Сайт мәзірі

АЛТЫН БЕСIК

Менiң туған жерiм – Көкшетау, шыңын мұз басып қатқан биiк таулар емес, төбесiне оп-оңай шыға беруге болатын аласа таулар...

Мiне, сондай таулардың бiрiнiң етегiндегi көл жағасында менiң туып-өскен ауылым қоныстанған. Таудың аты – «Салпық». Ал оның iргесiндегi айдынның аты – «Шұңқыр көл» деп аталады. Ауылдың аты сол есiмiне қойылған.

Бiз бала кезiмiзде жазда Салпық тауының бауырына шие, бүлдiрген теруге баратын едiк...

Ал көл жағасы қандай тамаша едi. Ыстық күндерi Қасынан шықпайтынбыз. Арқаны күнге қақтап-қақтап алып, жүгiрiп келiп суға қайта-қайта күмп-күмп берiп құлайтынбыз. Бiзден әрiректе тереңдеу жерде мойындары жiп-жiңiшке шүрегей үйректер жүзiп бара жатады. Жақындасаң тереңге қарай ұзай бередi.

Дауылды, желдi күндерi көл бетi бұйраланып, дөңбекшiген толқындары жағаны ұрып, көбiк шашып жатады. Әлденеге ашуланған сияқты мiнез танытады. Туған жер – алтын бесiк. Әлдилейдi, тербетедi. Қиялыңды ұштайды. Мен бесiншi класта оқитын едiм. Туған жерге деген сезiмiмдi дауыстай айтқым келдi. Өзiмiздiң Салпық тауы туралы, оның iргесiндегi кiшкене көл туралы өлең жаздым. Әлемде Салпықтан асқан биiк тау жоқ, әлемде Шұңқыр көлдей үлкен көл жоқ деп ойпаттадым. Олар маған, шынында да, солай көрiнген. Ауылдан алысқа ұзап шықпаған кезiм, басқа тауды да, басқа көлдi де көрмеген едiм.

Кейiн есейген соң бiлдiк те, көрдiк те: Салпықтан әлдеқайда үлкен, аса зор таулар да көп екен. Шұңқыр көлден әлдеқайда байтақ, о шетi мен бұ шетiне көз жет-пейтiн шалқар көлдер де көп екен.

Сонда да туған жерiмнiң тауы мен көлi, өзiм қай қиырда жүрсем де көзiме сол баяғы бала кезiмдегiдей алып тұлғада елестейдi де тұрады. Мұның сыры туған жерге деген ыстық махабатта болса керек.


Тегтер:
|
Автор: автор көрсетілмеген
|
Бөлім: Әңгімелер
|
Көрсетілімі: 3 119
Түсініктеме қосу
Ақпарат
Қонақтар тобында тұрған келушілер, осы жарияланымға түсініктеме қалдыра алмайды.