СУ АСТЫНДАҒЫ КӨПIР
Жабақ оқитын мектеп көршi ауылда едi. Өз аулындағы мектептi баланың саны жетпейдi деп биылша жауып қойған. Аты бары ат мiнiп, жаяуы екi аяғын мiнiп, есегi бары есегiн мiнiп қатынайтын мектепке. Биыл қар қалың түсiп, көктем көл-көсiр су боп кеттi емес пе?! Екi арада өзен бар едi (Бұл өзеннiң ертедi суы болған, суында балығы да болған деседi). Осы өзен көктемде ғана су көрiп, өктем боп, содан ала жазда «аузы» құрғап, аяқ астында жататын. Дегенмен ауыл ағалары көктемнiң кейбiр тентек қылықтарын ескерiп, үстiнен көпiрсымақ жасап қойған. «Шолақ сай тез тасиды» дегендей, биыл әлгi өзен ауыздығымен алысып, сөзге келмей кеттi. Елде: «Көпiрдi алып кететiн болды-ау» деген үрей-үркiн әңгiме боп жатқанын оқушылар да естiп жүрген.
Бiр күнi сабаққа келе жатқан балалар аман-есен тұрған көпiрдi көрiп, дәп бiр бұларды кеме күтiп тұрғандай қуанды. Мәз болып, көпiрмен өттi.
Тек Жабақ қана айқайлап, ағып жатқан суға есек-месегiмен қойды да кеттi.
Арғы бетке «қарғып» өткен балалар аң-таң.
Жабақтың есегi судың астынан аяғымен бiрдеңе iздегендей түртiнiп, «бұ жер емес, мына жер едi-ақ дегендей, сақ жүрiп келедi. Анда-санда кiдiрiп, құлаштай құлағын қайшыландырып «ойланады». Жабақ «бағытың түзу, осылай жүр» деп, жол нұсқап қояды. Екеуi ақылдасқан-мақұлдасқан адамдай, бiрiнiң тiлiн бiрi алып, ақыры арғы бетке бұлар да шықты.
– Әй, Жабақ-ай, көпiр тұрғанда декiр боп су кешiп... Мұның не? – дедi қыли қыз.
– Мен судың астындағы өзiм салған көпiрiммен өттiм. Сендер сумен өттiңдер, – дедi Жабақ шым етпей.
– Су астына да көпiр сала ма екен? «Жабақ, Жабақ!» деген сайын, сен өзiң ақымақ боп бара жатырсың-ау! – Бұл сөзге судан құрғақ шыққан қу балалар өтiрiк болса да, шын болса да көп күлдi.
Жабақ әлгiлер әбден күлiп болған соң ғана:
– Сендер ақымақсыңдар! Бiз сабақтан қайтқанша мына көпiрдi су шайып кетсе, менiң көпiрiммен өтпей, ненiң көпiрiмен өтесiңдер? – деп қарқылдап едi, су-су есегi де бiрдеменi түсiнгендей: «И-а-а, И-а-а!» – деп ақырып, иесiз даланы басына көшiрдi.