СҮМБIЛЕ ТАҢЫ
Дәурен мектепке қарай жәй басып келе жатты. Үйi мен мектептiң арасы үш шақырымдай. Бiрақ мұны Дәурен елемейдi. Қайта оған жолдың қашықтығы ұнайды.
Жүрiп келе жатқаны шаңы ұшқан соқпақ. Айналада қадау-қадау қара ағаш, алып үйеңкiлер. Олар да үнсiз ұйып тұр. Дәурен ендi байқады, кеше ғана жап-жасыл болып, ырғалып, өзiнiң басынан сипағысы келгендей иiлетiн ақ қайыңның жапырағы сарғайып кетiптi. Күнде таңертең бастаудың басына қаптап келетiн ақ көбелектер де өзi бiрен-сараны қалжырағандай тәлтiректей ұшып жүр. Торғайлар мазасыздана шырылдайды, мамық жүндерi үрпие дүр-дүр сiлкiнедi. Шүрегей үйректер өзеннiң ойдым-ойдым иiрiмдерiне ұшып-қонып, шұрқырап жүр. Бұларға не болған?..
Осы көрiнiстердi Дәурен мектептен үйiне келген соң Маусымбай атасына айтты да, себебiн сұрады.
– Дұрыс, балам, анық байғақансың, табиғатты тану үшiн сергек сезiм, қырағы көз керек, – дедi қарт баланың арқасынан қағып.
– Бүгiн қыркүйектiң он төртi ме? Демек, бүгiн түнде сүмбiле жұлдызы туады. Жан-жануар мен жәндiктер соған дайындалып жатқан болар. Бұл күз маусымының алғашқы амалы. Мұны қазақ сүмбiле таңы дейдi.
– Ол қандай жұлдыз?
– Ол ма, «үш арқар, үш мерген» жұлдыздарының маңынан туады, iрiлеу көрiнедi, көгiлдiр сәуле шашып тұрады. Бүгiн түнде туады да, алдағы маусым айында батысқа барып батады. Менiңше, қайың мен тал да, көбелектер мен шүрегей үйректер де сүмбiле жұлдызының туатынын сезетiн болу керек. Бұл жұлдыз туған түнi жер бетiне қырау түседi. Ауа салқындайды. Бұл күздiң алғашқы суығы. Осы жұлдыз туған түнi түйелер мойнын жерге салып ұйықтайды.
– Онысы несi?
– Өйткенi сол түннен бастап түн қауырт ұзарып, күн де қауырт қысқара бастайды...
Айтқандай-ақ, таңертең бастау басын да, ақ қайыңды да, жалғыз аяқ соқпақтың майда топырағын да әппақ күмiс қырау басып қалыпты.