ҚАУЫРСЫН ҚАЛАМ, АҒАШ ҚАЛАМСАП ЖӘНЕ БОЛАТ ҚАЛАМҰШ
Ақ қаз су жағасында мамырлай жайылып жүр едi, құлағына шаң-шұң керiскен дауыс естiлдi. Дауыс шыққан жаққа мойын созып қараса, о, ғаламат, кәдiмгi ағаш қаламсап пен болат қаламұш! Екеуi терезенiң алдына шығып алып, бiрiне-бiрi кiжiнiп, салғыласып тұр.
– Менiң пайдам адамға сенен гөрi он есе артық тиедi. Мен оның көңiлдегiсiн қағазға айнытпай жазып беретiн қолғанатымын. Менсiз сен түкке де аспайсың, – дейдi Қаламұш шiңкiлдек жiңiшке үнмен.
– Мен болмасам, сия сауыттың iшiне күмп етiп, батып кетер едiң, болмаса иеңнiң қолын былғап, сөгiс естiп жатар едiң, – дейдi Қаламсап оған дау айтып.
Ақ қаз бұл сөздердi естiп, өз-өзiнен мырс етiп күлiп жiбердi. Содан соң мойнын одан бетер созыңқырап:
– Әй, достарым, сәл сабыр етiңдер. Екеуiңнiң та-ластарың менiң күлкiмдi келтiрiп тұр, – дедi.
– Неге? – деп үрпиiстi Қаламсап пен Қаламұш. Ақ қаздың бұған ашуы келiп кеттi де:
– Мен болмасам, сендер дүниеге келмес едiңдер. Бүйтiп таласып тұрмас едiңдер. Мен сендердiң аталарың болам! Сендер, екеуiң де менiң қауырсынымнан жаралғансыңдар! – дедi Ақ қаз.
– Қайтiп?
– Бiлмесеңдер, тыңдаңдар әулекiленбей, – деп, Ақ қаз әңгiмесiн шұбырта жөнелдi. – Адам бiр кезде менiң қауырсынымды ұштап, ұшын екi айырық қып үшкiрлеп, жазуды сонымен жазатын едi. Оны қауырсын қалам деп атайтын. Арада талай заман өттi. Жер бетiнде жазу бiлетiн адамның саны көбейдi де, қаздың қауырсыны оларға жетпейтiн болды. Содан соң адам ағаштан қаламсап жасап, оған қаз қауырсынынан қаламұш тiлiп орнататын амал тапты. Бұлай еткенде бiр қауырсын талай адамның пайдалануына жарайтын едi.
Арада тағы да көп-көп жылдар өттi. Жазу бiлетiндер бұрынғыдан да молайды. Қаздың қауырсынына мұқтаждық арта түстi. Сонан соң адам әрi толғанып, берi тол-ғанып мына сенi, болат Қаламұшты ойлап тапты. Екеуiңнiң дүниеге келу тарихтарың, қысқартып айт-қанда, мiне, осындай, – деп, Ақ қаз сөзiн түйдi.
Ағаш Қаламсап пен болат Қаламұш бұл жайды бұрын-соңды естiмегендiктен, екеуi бiр-бiрiне таңыр-қаса қарасып тұрып қалды.