Сайт мәзірі
» » БОЛАШАҚҚА КIМ БАРАДЫ?

БОЛАШАҚҚА КIМ БАРАДЫ?

Мен әрқашан өзiм түсiнбейтiн сөздi көкемнен сұрап алам. Мұндай сұрақтарыма көкем қуанады да, ерiнбей жауап бередi.

Бiр күнi:

– Көке, Болашақ деген кiм? – деп сұрадым. Көкем менiң сөзiмдi естiмеген адамша, газетiн оқып отыра бердi. Тiптi мазасын алып, қыңқылдай берген соң, ол «кiм десем екен?» дегендей, бетiме бiр қарап алды да:

– Болашақ – бiздiң туысқанымыз, – дедi.

– Туысқан болса, үйiне неге қонақка бармаймыз? – Көкем күлдi.

– Барамыз. Ертең түстен кейiн жолдастарынды ертiп кел, мен сендердi Болашақтың ауылына алып барайын, дедi арқамнан қағып.

– Жаяу барамыз ба?

– Жоқ. Болашаққа еш уақытта жаяу баруға болмайды, тек машинамен барамыз.

– О кiсi алыста тұра ма, көке?

– Онша алыс емес, мына таудың iшiнде.

– Ой, ол алыс қой, көке.

– «Көрiнген таудың алыстығы жоқ» деген сөз бар.

– Ол машинаға алыс па?

– Болашақ – әжең сияқты жақсы кiсi. Не сұрасаң да аямайды.

– О кiсiнiң қауын, қарбызы бар ма, көке?

– Бәрi бар. Қауыны, қарбызы, алмасы, өрiгi не iздесең, соның бәрi бар.

«Алмасы бар» дегенде қуанып кеттiм.

– Қарауылы жоқ па, көке?

– О кiсiнiң аулында ұры болмайды. Ұры болмаған соң, Болашақ қарауыл ұстамайды.

– О, қандай жақсы кiсi! Бiздi шынымен алып барасың ба, көке?

– Тәртiптi болсаңдар, ертең бәрiңдi ертiп барам, деп көкем уәде бердi. Ертесiне балаларды жинап алып:

– Балалар, мына таудың iшiнде бiздiң Болашақ деген туысқанымыз бар. Алмасы көп екен, қарауылы жоқ екен, – деп едiм, бәрi бармақшы болды.

Тек Бекқожа деген бала:

– Қарауылы болмағанмен, итi бар шығар? – деп күдiктендi.

– Тiптi итi де жоқ. Шетiнен кiрiп, жұлып жей бере-мiз, – деп, «ақылымды» айтып қойдым.

 

 

* * *

Оқтай түзу көшемен тауға қарай ызғытып келемiз. Ауылдан сәл ұзаған соң көкем машинасын тоқтатып, бәрiмiздi түсiрдi де:

– Ал, балалар, бәрiң жабылып мына жатқан тасты жолдан былай шығарып тастаңдар, – дедi. Мұрнымыз пысылдап, әлгi жатқан тоқтыдай тасты мықшың-мықшың етiп, бiраз жерге жылжытып едiк, «Ой, ауыр ғой, тегi!» – деп, Әштай деген бала сытылып шыға бердi.

Қалғанымыз терлеп-тепшiп жатып, әлгi тасты әрең дегенде жолдың жағасына шығарып тастадық.

– Ой, рақмет, жарайсыңдар! Ал, сен, Әштай, үйiңе барып дем ала ғой. Болашақ сендей жалқау, ерiншек баланы маңайына жолатпайды, бар, бара ғой үйiңе. Оның үстiне бүгiн бетi-қолыңды жумапсың. Болашақ кiр-қожалақ, сатпақ-сатпақ баланы үйiне кiргiзбек түгiл, терезесiнен сығалатпайды.

Сөйтiп көкем Әштайды шынымен қалдырып кеттi.

Бiз зулап келемiз. Сайдан өте бергенде, Шөкiм дейтiн қарт шыға келдi. Машина тоқтады. Шөкiм ақсақал көкеммен амандасты да, Ынтықбайға ұрса жөнелдi:

– Әй, менi неге алдайсың, ә? Осы, көзiңнен сораңды ағызып, қамшының астына алайын ба кеп, ә? Сен осы өтiрiк айтуды қайдан үйренiп жүрсiң? – деп қамшысын үйiрiп-үйiрiп қойды.

– Шөке, бұл сiздi не деп алдап едi? – деп көкем күлiп едi, Шөкең:

– Екi күннен берi есегiмдi жоғалтып алып зар илеп жүрсем, мына сумұрын әлгiнде: «Ата, есегiңiздi осы кәзiр ғана бөтен бiреу мiнiп алып, жоғары қарай кеттi», – дегенi. Күдерi шалдың атын сұрап мiнiп, артынан тұра шаппадым ба? Есек самолет емес. Сөйтсем, мына бәлекет алдаған екен менi.

Сосын көкем ренжiп:

– Ал, Ынтықбай, түс машинадан. Сен Болашаққа бармайсың.

– Бұл жүгермек Болашаққа жеткенше жұртты атыс-тырып-шабыстырып, берекесiн кетiрiп болар. Қалдырып кеткенiң жөн, қарағым.

– Ал, Шөке, ашуланбаңыз. Бұл ендi Болашаққа бармайды. Ауылға мiнгестiре кетiңiз, – деп едi, Шөкең одан бетер өршелене түстi.

– Не деп мiнгестiрем бұны?! Алдыма салып тұра әкесiне айдап барам, – деп, Шөкең Ынтықбайды алдына салып, алып кетiп қалды.

Ынтықбайға жанымыз ашығанмен, қолдан келер шара жоқ, көкемнiң тәртiбiне көндiк те, заулай бердiк.

Заңғар тауларды бөктерлеп, даңғыл дара жолмен заулап келемiз.

Бiр уақытта Титық деген бала үйiнен ала шыққан пiскен етiн алып жеп отыр едi, Дырдан «бiр тiстетшi» деп өтiндi. Аузымыздың суын құртпай, Титық шынында бәрiмiзге бөлiп беруi керек едi, бiрақ ол өйтпедi.

Түкiрiгiн жұтып, тамсанып отырған Дырдан ыза болды да, Титықты шапалақпен тартып жiбердi. Бiз ажыратып, келiсiмге келтiргенше көкем сезiп қалып, машинаны тоқтатты.

– Не болды сендерге, не жетпейдi?

Бiз бұл екеуiнiң арасындағы қақтығысты бүкпей, ашық айтып бердiк.

Сосын көкем тұрып-тұрып:

– Өз басының қамын ойлайтын өзiмшiл Болашаққа бармайды. Түс, Титық! Бiреуге қол жұмсап, төбелеспен күн көретiн адам Болашаққа мүлде маңайламайды. Түс, Дырдан! Барыңдар үйлерiңе, сендердей балалардың Болашаққа түкке керегi жоқ.

Жалынғанмен, көкемнiң бетiнен қайтпайтынын бiлген соң, анау екеуi қарсыласпай, дауласпай, ауылға қарай аяңдап тарта бердi.

Абзал, Арман, Адал, Азамат, Ардақ, Айман, Аян, Азат, мен, көкем – бәрiмiз көп ұзамай жүйткiп отырып, таудың iшiндегi қалың баққа келiп бiрақ тоқтады. Алма, өрiк, түрлi жемiс-жидек тұнып тұр екен. Төбеңнен жұлдыз төнгендей жыпырлайды.

– Мiне, балалар, Болашақтың ауылына келдiк. Ал, Болашақтың өзi осы таудың басында тұрады. Анау тауды бұзып, тас жарып жүрген жұмысшылар Болашақтың үйiне қарай жол салып жатыр. Сол жол бiткенде мен сендердi тура Болашақтың өз үйiне алып барам. Ал әрқайсың бiр-бiр шелек алыңдар да, жерге түскен алманы терiп, мына жерге үйiңдер, – дедi. Болашақтың салты бойынша, жинап жүрiп алма жеуге болмайды. Ал жұмыс бiткен соң, қанша жесеңдер де ерiктерiң, – дедi. Қалың ағашқа кiрдiк те кеттiк. Қып-қызыл алмаларды шелекке салғың келмейдi, жеуге және болмайды. Ой, көзiм қызарып әрең жүрмiн. Амал жоқ, жинап жатырмыз. Байқаймын, Арман да, Абзал да көзi тесiп, алманы шелекке әрең салады. Бiр кезде мен шыдамай кеттiм. Жұрттың көзiн ала берiп, қызыл сары алманың шырын атып тұрған бүйiрiнен бүлк еткiзiп бiр тiстеп алдым. Мұнымды көкем байқап қалыпты, шақырып алды:

– Сен Болашаққа келмей жатып ұрлық iстедiң. Ол ұрлықшы баланы ұнатпайды. Ал, ендi аналар жұмыс iстейдi, сен осылай тапжылмай тұрасың, – дедi қабағын түйiп. «Өзiмнiң көкем осылай десе, Болашақ менi маңына жолатпайтын шығар» деп, өкпелеп тұрмын. «Қап, шыдай тұрмай, бекер iстеген екенмiн!» – деп өкiнем. Сәлден уақыттан соң көкем аналарды шақырып алды.

– Ал ендi сендер тойғандарыңша жеңдер. Тойған соң қалталарыңа сыйғанша алыңдар, – дегенi. Олар отыра қалып, әйдә, жеп жатыр, мен тамсанып тұрмын. Тiптi шыдамай кеттiм.

– Көке, ең болмаса бiр алма жейiншi! – дедiм жыламсырап.

– Жоқ, сен солай тұрасың. Егер жолдастарың рұқсат берсе, отыр да же, – деп едi, аналар «отыра ғой» дегендей сыңай бiлдiрдi.

Отыра қалып, қызара бөрткен балдай алмаларды жеп те, қойын-қонышыма тықпалап та жатырмын.

– Ауылға қайтып келемiз. «Шiркiн, Болашақ қандай ғажап адам! Тiптi мұндай кiсi жер жүзiнде жоқ шығар. Титтей еңбек iстесең, дүниенiң алмасын жейдi екенсiң, қандай тамаша адам Болашақ! Жаңағы менiң асығыстық жасап, алма жеп қойғанымды Болашақ ағай естiсе, әбден ұят болатын болды.

Болашаққа баратын жол тезiрек бiтсе екен. Сол Болашақтан жаңағы iстеген әбестiгiм үшiн кешiрiм сұраймын», – деп ойлап келем.

 

Тегтер:
|
Автор: автор көрсетілмеген
|
Бөлім: Әңгімелер
|
Көрсетілімі: 2 386
Түсініктеме қосу
Ақпарат
Қонақтар тобында тұрған келушілер, осы жарияланымға түсініктеме қалдыра алмайды.