Сайт мәзірі

ЗИНҰР

Зинұр сабақ әзiрлеуге отырды. Бүгiнгi тапсырма өлең жаттау едi.

«Жазғытұрым қалмайды қыстың сызы...» – деп, шапшаңдатып оқи бастады. Әп-сәтте бiр шумағын жаттап та үлгердi. Өлеңдi түгел жаттап болмай, ештеңеге бұрылмауға бекiндi. Сөйтiп отырғанда өзiмен бiрге оқитын баланың келе қалмасы бар ма.

– Жүр, Зинұр, балаларға арналған қызық кино келiптi. Оқушылардың бәрi кетiп жатыр, – дедi ол.

– Жоқ, Жанаш, мен өлеңдi жаттап алмай ешқайда шықпаймын.

– Қайтып келген соң да жаттап алмайсың, ба? – деп Жанаш қиылса да, досы көнбеген соң өзi жүгiре жөнелдi.

«Жазғытұрым қалмайды қыстың сызы...» деп Зинұр қайта оқи бастады. «Қойшы, Жанаш айтқандай, келген соң да жаттап алуға болады ғой. Көп қызықтан құр қалатын болдым-ау! Әй, Жанаш, тоқта!» – деп, терезеден мойнын созып, айқайлады.

Кинодан келген соң өлеңдi қайтадан жаттауға кiрiстi. Сөйткенше болған жоқ, балалар сырғанаққа жиналып қалды. Қол шанаға екi-екiден мiнгесiп, биiктен төмен қарай зырқыратып жүр. «Жоқ, мен ешқайда шықпаймын. Өлеңдi қалай да жаттап алуым керек», – дедi Зинұр өзiне. Әйтсе де ұзақ отыра алмады. Сырттағы балалардың шуы алаңдата бердi. «Қойшы, кешке шам жаққан соң да қалғанын жаттап тастауға болады ғой» дедi де, киiмдерiн шала-пұла кие салып, далаға шықты.

Кешкi тамақтан соң қалғи бастады. Өлең жаттауға шамасы келмедi. «Қойшы, ертең ерте тұрып жаттап алам ғой. Ендi көп қалған жоқ», – деп, жатып қалды.

Ертеңiне Зинұр кеш оянып, мектепке қарай асығыс жүгiрiп бара жатты. Сөйтiп ерiншектiң iсi бiтпедi.


Тегтер:
|
Автор: автор көрсетілмеген
|
Бөлім: Әңгімелер
|
Көрсетілімі: 2 036
Түсініктеме қосу
Ақпарат
Қонақтар тобында тұрған келушілер, осы жарияланымға түсініктеме қалдыра алмайды.