Сайт мәзірі
» » ҚАЙ КЕЗДЕ БОР ЖЕУ КЕРЕК?

ҚАЙ КЕЗДЕ БОР ЖЕУ КЕРЕК?

Жабақты атасы өте жақсы көредi.

«Қошақаным, құлыным, қозым, панам, ботам...». Осының бәрi Жабақтың екiншi аты. Бұған қоса әжесiнiң қойған алты-жетi аты бар. Осыншама аттың иесi – жал-ғыз Жабақ.

Сабақтан қайтарда ата-әжесi алдынан шығып қарсы алады да, үйге дейiн кезек-кезек көтерiп келедi. Үйге әкелiп түсiрген соң, оны тұрғызып қойып, әжесi оң аяғын, атасы сол аяғын шешедi. Бiрi маңдайынан сүйсе, бiрi таңдайынан сүйедi. Жабақ енесi жалаған бұзаудай көзiн жұмып, рақаттанып тұрады.

Бiр күнi мынадай оқиға болды. Мұғалiм Жабақты тақтаға шығарып, қиындау есеп берсе керек. Жабақ әрi жазады, берi жазады. Қайта өшiрiп, қайта жазады. Есептi шығара алмайды. Саусақтай бордан бармақтай қалғанда, атасының жүрегi қыжылдағанда бор жейтiнi есiне түседi. Сосын: «Қой, мына есеп менi мектептен шығармаса, мен бұл есептi шығара алмаспын», – деп борды жеп қойыпты.

Мұғалiм келiп:

– Қалай, есеп шықты ма? – дейдi.

– Есеп шығатын едi, бор жоқ.

– Бор қайда?

– Жеп қойдым.

– Неге?

– Аяқ астынан жүрегiм қыжылдап...

– Жүрек қыжылдаса бор жейтiндi қайдан естiдiң?

– Естiгем жоқ, көрдiм. Менiң атам күнiне үш мезгiл бiр бор жейдi.

– Жақсы бопты! – дейдi мұғалiм.

– Борды қайдан алады?

– Қайдан алушы едi, мен табам...

– Сен қайдан аласың?

– Қайдан болушы едi, осы мектептен аламын да.

– Жақсы бопты! – дейдi мұғалiм, – Бәсе, бор жетпейдi деп зар қағады мұғалiмдер, зар қағады.

– Жетпесе, бiздiң үйде бiр дорба бор бар.

– Сонша борды қайдан алдыңдар?

– Қайдан болушы едi? Осы мектептен алдым. Осы арада қоңырау соғылып, балалар тысқа шығады. Жабақты жеке алып қалып:

– Атай бор жейдi, сен бор жейсiң... Бүйтiп адам болмайсың, Жабақ. «Жүрегiм қыжылдады» деп, мектеп-тiң борын жегенше: «ағай, есептi шығара алмадым» деп неге шыныңды айтпайсың? Адам болмайсың. Бар үйiңе. Ертең бордың бәрiн алып кел, – дейдi мұғалiм.

Жабақ бор себеп болып, бүгiн үйiне ерте келедi. Келсе, ата-әжесi алдынан шығуға қам жасап, киiнiп, жаңа ғана кәлөштерiне жармасып жатыр екен.

– Өзiң келдiң бе, көкем? – дедi әжесi.

– Өзiң келдiң бе, ботам? – дедi атасы.

– Өзiм келмегенде, бiреудi ерте келдi ғой дейсiңдер ме? – дедi ашуланып келген Жабақ, қисық сөйлеп.

Тамақ iшiп жайғасқан соң Жабақ:

– Ата, - дедi.

– Әу, қарағым!

– Осы сiз нешедесiз?

– Алпыс сегiздемiн.

– Ендеше маған неге жөнi түзу бiр ақыл айтпайсыз? Жантайып жатқан қария тақиясы жерге түсе жаздап, оқыс бас көтередi.

– Не дейдi мына тентек?

– Олай дейтiнiм, маған: «Адам болмайсың», – деп бiр ұрыспай-ақ қойдыңыз ғой... Жұрт қисынсыз қылығы үшiн баласын шықпыртып алады. Бiр құлағына атасы келiп ақыл айтса, қалған құлағына кеп әжесi ақыл айтады... Екеуiң жабылып маған да бiр ұрсыңыздаршы... Ал ендi мен адам болсын десеңiз, ертеңнен бастап бәрiмiз бор жегендi қояйық, – дейдi Жабақ.

Атасы оның бұл сөзiне арса-арса боп, кешке дейiн күлiптi деседi.


Тегтер:
|
Автор: автор көрсетілмеген
|
Бөлім: Әңгімелер
|
Көрсетілімі: 4 653
Түсініктеме қосу
Ақпарат
Қонақтар тобында тұрған келушілер, осы жарияланымға түсініктеме қалдыра алмайды.