ҚАЛТАДАҒЫ ҚАЙЫҚ
Бiр күнi Азамат пен Болат екеуi асыр салып ойнап жүр едi, тау жақтан парылдап ұшып келе жатқан вертолет көрiндi. Олар алақайлап, вертолет қонатын жерге қарай жүгiре жөнелдi.
Аспан сатысымен абайлап түсiп келе жатқандай, вертолет тiк төмен сырғып, сауысқандай сақ қона қалды. Жұрт бiртiндеп есiгiнен шыға бастады. Ең соңынан Азаматтың Алматыда оқитын ағасы Арман көрiндi. Азамат пен Болат Арманның алдынан шығып, үлкен кiсi-лерше қол берiп амандастық. Бiраз жүрген соң Азамат шыдамады бiлем:
– Аға, чемоданыңызда не бар? – деп сұрады. Болаттың ойы осы чемоданда едi, ашса екен деп келедi.
– Бұл чемоданның iшiнде сендер көрмеген көп нәрсе бар, үйге барған соң берем, – дедi ағасы.
Бiрақ мына екеуi үйге жеткенше шыдайтын емес.
– Аға, қазiр-ақ көрейiкшi, – деп Азамат қыңқылдап болмады.
Арман iнiлерiнiң көңiлiн қимай, сары чемоданын ашты да, Азаматқа өзi аппақ, өзi жеп-жеңiл, әрi жұп-жұмсақ бiр қызық нәрсе бердi.
Азамат мұндай затты бұрын көрмеп едi.
– Бұ не, аға? – деп сұрады.
– Мына буып қойған жiбiн шешсең, не екенiн көресiң, – дедi ағасы. Азамат әлгi кiп-кiшкене заттың жiбiн тарқатып алып едi, құшақ жетпес үп-үлкен жастық болды да қалды.
– Иә, жастық, – деп құптады Арман. Азамат әлi аң-таң боп, аңқиып тұр. Жастық дегенге сенбей, иiскеп көрдi. Арман осындай жастықтың бiреуiн Болатқа бердi. Ол бұл екеуiнiң қылығына мәз болып, чемоданнан тағы бiр қаттап-қаттап қойған затты алды да:
– Ал, балалар, мынау қайық, – дедi. Бұған екеуiнiң сенетiн түрлерi жоқ.
– Қайық сондай бола ма екен? – деп екеуi мазақтай күлдi.
– Мұндай да қайық болады, балалар. Бұл қайықтың ең әдемiсi – судан өтерде мiнiп алып, судан өткен соң бүктеп-бүктеп қалтаға салып алуға болады. Сенбесеңдер қарап тұрыңдар, – деп әлгi затты бiр түтiгiнен үрлеп-үрлеп жiберiп едi, бұлтиып барып, кәдiмгi қайық болды да қалды.
– Ой, керемет-ай! – дедi Азамат. Болат та таң қалып, не дерiн бiлмей тұр.
Арман екеуiне осындай екi қайық бердi де:
– Ендi Ақтолқын өзенiнен оп-оңай өтесiңдер. Қайыққа жастықтарыңды қойып, жамбастап жатасындар да, қандай өзен болмасын жүзiп өте шығасыңдар.
– Мұндай әдемi заттарды кiм жасаған, аға? – дедi Азамат.
– Мұндай әдемi заттарды жасаған – химия.
– Химия деген адам ба, аға? – дедi Болат. Арман бұл сұраққа қалай түсiндiрсем екен дегендей, бiраз ойланды да:
– Химия деген адам емес, бiрақ адам үшiн, адамның денсаулығы, тұрмысы үшiн қызмет iстейтiн ғылым, үлкен өнер. Химия сендерге әдемi жiбек көйлек тiгiп бередi. Тiптi түймесiне дейiн өзi жасап, өзi қадап бередi. Кейiн мектепке барғанда химия сендерге осындай әдемi, пайдалы заттарды қалай жасауды үйретедi, – деп түсiндiрген болады.
Азамат пен Болат ағасының әкелген базарлығына да, қызықты әңгiмесiне де риза едi.