулы жан-жақтан сабылып жетедi. Бiрақ оңай олжаға оларды ортақ қылып нем бар, – дейдi қасқыр бөсiп.
– Онда мен сенен қалмаймын, – дейдi ит. – Туып-өскен жерiңдi қимайды екенсiң. Қоштасып кетейiн. Көзiмдi ашып, күнде майлы жуынды iшкен жерiм, қош, у-у! Қарғы бау тағынып, шынжыр сүйретiп күзеткен қорам, қош, у-у! Тамақ бермей, таяқпен басыма ұрған қожайыным қош, у-у!
Қасқыр мәз болып, iшек-сiлесi қатқанша күледi. Итiнiң ауық-ауық ұлығанынан оянып кеткен кожайын қолына мылтығын алып, қораны айналады. Ұлып отырған итiнiң жанындағы касқырды атып алады. Ақылды ит қасқырды осылай қолға түсiрiптi.