БҮЛДIРГЕН ТЕРЕ БАРҒАНДА
Бiздiң жақта бүлдiрген адырда болады. Сай табанына жақын жартастардың астына, яки, бұлақ суының бойына шығады. Жылда бүлдiрген пiскенде адырға атпен әдейi барып, терiп қайтамыз.
Бүгiн де Серәлi сайдағы бүлдiргеннiң қалың шығатын жерiне барсақ. қар-қара боп тұнып тұр екен. Жанымда өзiммен бiрге оқитын Рақтай деген жолдасым бар. Екеумiз:
– Ойпыр-ай, қалыңын-ай!
– Пiскен-ақ екен! – десiп, таңданысып, аттан асығып-үсiгiп құлап түстiк. Сол екi арада қалың бүлдiр-геннiң арғы шетiнен бiр елiк көрiндi.
– Елiк, елiк! – деп айқай салдық. Сөйтiп, мәз болып тұр едiк, iле-шала дәл әлгi жерден елiктiң лағы атып шықты. Көп ұзамай-ақ қалың шөптiң арасына қойып кеттi. Шөптiң басы бес-алты метр жер қимылдап барып тына қалды.
Екеумiз бiраз аңырып тұрдық та, аттарды тастай салып, жүгiрiп сол жерге жеттiк. Рақтай елiктiң лағын алғашқы кiрген жерден iздей бастады. Мен жүгiрiп шөп қимылының тоқтаған жерiне келсем, елiктiң лағы жермен жексен болып, құлағын жымқырып, бүк түсiп жатыр. Бас салып ұстай алдым. Елiктiң лағы бiр түрлi аянышты дауыс шығарды.
Рақтайға қарап едiм, өзi таба алмай қалғанына өкiнгендей боп тұр. Соны бiлдiм де, елiктi соған ұстата салдым.
– Мә, сен-ақ ұста. Екеумiз бiрiгiп асыраймыз. Рақтай менiң қолымнан ала бергенде, елiктiң лағы аянышты өксiп-өксiп жiбердi. Осы дауысты естiдi бiлем, алдағы тұмсықтан елiк ешкi шыға келдi. Бiзге қарай жасқанбай басып келедi. Шабуыл жасар ма екен деп, шошып қалдық.
«Айтақ, айтақ, айт!..» – деп, жоқ иттi көмекке шақырып, өтiрiк күшейдiк. Ешкi сескенiп, состиып тұрып қалды. Алайда бiрте-бiрте бiзге тақай бердi. Елiктiң лағы енесiн көмекке шақырып, безiлдеуiн қоймады. Бiз қанша айқайласақ та елiк сескенер емес. Баласымен бiрге өлмек түрi бар. Бiресе баламды жiберсеңдершi деп, жалына сұрағандай тынши қалады. Бiресе тағатсызданып, ашуланғандай бiр орнында тыпыршиды. Бiр рет тiптен жақын келдi. Мөлдiреген танадай қара көздерiнен жас тамшыларын көрiп қалғандай болдым.
– Бейшара, жылап түр... – дедi Рақтай жұлып ал-ғандай. Ол да байқап қалған екен.
– Қой, онда лағын жiберейiк.
– Жiберсек жiберейiк.
Елiктiң лағын қанша қимағанымызбен, енесiн аяп кеттiк те, босатып жiбердiк.
Екеуi қосылған соң, секеңдеп отырып кезеңге шықты. «Балалар, сендерге рақмет!» дегендей, бiзге қарап сәл тұрды да, орғып-орғып қырдан асып кете барды.