ЕРТЕҢ ДЕГЕН ЕРТЕГI БОЛДЫ
Елдестiң ойында ойыннан басқа ештеңе жоқ. Әке-шешеге қолғабысы болмайды. Жалғыз ғана қызметi – екi танауы. Сол жақтан келiп-кетiп тұратын «ағайындарын» қарсы алып, аттандырып деген секiлдi «жұмыс» iстейдi. Бар еңбегi де, ермегi де осы. Ал ойын дегенде безiп кетедi – милиция шақырып ұстай алмайсың. Мұның ойыны «Қыз қуу», «Көкпар», «Сайыс» секiлдi шатақ ойын емес – асық ойыны. Аспанға iлiп қойған асық ойыны. Аспанға iлiп қойған асықты атып алады. Мергендiгiне шек жоқ. Ертемен үйден шыққанда бiр асық, бiр сақамен кетедi де, кешке екi қалтасы сыздап қайтады. Балалар: «Мұның сақасы – арқардың асығы. Арқардың асығы арқардың өзiндей жүйрiк болады» деген секiлдi өсек айтады. Тiптi шайтанның асығы десе де илануға болады, өйткенi бiз көрiп жүрген асықтан сүйегi таза әрi салмақты.
Қаздай тiзiлiп тұрған асыққа дәлдеп тұрып жiберiп кеп қалғанда, снаряд түскендей, асықтар аспанға ұшады, жинай бер. Ұтылған адамның ашулы болатыны белгiлi ғой. Балалар: «Арқардың асығы, ойнатпаймыз, түйенiң жiлiгiмен ойнаса да, мал асығымен ойнасын», – деп дау шығарады. Ал шешетiн, бiздiң спортта асық федера-циясы былай тұрсын, асық ойынының өзi спорттың бiрi ретiнде танылып, паспорт алған жоқ. Ертеректе асық-пен де «асық ойнаған азар, доп ойнаған тозар» деген мақалға ие болған. Сол доп ешкiмдi тоздырмай-ақ, аздырмай қанымызды қайнатып, есiмiздi алатын футбол ойынына ұласты. Ал асық ауылдан аса алмады.
Елдес дау-дамайды жек көретiн, ерекше бала. Мұн-дайда ұтқан асығын қайтарып бередi де, жөнiне таяды.
Осы Елдес шырт ұйқыдан шошып оянғандай, аяқ астынан есi кiрiп, «ертең оқуға барамын» дедi.
Елдес осы күнге дейiн «ертең» деген сөздi айтып көрген емес едi. Тiптi «Ертең» деген сөздiң қандай мағына беретiнiн де бiлмейтiн. «Ертең оқуға барамын» деп шулап жүрген балалардан естiген болу керек. Шынында ертең деген тамаша сөз екен-ау өзi. Ертеңгi келер күн, керемет күн. Болмайтын күн емес.
Елдес алтыдан асқанмен, жетiге жеткен жоқ, жетiге келгенше жерден таяғын жеп, асығын ойнай беру керек. Қысқасы, пенсияға жасы жетпей жүрген шалдардай. Елдестiң оқуға жасы жетiңкiремей жүр. Асығының санын бiлмейтiн ол өз жасының қаншада екенiн қайдан бiлсiн. Алтыдасың десе де сенедi, алпыстасың десе де сенедi.
Жер тырмалап жатқан баласын көтерiп алып, ағай алдап көрдi.
– Оқуға баратын балалардың башпайын санайды. Басындағы шашын санайды. Кiрпiгiн санайды. Сосын ыстық суға салып шомылдырады. Ең соңында таразыға салып, қарнындағы жеген тамағын өлшейдi. Ал сенiң башпайың бар-жоғы бесеу-ақ. Шашың – бес жүз, кiрпiгiн – жетi жүз. Ыстық суға шыдай алмайсың. Тамақ iш десе, iшпейсiң, қарныңда түк жоқ. Сондықтан биыл ойнай тұр, ендiгi жылы мектепке бiрiншi болып барасың. Оған дейiн шашың да қалыңдайды, кiрпiгiң де ұзарады, башпайың да көбейедi, – дедi, күлкiсiн жасыру үшiн баласының шұқыр желкесiне мұрнын тақап.
Ертең деп жүрген ертеңi ертегiдей ыстық су болды. Тiптi қайнап жатқан суға салса да, Елдес түнiмен сол ыстық суды ойлап, ыстық ертеңдi күттi.
Бiрiншi сентябрь күнi жалғыз көшелi ауылдың ортасынан болашаққа, ертеңгi келер керемет күнге шақырған коңырау үнi естiлдi.
Елдес те сөмкесiн көтерiп, тұра жүгiрдi. Жасы жетпесе, басы жетер, «ыстық суға» түсу керек. Жолың болсын, Елдес!