«ҚАЛҒАНЫ КЕКIЛ БОЛСЫН...»
Бекбатыр атай балалардың шашын алуды дәп бiр қызық кiтап оқығандай жақсы көредi. Алайда, атайдың шаштараздай қайшы, машинка секiлдi аспабы көп емес. Бұл кiсiнiң бар құралы – ұстара. Оның өзi нағыз ұстара емес, кiшкентай пышақ.
Күндегiдей ұстарасын қайрап отыр едi, көшенiң аяғында тұратын Жабақтың жетiп келгенi. Атай шақырып алды да:
– Балам-ау, шашың желкеңдi көмiп кетiптi ғой, сонша өсiргенiң не оны? Тез жiбiтiп жiбер, алып берейiн, – деп едi, Жабақ қиқалақтап:
– Ертең шаштаразға алдырамын, – дедi.
– Шаштараздың мәшинесiне тырнатпай-ақ, мен алып берейiн, жiбiт шашыңды, – деп атай бой бермеген соң, Жабақ амалсыз келiстi. Атай шекпенiнiң қалтасынан ұстарасын алып, тiзесiне жани бастап едi, Жабақ шошып кеттi:
– Ата, мынауың пышақ қой!
– О, жаман, пышақ-мышақта шаруаң болмасын. Әйтеуiр шашыңды алып берсем болмай ма саған, – деп, атай Жабақтың самайынан сырт дегiзiп бiр тартты. Жабақ үндемей отыр. Бiрақ аяғының башпайлары жиы-рылып жазылып қояды. Бiр кезде бетiне қарасам, дәп бiр сасыған жұмыртқа жеп қойған адамдай тыржиып отыр.
– Ауырған жоқ па, балам? – деп қойды атай.
– Жоқ-о-оқ, – дедi Жабақ осы сөздiң әр әрпiн тiсiнiң арасынан сығымдап шығарып. Атай сырылдатып жаңа ғана желке жаққа ауысқан едi, Жабақ шыдамай кеттi-ау деймiн.
– Ата, сiз жұлып жатырсыз ба? – дедi жыламсырап.
– Жоқ, қарағым, жүзi қайтып қалған ғой мына иттiң, Қазiр қайрап алайын, – деп ұстарасын алақанына жанып-жанып алып, қайтадан кiрiстi. Жабақ ендi бәрiн қойып, жыламак болды. Азар болса шаштаразға барармын ден ойлады ма:
– Ата, қалғанын ертең алсаңыз қайтедi, – деп пышың-пышың еттi.
– Ой, ақымақ, жарты шеке болып қайда барасың, балалар күлмей ме? – деп атай оны жiгерлендiрiп көрiп едi, Жабақ:
– Ата, әйтпесе қалғаны кекiл болсын, – деп өтiндi.
– Өй, есуас, желкеге кекiл қойған кiмдi көрдiң. Ала-қандай жер қалды, шыда ендi, жiгiт емессiң бе? – деп атай тағы қайрап қойды.
– Мен сiздiң ұстараңыз бар екен десем. Бұны бiлгенде ертең шаштаразға-ақ алдырар едiм. – Жабақ өкпесiн айтып болғанша, атай да шашты алып бiттi.
– Ал, бара ғой. Шашың өскенде маған кел, – дедi масайрап.
Жабаққа ұнаған жоқ. Былай ұзаңқырап шығып ал-ған соң:
– Ата, – дедi.
– Е, немене, ақы төлейiн деп пе едiң? – дедi атай.
– Ендi сiзге шаш алдырсам, желкемнiң шұқырын көрейiн, – деп тұра қашты. Қашып барады, дуылдаған басын сипалап барады.