ҚЫРАН МЕН ЖЫЛАН
Жанарынан оты, топшысынан қуаты тайған қарт қыран тас түбiнде қыздырынып жатқан қос жыланның қасына келiп қонады. Қонады да, ойға шомады. Көк күмбезiне алғаш самғап шыққан шағынан бастап, бүкiл өмiр жолын көз алдынан өткiзедi.
Талай қан майданда жеңiлiс тауып көрмеген, жiгерi мұқалмаған мұзбалақ ақтық сағаты жеткендiгiн түсiнiп, мына жыландардың жанында тектен-тек өлiп кетемiн бе дейдi. Осыны ойлаған қыран шаңқ етедi де, аспанға атылады. Шырқау биiкке шығандап шығып, төңiрегiне көз салалы. Көзi бұрынғыдай емес, қыбырлағанды қағыс жiбермейтiн қасиетiнен айырылған екен. Топшысы да тала бередi. Найза тастарға қарай құлдилап, зулай жөнеледi. Жыландардың алдына келiп қара тасты кеудесiмен соға, жаншыла құлап, мерт болады. Қыранның бұл қылығынан шошыған бала жылан:
– Апырмай, мынау ақымақ қарадан қарап тасқа соғылғаны несi? – дейдi. Сонда:
– Е, балам, оған несiне таңданасың?! Жүзге жеткен жасым бар. Осы уақытқа дейiн бұлардың бiз құсап қуыста жатып өлгендерiн көрген емеспiн. Тегiнде қырандар ғана осылай өлетiн болғаны ғой, – деп жауап бередi қарт жылан.