Сайт мәзірі

ҚАРА ШОЛАҚ

Қыстауға көшiп қонғалы бiздiң қораның дәл артынан қырғауылдың бiр қоразы ертелi-кеш шақырып, кетпей қойды. Кейде келе жатқанымызда аяқ астынан пыр етiп ұшып, өзiмiздi талай шошытқан. Оның құйрығы жоқ шолақ қораз екенi де бiзге талайдан мәлiм.

Бәкең осы қоразға қақпан құрып та, тұзақ салып ұстай алмай, әбден кiжiнiп жүретiн. Кейде қырғауыл түнде шақырғанда, оның даусын естiп ызаланған Бәкең: «Қап, бәлем, менiң iсiм сенiмен қар жауған соң түссiн!» – деп жүретiн. Алғашқы қар жауды. Бәкең бүгiн бас-қалардан ерте тұрып:

– Бүгiн қара шолақтың үнi өштi. Ендi сәтi түссе, оның сорпасын да iшемiз, – деп әзiрленiп жүр. Бәкең ендi Әбiтай екеумiздi шақырып алды да:

– Сендер казiр тайларыңа мiнiңдер де, менiң соңымнан ерiңдер. Сапарға шығамыз, – дедi. Сұрағанға – тiлеген, Бәкең өзi шақырып тұрғанда, бiзге тұрыс бар ма, дереу тайға жайдақ мiнiп, Бәкеңнiң соңынан ердiк.

– Қолдарыңа қамшы ұстамаңдар, ұзын шыбық алыңдар. Қазiр қырғауылдың әулиесi екi ұшудан артыққа жарамайды. Сендердiң тайларың шабуға ықшам ғой. Сондықтан тұра шапшаң ұмтылыңдар, барып қонған жерiнен көз жазып қалмаңдар, – деп, екеумiздi әбден пысықтап алды. Осыдан кейiн үшеумiз жүрiп кеттiк. Ауылдан шықпай жатып, қораның дәл түбiнен қара шолақ пыр ете түстi. Бұл жолы бiзге жол көрсетейiн дегендей, Бәкең оза шауып, бiзден бұрын өзi жетiп едi.

Қара шолақ қайта ұшуға жарамады. Жатқан жерi-нен қанатын сабалап, бiр-екi рет ұмтылып жорғалады да, қардың астына кiрiп жатып алды. Бәкең таяқпен бiр соғып алып жатып:

– Ендi шақырасың ба, бәлем! – дедi, мақтаныш сырын бiлдiргендей, миығынан күле бiзге бiр қарап, – Қара шолақтың бiр рет ұшудан артыққа жарамағандай-ақ күйi бар екен, тiптi шайлап, майға бiтiп қалыпты.

Бiз осылай түске дейiн сонар қуып, он бес қырға-уыл ұстадық. Бұл Әбiтай екеумiздiң де тырнақ алды сонарымыз болды. Неге екенiн өздерiң бiлесiңдер, қуан-ғаным сонша, мен қалай үйге тез келгенiмдi бiлмей қалдым.


Тегтер:
|
Автор: автор көрсетілмеген
|
Бөлім: Әңгімелер
|
Көрсетілімі: 1 619
Түсініктеме қосу
Ақпарат
Қонақтар тобында тұрған келушілер, осы жарияланымға түсініктеме қалдыра алмайды.