ТӘРБИЕШI
– «Инша» араб сөзi. Қазақшасы – «шығарма», яғни өлең шығару. Орысшасы «сочинение» дейдi, түсiндiңдер ме? – дедi тәрбиешемiз Әбiлқайыр Сәтбеков.
Өзгелермен бiрге мен де:
– Түсiндiк, аға! – деп, дауыстап жауап бердiм. Расында да «Өлең шығару» деген сөз маған тiптi түсiнiктi сияқты көрiнiп кеттi.
– Ендi сендер «инша» жазуға үйренулерiң керек. Қалай, бүгiн жүрексiнбейсiңдер ме? – деп, тәрбиешi әрқайсымызға күлiмсiрей қарады. Бiз қорықтық па, жоқ әлде, ұялдық па, әйтеуiр, үндемей қалдық. Әбiлқайыр қайта сөйледi. – Мен мына кiтапты сендерге қалдырамын, өздерiң оқыңдар. Әсiресе «Аттың сынына» көбiрек көңiл аударыңдар. Өйткенi жазатын иншаларың да «Аттың сыны» болады. Дұрыс па?
– Дұрыс! – дедiк қуана, жамырай жауап берiп... Бiз өте бiр ғажап, аса қуанышты, жаңа талапқа әзiрлендiк. «Инша» деп жаздым дәптердiң бiрiншi бетiне. Оның астына «Аттың сыны» деген екi сөз де оңай жазылды. Ал бұдан әрi ше? Абай өлеңiн жеңiл қайталай салуға болмайтынын тәрбиешi айтқан. «Әрқайсың өздерiң жақсы бiлетiн ат туралы жазыңдар» деген... Ертеңiне:
– Мен Абайды көшiрдiм де қойдым, – дедi маған қуана қараған Тәжен күлiмдеп. – Одан басқа аттың керегi қанша? Тағы үш бала мал базарына барып, ат көруге кеттi. Ал мен қарындаштың ұшын кемiрiп отыра бердiм. Келер жұмада тәрбиешi өлеңдерiмiздi жинап алды да, өзi дауыстай оқыды. Әр бала бiр қызарды, төмен қарап, мұрнын тартты. Ендi қызару кезегi маған жеттi. Әбiлқайыр оқып болғанша мен кiрерге тесiк таппадым.
– Сенiң атың қасқа екен ғой.
– Иә...
– Қасқаны сағынып жазыпсың ғой?
– Иә... Атамның аты едi.
Мен өзiмдi-өзiм билей алмай, жылап жiберiппiн.