КӨРШIНIҢ КЕСIРI
Тұрар бүгiн ерте оянды. Бiрден жолдастары есiне түстi. «Ертең тауға шығайық, шаңғы тебейiк, мектепке ертерек кел», – деген олар. Сол жайды ол кешiне шешесiне айтып едi. Әлпеш үлкен ала көзiн баласына өткiр қадап тұрып қалған. Бұл оның «бармайсың, түнiмен жөтелiп шықтың, ауырып каласың», – дегенi. Шеше мiнезiне сыралғы бала оны жақсы түсiнедi. Бiр мезет ол: «Рас, жөтелсем, жөтелетiн шығармын. Ұйықтап жатқанда, қорылдайсың, десем, мамамның өзi де «кет әрi» деп, нанбайды ғой, кiм бiлiптi», – деп күдiк-тенетiн де.
Сонда да ол «қайтсем мамамның көңiлiн табамын» деп түнiмен ала көңiл болып жатты. Байқаусызда жөтелiп қалмауға тырысты.
Мiне, ендi завод гудогi де айқайлады. Таңғы сегiз болып қалса да, қыстың ұзақ түнi енжар сейiлiп, үй iшiне ендi-ендi ғана ала сәуле енiп келедi. Қарсы қабырғада iлулi тұрған әке-шешесiнiң жас кездерiнде бастарын түйiстiрiп түскен суретiнiң жалпы нобайы ғана көрi-недi.
Тұрар түрегелдi. Анасынын қасына әлденеше барды. Оята алмады. Батылы жетпедi. Айна алдына келдi. Шешесiне тартқан үлкен ала көзiн уқалады: Мандайына үйiле түсiп тұрған кекiлiн жоғары қайырды. Көзiнiң алдындағы томпақты iскен бе деп басып едi – үнемi көтерiлiп тұратын бет сүйегi екен. Ол да бұған мамасынан ауысқан. Бiрақ мұрнын айт, иiлiп келген қоңқақ мұрыны нағыз папасының мұрынындай. Тұрар сәл ойланып тұрды да секiре бастады. Физзарядка жасаған болып едендi дүрсiлдеттi. Алақанын шартылдатты.
Бiразға дейiн түсiм екен деп, ұйқылы-ояу түсiнбей жатқан Әлпеш ала көзiн кең ашып, берi қарады. Аузын болар-болмас бiр сылп еткiздi де:
– Мұ не, сайтан? Iшiне арыстан ойнап бара ма, ойнақ салып? Жат! – деп жекiдi.
Тұрар иiлiп келдi де, Әлпештiң мойнынан құшақтап алды.
– Мама, мамуня, мектепке барамын мен. Қатты ұйқыдан кенет оянған Әлпеш ештеңеге түсiне алмады.
– Мектепте не бар таң атпай? Бүгiн демалыс емес пе? – Содан кейiн есiне бiрдеме түстi бiлем, басын көтерiп алды. Ұйқы басқан көзiн сығырайтты:
– Мектепте ештеңе де жоқ. Түнiмен жөтелiп шыққаныңды бiлмейсiң-ау, жазған неме.
Тұрар тағы күдiктенiп қалды. Мүмкiн бiр ауық қатты ұйықтап кеткен болар, жөтелгенiн сезбеген ғой, сiрә.
– Одан да үйде бол. Тiгiншiнi шақырғам, көйлек тiктiрем саған, – дедi Әлпеш көзiн қайта жұма түсiп.
Тұрар көнiп қалды. Ас үйге шықты. Диванға келiп жатып едi, ұйқысы келмедi. Қайта түрегелдi. Аузын аңқайта есiнеп бiраз отырды. Төр үйдiң есiгiнен барып сығалап едi, мамасы қалың ұйқыға қайта кеткен екен. Басқа бiр төсекте терiс қарап папасы да жатыр. Тұрар есiктi жауып қойды да, ендi терезе алдына келдi.
Үлкен терезеден күңгiрт аспанның бiр кiшкене бөлегi ғана көрiнедi. Қалың қар жауып тұр. Көлбемей, ұйтқымай тiк, баяу жауып тұр. Үлкен қар ұлпалары жерге түсерде қызық. Баяу қалқып келедi де, сәл орала берiп құсша қонады. Жел жоқ, дыбыс жоқ. Күңгiрт аспанға бойлап тұрған қыраулы биiк ағаштардың басы қыбыр етпейдi. Есiк алдындағы алма ағаштарының қырауытқан қалың бұтақтары бiр-бiрiне айқаса иiрiлiп, қиян-қилы өрнек жасаған. Ағаштар да аспанмен реңдес. Жұлдыз сияқты ұзын кiрпiктi қар жапалақтары әлсiн-әлi терезе көздерiне жабысады да, кенет ерiп, төмен қарай сырғанай жөнеледi. Жер дүниенiң бәрi аппақ. Тек терезе тұсындағы бiр түп қарақат шiлiгiнiң астыңғы жағы ғана қарауытып көрiнедi. Шартақ қадалары қардан басына қоқырайта қалпақ кие бастаған. Осының бәрi Тұрарға әлдебiр кинодағыдай болып елестедi. Кенет жүрегiн әлдене шымшып еткендей болды. Жолдастары осы бiр қиял дүниесiмен сырғанап бара жатқандай.
Терезе жақтауына шығып алды. Желдеткiштi ашып қойды. Жылы қыс таңының сызды жұмсақ лебi соқты. Есiк алдынан өтетiн тар жолдың арғы бетiн бойлап ағатын тау өзенiнiң шуылы келдi. Тұрар желдеткiштен басын қылтитты. Қар жапалақтары келiп қона бастады. Дыбысы жоқ, салмағы жоқ болса да дененi түршiктiрер зәрi бар. Тұрар түшкiрiп салды. Содан кейiн шешесiнiң «суық тиiп қалады» деп мұны терезе жақтауына да шығармайтыны есiне келдi. Жерге түстi, сағатқа қарады. Әлi тоғыз болған жоқ. Тұра сала кiтап оқығысы келмедi. Ендi не iстеу керек? Ол күндегiше жылы киiндi де, далаға шықты. Қолғабын шешiп, қада басындағы қарды жентектейiн деп едi, анасы әлдебiр тасадан iзiн бағып тұрған сияқты көрiндi. Ауладан шықты да, өзен қабағына барды. Басқа жерден айқын ағараң тартып, су арнасына қарай қиыс жатқан жiңiшке соқпақ үлкен бiр қойтасқа барып тiреледi. Сол жерден мұз құрсауын тесiп шықкан ағын су жаңағы тасқа келiп соғады да, күмiс көбiгiн аспанға шашыратып кейiн лықсиды. Сәл кiдiрiс жасайды. Содан кейiн бұрынғыдан да бiр жойқын шапшаңдықпен төмен қарай жоси жөнеледi.
Тұрарды бұл көрiнiс те жалықтырып жiбердi. Бiр сәтте конькиiн алып, мұзды асфальтқа шықсам ба деп ойлап қалып едi, шешесiнiң ескертпесi кенет есiне түстi: «көшеде коньки теппе! Машина басып кетедi». Не iстерiн бiлмей, бүкiл кешеге сыймай зерiккен бала үйге беттей бердi. Сол кезде төменгi беттен кенет машина даусы естiлдi.
Үй бұйымдарын артқан жүк машинасы мұның қасынан өтiп, жуырда ғана бiткен көршi үйдiң алдына келiп тоқтады. Кабинадан өзi қатарлы бiр бала шықты. Үстiндегi пальтосын шешiп, қар үстiне бүктеп қойды. Содан соң машина үстiнде тұрған орақ мүрттыға қарап:
– Папа, мамам екеуiң түсiре берiңдер, мен таси берейiн, – деп дауыстады.
Тұрардың күлкiсi келiп кеттi: «Гардеробты қалай апарады?» Бiрақ бала сөзiне орақ мүртты да, оның ар жағында тұрған шәлi жамылған әйел де күлген, қарсылық жасаған жоқ. Әуелi жеңiл нәрселердi жерге алып қоя бердi. Кабинадан түскен бала үлкендерше аяғын нық алып, үйге таси бастады. Ендi бiрде үлкен радиоқабылдағышты көтере жөнелдi. Тұрардың жүрегi су ете қалды: «қап, түсiрiп алады-ау». Жоқ түсiрмедi. Еркiн адымдай басып үйге кiрдi де, қайта шықты.
Осы кезде Тұрар да машина жанына келдi. Оң бүйiрден көрiнген орта бойлы, шапшаң жүрiстi әйел бұған мейiрлене қарады.
– Көршiнiң баласымысың? Тiптен жақсы, бiздiң Қамбаржанға көмектесiп жiбер, қарап тұрма.
Тұрар еркiн басып, Қамбардың жанына қатарласа келiп тоқтады да, алдында жатқан шағындау жәшiктi көтеруге еңкейдi.
– Оны сен көтере алмайсың, былай тұр, – дедi Қамбар жақындай берiп, үлкендерше сөйлеп.
Тұрар бойын жазды. Байқап қараса Қамбар бұдан көп аласа екен.
– Онда папамның темiр саймандары бар, – деп Қамбар қайталап айтты.
Өзiн үлкенiрек санаған Тұрар алғашқы кездескен бейтаныс балаларға тән мiнез көрсетiп, өктемдеу сөйледi.
– Өзiң нешедесiң?
– Өзiң ше?
– Мен бұрын сұрадым ғой.
– Мен он екiдемiн, – деп жауап бердi Қамбар.
– Мен, ендеше, он үштемiн.
– Ендеше, мен бесiншi класта оқимын, – дедi Қамбар мектепке жетi жасынан барғанын танытып.
Тұрар коңқақ мұрнын бiр тартты да, үндемей қалды. Соны Қамбар пайдалана калды.
– Дәу де болса, сен осы төртiншi класта оқитын боларсың! – деп тұра қарап күлдi. Оң қабағынын астындағы тыртығы Тұрарға ендi айқын көрiндi. Не себептi екенi белгiсiз, сол тыртық бұған төбелестен болған сияқтанды. Ұтылмасқа ұмтылды.
– Иә деген. Мен де бесiншi класта оқимын. Қамбар жымия күлдi. Бала аңғалдығын қызықтаған үлкен адамның мысқылды күлкiсi секiлдi.
– Ә, солай ма?!
Тұрар жәбiрленiп қалды. Қамбардың қайтсе де бiр әлсiз жерiн таппақ болды.
– Мен, ендеше, сабақты беске оқимын.
Әлгi бiр қабақ астындағы тыртық берi тептi де, оның дөңгелек жүзiне жаңағы мысқылды күлкi тағы жүгiре қалды.
– Солай ма?! Ал, мен тiптi нашар оқимын. – Содан кейiн жиiркенгендей бiр кейiпке келдi. – Мақтаншақ!
Оның бұл сөзiнде кекесiн барлығын, сабақты нашар оқитын бала бұлай еркiн сөйлемейтiнiн Тұрар аңғара қойды. Тағы жеңiлiп қалғанын сездi.
– Ал сенiң үйiңде пианино жоқ, бiзде бар, – дедi Қамбарды немен мұқатарын бiлмеген ол.
Қамбар саспады:
– Пианиноның керегi де жоқ бiзге. Пианино алатын ақшамыз да жоқ. Мүмкiн, сенiң папаң үлкен начальник шығар, ақшаны көп табатын шығар. Ал менiң папам заводта жұмысшы болып қана iстейдi.
Тұрар папасының iрi жерде қызмет iстейтiнiн де, жалақыны көп алатынын да айтып мақтанайын деген жоқ едi. Қамбарды жеңер сөз таба алмаған соң айтқан. Тағы да ойлағаны болмады. Тағы да ұтылып қалды. Бiрақ бейтаныс балаға берiле салғысы келмедi. Өзiнiң бiр жас үлкендiгiн пайдаланып күшiн асырмақ болды. Оған үйден әлдебiрдеменi жайғастырып, кешеулеп шыққан шапшаң жүрiстi әйелдiң:
– Манадан берi сол бiр жәшiктi көтере алмай тұрсыңдар ма екеулеп? – дегенi де қамшы болып кеттi. Еңкейе берiп жерден жәшiктi көтерiп алмақ болып едi, көзге қораш көрiнсе де, қозғала қоймады.
«Көтере алмаймын ба?» деген күдiк те, тер де бұрқ еттi.
– Айттым ғой көтере алмайсың деп, – дедi Қамбар. Қарап тұрмады. Күбжеңдеп жатқан мұның алдынан келiп жәшiктi өзiне қарай тартты. Тұрар таласпады, бiрден шалқайып та тұрып қалмады. Үлгере алмай қалған адамның қимыл-қыбын жасай бердi. Қамбар жәшiктi шiрене көтерiп алды да, жүгiре басып үйге қарай жөнелдi. Тұрар ызаланып кеттi. Өзiне ме, әлде өзгеге ме, оны тiптi бiлмедi. Бiр сәтте оны салып жiбер-гiсi де келдi. Өзiнiң әлсiздiгiн әшкере еткенi үшiн бе, әлде аздап қыр көрсетiп жүргенi үшiн бе? Оны да шамалап, жауап iздеп жатпады.
Қамбар қайтып оралған бетiнде ентiге тұрып сол бiр жаман сезiмнiң отына май құя түстi.
– Айттым ғой көтере алмайсың деп... Мықты болсаң, мынаны көтершi,
– Қамбар кабинадан екi басы шоқ-
парланып келген екi үлкен темiр кесектi алып шықты.
Мектептiң спорт залында осыны Тұрардың талай көргенi бар едi. Ересек балалар бiрiнен соң бiрi алып көтерiсетiн де жататын. Сонда да қапелiмде аты есiне түсе қоймады. «Мұның аты не? Бiлесiң бе?» деп сұрап қала ма деп қыпылдап тұр. Бiрақ Қамбар оның атын сұрап жатпады.
– Мықты болсаң осы гантельдiң бiрiн алшы, көрейiн неше рет көтергенiңдi, – деп өзi айтып жiбердi, сөзi керiмал жатса да, Тұрар қуанып кеттi. Iркiлмей барып оң қолымен гантельдi көтерiп алды. Көкке қарай ұшырта бастады. Бiрақ бұл тынық күштiң ғана қарқыны екен. Қары талып қалды. Зорға дегенде жетiге жеткiздi.
– Бәлi, – дедi Қамбар екi қолына екi гантельдi алып жатып. – Ал санап бер.
– Бiр... екi... үш... сегiз... он бес... жиырма... – Тұрар санаудан жалығып кеттi. Қамбар болса әуелгi бiр баяу ырғақпен көтере бердi. Сонда оның есiне ертерек кезде, үйiне су құбыры тартылмай тұрған кезде келiп-кетiп жүретiн бiр студент қызға Әлпештiң: «Бiр шелектi қой, шырағым, екi шелекпен бар, көтеруге жеңiл болады», – дейтiнi түстi. Қамбар тәсiл жасап тұр деп ойлады.
– Екi гантельдi бiрдей көтеру, әрине, оңай.
– Оңай болса, көтере ғой. – Қамбар гантельдi бұған ұсына бердi. Тұрардың бетi қайтып қалса керек, ұмтыла қоймады. Жалтара сөйледi.
– Гантель көтеру дегенiңдi бiлмеймiн мен. Күресе-мiсiң өзiң?
– Кел, күресемiн.
Екеуi де қожырая, сүзiсе келiп айнала бердi де, ұстаса кеттi. Жығам деген сенiммен ұстаған Тұрардың аз-кем арам ойы да бар. Iштен алғансып, екi шаттың арасынан тiзесiмен бiр-екi рет нұқып қалды. Қамбар оны басында сезген болса керек, жамбасқа ала бердi де, оның басын төмен тұқыртты. Тұрар кейiн шалқайды. Сол бiр сiресiп тұрған кезде Қамбар қолын босатып қоя бердi. Тұрар шалқалай барып құлап түстi. Басы машина дөң-гелегiне соғылды.
Жаңа табысқан екi баланы ойнап жүр деп, өз шаруаларымен айналысқан ерлi-зайыптылар сасып қалды. Тұрар тұратын емес, көзiн жұмып қозғалмастан жатыр.
– Келмей жатып мұның не? Мұндай сұмдықты жасамаушы едiң ғой! – деген әйел даусы шықты. Оған еркек даусы қосылды:
– Ой, мұндай, мұндай тентектiктi кiм үйреттi саған? Сен өзiң кiмнен туған немесiң? Қайда өскенсiң деймiн? Бұрышқа тұрғызып қояйын ба, осы, ә?! Қамбар бар айыпты мойнына алғандай. Дыбысын да шығарған жоқ.
– Көтер, қолынан, тұрғыз! Кешiрiм сұра! Татулас! – дедi бастапқы әйел даусы. Жiңiшке де өктем шығып жатыр. Қамбар иiлiп келiп, қозғалмай жатқан мұның кеуде тұсынан қапсыра құшақтады да, тiк тұрғызды. «Бiржола тұқыртып алайын», – деп ойланған Тұрар басын сипалай бердi:
– Ауырып барады, әкетiп барады.
Қамбар да, оның ата-анасы да бәйек болып қалды. Сол кезде бұл құбылысты терезеден көрiп, үйден айқай сала шыққан Әлпештiң даусы естiлдi. Бiр көзiн сығырайта ашып қарап едi, шашы дудырап жүгiре басып келедi екен. Шаң-шұң сөйлеп келедi.
– Келмей жатып қыра ма, түге! Ойпырай, ендi не iстемекпiн? Өлтiрдiңдер-ау жалғызымды бәрiң жабылып.
Ұйқыдан жаңа тұрған шешесiнiң жәбiрленген бала жағдайын жаманға асыра жоруы болар деп шамалаған ерлi-зайыптылар Әлпеш аузынан шығып жатқан артық сөздерге мән бермей кешiрiм сұрай бердi.
– Кешiрiңiз, осында өздерi ойнап жүрiп... Тiптi ойда жоқта... ойнап жүр десек... ештеңе етпес ендi, – деп сас-қанда сөздiң басын буа алмай жатыр.
– Кешiрiмi құрысын! Бүлiк сала келдiңдер ғой, түге, құрттыңдар ғой, түге, – деп Әлпеш даурыға келiп баласының басынан құшақтады, – ұйбайи... жарылып қалыпты ғой. Ендi не iстейiн, мына қара, қан сорғалап тұр...
«Қан сорғалап тұр» дегенде Тұрардың өзi де шошып кеттi. Басын сипап едi, ештеңе бiлiнбедi. Сонда да: «Мамам көрiп тұр ғой, сорғаласа сорғалап тұрған шығар», – деп күдiктендi.
Әлпеш даурыға бердi:
– Мына қараңдар! Мұнда келiңдер. Қайдасыңдар, түге? Келiңдер мұнда! – Содан кейiн Қамбардың шеше-сiне төндi, – жалғыз балаңды бетiмен жiберiп, не сандалбай сенiкi?! Көргенiң аз ғой, тегi.
Қамбардың шешесi долы әйелдiң ауанына бой ұсынса да, iштей кекете сөйледi.
– Ойпыр-ай, бiр ағаттық болды ендi, кешiре көрiңiз ендi. Көргендi адам көрiнесiз ғой.
Бұл сөздiң байыбына бармаған Тұрар: «Менiң мамам бәрiңдi де бүрсеңдетер әлi», – деп iшiнен күлiп қойды.
Арада талай күндер өттi. Екi жақтан да айыбы болған балалық iстiң өкiнiшi де басыла бердi. Сонда да көршi баланы Тұрардың көргiсi келмедi. Тiптi оған деген ендi өшпендiлiгi де жоқ секiлдi. Сонда да аулақтана бердi. Есiк алдында, аула iшiнде ұшыраса қалса бұрылып кететiн болды. «Бұзылған бала екен, араласушы болма» деген шеше сөзiн мүлтiксiз орындауға тырысты.
Ал Қамбар болса, бәрiн де ұмытқан секiлдi. Бiр-екi рет бұған дауыстап үн де қатқан-ды. Тұрар оқитын мектепке ауысқан соң, басқа танысы болмағандықтан ба, әйтеуiр, бұған жақын жүруге тырысып жүрдi.
Тағы бiр күн өттi. Әлпеш ертемен Тұрардың тамағын бердi. Сумкасына бiр плитка шоколад, бутерброд салды. Жылы киiндiрдi. Жолда қолғабын шешпеске, қар жемеске, мектепте суық су iшпеске уәдесiн алды да, сабағына аттандырды. Аз-кем уақыт өттi. Есiк қайта ашылды. Тұрар қайтып кiрдi. Аласы көп үлкен көздерi шарасынан шығып кеткен. Түсi қуқыл тарта қалыпты.
– Мама... сұмдық!
Әлпеш бала соңынан сыртқа шықты. Ашық атқан таңда қытымыр аяз бар. Жылы үйден жеңiлiрек шыққан оның денесi дiрiлдеп кеттi.
Тұрар шешесiн тұра өзенге алып жүрдi. Аяз сорған қатқақ қар жүрген сайын сықырлайды.
Екеуi де өзен жарына келiп тоқтады. Төменде, бiр тесiктен атқып шығып, булана ағып жатқан су жағасында кiшкене Қамбар тұр. Белiне дейiн жалаңаштанып алған. Үлкен түктi орамалды шелектегi суық суға батырып алады да, онсыз да қызарып кеткен арқасын ысқылайды. Әлпеш көзiн басты. Тұрар бiр сәт қызықтай қарап тұрып қалды. Ерiксiз дауыстап жiбердi.
– Қамбар!
Әлпеш зекiп тастады.
– Дауыстама. Кеше осы баланың күлгенiн көрiп едiм. Аузы қисайып кетедi екен. Бұл жынданған бала! Қыстың сақылдаған сары аязында сау адам суға түсе ме әйтпесе. Бар сабағыңа! Жөнел! – деп Әлпеш үйге қарай беттедi. Бұл сөздердi естiп тұрған Қамбар күлiп жiбердi. Iшек-сiлесi қата ұзақ күлдi.
Сол күннiң кешiнде Тұрардың бар әңгiмесi Қамбар жайында ғана болды.
– Мама, Қамбар қайтедi ендi, өле ме? – деп сұрады.
– Қысты күнi суға түскен бала өлмегенде қайтушы едi.
Тұрар түнiмен ұйықтай алмай шықты. Көзi iлiнсе-ақ болғаны ұйтқыған боран соғып кетедi. Сол боранның арасында жалаңаш Қамбар көрiнгендей болады. Сақылдап күлген даусы келедi. Кенет сол күлкi жүректi тырнар, жан түршiктiрер, қорқынышты бiр музыкаға айналып кетедi. Көршi үйден әлдекiмдер табыт шығарып бара жатқандай болады. Тағы бiрде шошып оянды. Тұра сала далаға жүгiрдi. Сәске болып қалған. Көршi үйге үңiле қарады. Жым-жырт. Тiк шатырға түнiмен қонақтаған ұлпа қар төмен қарай баяу сырғанай бередi де, гүрс ете қалады. Бақша iшiнде iз жоқ. Жемiс ағаштары сол ақ қырау жамылған күйiнде мелшиiп қалған. Ақша қар басқан тау беткейi өзi кинодан көрген мұз таулары бар ак теңiз секiлдi. Сол теңiздiң биiк бiр жотасынан асып, қан күрең тартып күн шығып келедi. Тұрардың денесi түршiгiп кеттi. Бәрi де бiтiп қалған, түнде Қамбарды табытқа салып белгiсiз бiр жаққа алып кеткен сияқты. Сол кезде көршi үйдiң әлi сыры кеппеген қызыл есiгi шалқалай ашылды да, ар жағынан Қамбар көрiндi. Кешегiдей жалаңаш қалпы. Қолында түктi орамал. Сәл керiлiп, екi-үш рет әдемi бiр қимыл жасады да, өзенге қарай жүгiре жөнелдi. Тұрар үйге оралды. Таңғы тамақ үстiнде ол папасына бұрылып:
– Осы, менiң мамам өтiрiкшi, – дедi. Әлпештiң бет-ұшы шұңқырайып, көнтек ернi жыбырлап кеттi. Қазыбек қарқылдап күлдi.
– Неге өтiрiкшi?
– Кеше мамам Қамбарды өледi деген. Түк те еткен жоқ. Ол әне, тағы барып өзен суына шомылып жатыр.
* * *
Сол күнi Әлпеш жаңа қоныстанған көршiнiң үйiне барды. Оны дөңгелек жүздi, қара көздi, кескiндi әйел жылы ұшырай қарсы алды.
– Жоғары шығыңыз, отырыңыз. Шай қоя қояйын. Таныса алмай жатырмыз. Қоныс тойын жасай алмай жатырмыз, – деп шашпай сөйлеп, құрақ ұшты. Бұл сол Қамбардың шешесi Гүлжәмила едi. Завод коммутаторында телефоншы болып қызмет iстейтiн. Өз кезегiнен жаңа ғана келiп отыр екен.
Әлпеш оның сөзiн салғырт тыңдады. Көлегейлемей өз ойындағысын бiрден айтты:
– Осы сенiң балаңның есi ауысқандау ғой деймiн. Солай ма?
Гүлжәмиланың түсi бұзылып кеттi.
– Есi ауысқандауы қалай?
– Есi ауыспаса, қысты күнi суға неге түседi? Гүл-жәмиланың өңiне бұрынғы жайдарылығы қайта жүгiрдi.
– Жындылығы емес ол. Жас күнiнен бергi дағдысы. Өзi қыс қарсаңында туған едi. Жылы орап далада ұйықтатып жүрдiк. Содан кейiн қысты күнi де далаға ұйықтататын болдық. Үйренiп кеттi. Әлпеш тағы өз сөзiн сөйлей бередi:
– Қысты күнi өзенге шомылу жақсы тәрбиеден емес.
– Ойпыр-ай, бала күнiнен дедiм ғой. Кiшкентайы-нан үйренiп кеткен, – деген Гүлжәмила әлi де Әлпештi иландыру ниетiнде.
– Қыстың аязында он екi жасар бала өзенге барып суға түседi, – деп Әлпеш таңдана айтты. Басын шайқады. «Не шешесi, не баласы жынды, екiнiң бiрi».
Ештеңенi ұғып болмайтын мына әйелмен таласа берудi жөнсiз санаған Гүлжәмила ендi оның сөзiн қы-зықтап, күлiп қалды.
– Неге күлесiң? Жынданбасаңдар, баланы бұдан кейiн өзенге жiбермейтiн бол! – дедi де, Әлпеш есiктi тарс жауып шығып кеттi.
Не дерiн бiлмеген Гүлжәмила қайран қалып тұрып қалды.
Сол күннен бастап Тұрар пiкiрi күрт өзгердi. Қамбар оған ендi басқа бiр сипатта елестейтiн болды. Жатса-тұрса көз алдында. Бiр күнi түсiнде Тұрар қатты қиналды. Қалың боран соғып кеткен. Адасып жүр. Айқайласа даусы шықпайды. Осы кезде ақ түтек арасынан Қамбар көрiне кеттi. Сом денесiн тiк ұстап, нығыз басып келедi... Тұрар оның соңынан ерiп едi, кенет көкорай шалғын өзен жағасынан барып шықты. Кейде оны Тұрар түсiнде оның қиыр бiр алыс теңiз iшiнде арыстан, жолбарыстармен алысып жүргенiн де көрдi.
Бiр күнi мектепте қабырға газеттiң кезектi саны шықты. Онда Досжанов Қамбардың шаңғы жарысында бiрiншi орын алғаны айтылыпты. Мақала соңында «Қамбар мектепке кейiн келiп түссе де, сабақты жақсы оқиды, тәртiптi, үлгiлi бала» делiнiптi. Тұрардың есiне алғашқы күнгi «Мен сабақты беске оқимын» дегенi түстi. Ағат сөз екенiн осы арада түсiнгендей. Қабырға газеттен бұған қарап тұрған Қамбардан ұялғандай болып, бұрылып кеттi.
Тұрар ендi Қамбарға жақын жүретiн болды.
Бiр күнi ол сабақтан шықса, машинасымен папасы келiп тұр екен. Ала кетпек болып, Қамбарды тауып алып едi, көнбедi, жаяу баратынын айтты. Содан кейiн Тұрар да жаяу қалып, онымен бiрге жүрдi. Жол бойы Қамбар көп әңгiме айтты. Ғаламат бiр кеме жасағысы келетiнiн, сол кемемен алыс суларды кезгiсi келетiнiн әңгiмеледi. Тұрар үндеген жоқ. Ұялып келедi. Оның бар ойы «мектепке машинамен барып, машинамен қайтсам... басқа балалар мiнiп-түсiп жатқанымды көрiп тұрса» дегенге ғана саятын. Қамбар сөзi ендi оны балалық ой дүниесiн ашып, жаңа бiр көкжиекке меңзегендей болды. Алыс бiр арманға жетелердей. Сол жолда Қамбар оған үлгi есептi. Тiптi оның аяқ алысы, қол сермесi, бiр езуiн сәл көтерiп, айқын күлетiнi, қабағының астындағы кiшкене тыртығы – соның бәрi Тұрарға қалтқысыз ұнайды. Кейiн келе Қамбарша қол сермеп, Қамбарша бiр езуiн көтере айқын күлетiндi де шығарды. Қамбарды радиоқабылдағыш жасамақ ойы барын бiлiп, бұл да бiраз уақыт сынған лампа сым темiрлердi жинап әуре болып жүрдi.
... Бiр сенбi күнiнiң кешiнде Тұрардың үйiне көп қонақтар келдi. Ұзақ отырып, қатты күлiсiп сөйлестi. Жалықкан Тұрар ас пiсiретiн бөлменiң ар жағындағы бiр кiсiлiк кiшкене бөлмеге барып жатып қалды. Түннiң бiр уағында оянып кетiп едi, шешесiнiң көңiлдi даусын естiдi. Алысырақтағы бiр аула iшiнен әтеш даусы мұның құлағына талып естiлдi.. «Таң жақын болуға керек, жалықпай қалай отыра бередi!» – деген оймен ол көрпесiн қымтады да, қайта ұйқыға кеттi. Ендi бiр уақытта көзiн ашып алса, үйге жарық түсiп қалыпты. Түрегелiп төргi үйге барып едi, есiк бекiтулi тұр екен. Ар жақтан шешесiнiң қатты қорылдағаны естiлдi. Стол үстi жиналмаған. Үй iшiнiң ауасы тым ауыр, Тұрар мұрнын тыжыртты да, далаға шықты. Демалыс болған соң кешiрек тұрған Қамбар жалаңаш қалпында өзенге жүгiрiп барады екен. Неге екенi белгiсiз, Тұрар да жүгiрiп жағаға келдi. Әнеугi бiр суық кезде қаусырмалап келген көк мұздар ендi сөгiлiп, әрбiр жерде ойдым-ойдым болып қалыпты. Түбi көрiнер меруерт су төменге қарай толқи зырлап жатыр. Осы Тұрар тұрған беттен еңiске қиыстап түсер баспалдақ та қардан аршылып қарайып қал-ған.
Қамбар тасқа қолын тiреп еңкейе бердi де, бiр шелек суды еркiн iлiп алып жағаға қойды. Тұрар төмен түсуге бата алмады.
– Батыр болсаң, ана шелектегi суды үстiңе құй, – деп ол айқайлап күле сөйледi.
– Кел, ендеше, құйып жiбер.
Тұрар төменге түстi де, су толы шелектi көтерiп алды. Қамбар қызара бастаған арқасын тосты. Тұрар шелектi төңкере бердi.
– Тағы да құйшы! Рақат! – дедi Қамбар.
– Рас, рақат па?
– Құй, рас айтам.
Тұрар су толы шелектi Қамбардың арқасына төн-дiрдi. Содан кейiн жүгiрiп жарға шықты. Үй жақтан еш дыбыс бiлiнбейдi. Әлi де ұйықтап жатқан болуға керек. Ол қайта жүгiрiп төменге түстi. Шешiне бастады.
– Қамбар, мен де бүгiннен бастап суға түсетiн болам.