ЖАБАҚ БАСЫН ШАЙҚАЙДЫ
Ертең каникулға шығаратынын әр баланың iшi сезiп, қатты қуанып жүр. Әншейiнде бiрiн-бiрi түртiп қалса: «Ағайға айтам!» – деп арыз ала жүгiретiн қыздар да ұлдармен алысып, тiптi бiреулерi қойып кеп қалады. Ал кластағы әйгiлi тентектер қағып кету, талып кетудi мiсе тұтпай, басын жарға соғып, еденге жата қалып аунап, жылқыша кiсiнеп, құлынша шыңғырып, терезеден секiрiп кеткелi жүр. Әрине, бұл тентектiк болғанымен, қуаныш. Тек Жабақ қана екi жағын таянып, ойланып отырған адамша, мына насай-топыраға көңiлсiз қарап отыр. Анда-санда маңдайын шапалақпен салып қалып, басын ұзақ шайқайды. Бүкiл класқа естiлетiндей ғып таңдайын қағады. Әр балаға: «Әй, адам болмайсыңдар-ау, боздақтарым-ай! Мына түрлерiңмен...» – дегендей кейiппен қарап отырған қария сияқты.
Жабақтың көңiлсiз отырғанын көрiп жүрсе де бiр бала келiп: «Не болды?» – деп сұрамайды. Әлгi аспанға атылып жүрген аса әйгiлi тентектер де көре тұра жағдай бiлгiсi келмейдi. Өйткенi бәрi Жабақтың қисық сөзiнен сақтанып, маңайламайды.
Осындай қым-қуыт, айқай-шу, тым-тырақайдың үстiне мұғалiм кiрiп келдi. Үстi-басы бор-бор, шаң-шаң, жағал-жағал болып алған балалар орындарына қарай лап қойды. Парталарын сарт-сұрт, бырт-шырт еткiзiп жайғасып жатыр. Әлгi танымал тентектердiң бiрi шкафтың үстiне шығып кеткен екен. Ол шаңның арасынан еш нәрсенi жете көрiп, бағдарлай алмай тұр.
– Тынышталыңдар! – деген мұғалiмнiң даусын естiгенде ғана төменге секiрдi. Ат құлағандай гүрс етiп түстi де, орнына жүгiрдi.
– Дамылбаев, сен қайдан түстiң? – дедi мұғалiм ғана отыра берейiн деген танаулы балаға.
– Шкафтың үстiнен...
– Онда не iздеп жүрсiң? Басқа жер құрып қалды ма!
– Космонавт боламын деп...
– Қай космонавт шкафтың үстiнен секiрiптi?
– Кiшкентай күнiнде секiрген шығар деп ойладық ағай, кешiрiңiз...
Мұғалiм бұл сөзге күлкiсi келсе де, өзiн-өзi бөгеп жымиды да:
– Отыр, – дедi. Сосын есiк-терезенi ашып, өзi отырды. Оқушыларына барлай қарап едi, бәрi: «Ертең каникул, ә? Бiз де сезiп, бiлiп отырмыз», – дегендей қуанышпен жайнай қарайды. Бәрi де бiрдеңе айтатындай оқталып ыңғайланып алған. Тек Жабақ қана түнерiп, үндемей отыр Мұғалiм Жабақты қуантайын дегендей, қасына келiп:
– Балалар, ертең көктемгi каникулға шығасыңдар. Бүгiннен бастап боссыңдар, – дедi.
Барлығы «ура» десiп күлiп, даурығып жатқанда Жабақ алақанымен маңдайын шып еткiзiп салып қалды да басын шайқады.
Мұғалiм:
– Сен неге қуанбайсың, Жабақ? – дедi таңырқап.
– Неменеме жетiсiп қуанамын, қуанбаймын.
– Неге?
– Себебi бiр жұмадан соң бәрiбiр қайтып келемiз, неменесiне қуанамын.
– Ендеше, нағып ашуланып отырсың?
– Мен мына балаларға ашуланып отырмын. Дәп бiр осыдан сонау күзге дейiн босатып қоя беретiндей мәз болады, – дедi Жабақ. Сосын достарының бетiне қарап тұрып, көптi көрген қарияларша күрсiндi.
Балалар тағы не дер екен деп, аузына қарап аңырып тұр. Жабақ басын шайқап, орнынан тұрды да, дереу портфелiн жұлып алып, «ура!» деп елден бұрын тұра жүгiрдi. Мәз болып қуанып, ұшып-қонып, мектептi басына көтерiп барады.
Мұғалiм шағаладай шулап, қозыдай жамырап, мәз-мейрам бол кетiп бара жатқан оқушыларының артынан ұзақ қарап тұрды да, басын шайқап күлдi. Сосын:
– Әй, Жабақ-ай, сен де адам болар ма екенсiң? – дедi терезенi жауып жатып.