ЖАЙЫН IЛЕРДЕ
Мен томпаңдап папамнан қалмай келем. Папам аршындап аяңдайды. Соңында мен барын ұмытып кеткен шығар. Балық жұмысы асығыс жұмыс және алакөбеңнен жиналатын бiр қауырт кәсiп қой. Байқаймын: андағы-мұндағы көзге шалынғанша су басына жету керек, сондықтан да бүгiн папам сақардан тұрды. Борсаңдап терлей бастадым. Аяқта киiз байпақты етiк, баста құлақшын, үстiмде күпi. Жылы киiнбесе де болмайды. Мұз үстi суық.
«Ақырын жүрсе еттi» деймiн iшiмнен. Бiрақ папама жай жүр деуге батылым бармайды. «Жүре алмасаң, неге ердiң», – дей ме деп жасқанам. Әрине, неге ердiң деп айтпайды папам. Өйткенi менi ертiп жүрудi iшi жақсы көредi, тек атамнан қорқады. Өйткенi мен атам баласымын ғой – өзiнiң тiзесiнен басқа жерге отыртмай, папама да сүйгiзбей өсiрген баласымын ғой. Сондықтан атам мен әжем алдында балам деу түгiл, бетiмнен де сүйiп көрген емес. Оңашада ғана сүйедi. Онда да жан-жағына қарап алып өбедi бетiмнен.
– Мен де балыққа барамын, әже, – деп қыңқылдай бастадым.
Папам маған қарап жымың еттi де, үндеген жоқ. Ал, менiң тiлегiмдi екi етпейтiн әжем:
– Атаңнан сұра, айналайын. Атаң жiберсе, бара ғой, – деген.
Атам алдымен тамағын бiр кенеп алып, ұзынша ақ сақалын салалай түстi. Сөйттi де қыңқылдай бастаған менiң маңдайымнан бiр сипап өттi; тағы да тамағын кенедi. Ал папам жымың-жымың етедi, бiрақ терiс айнала бередi.
– Тоңып қаласың ғой, – дедi атам, бiраздан кейiн.
– Ата, тоңбаймын, – деймiн еркелеп, сүйкене түсiп.
– Жылымға түсiп кетерсiң, қарағым.
– Жоқ, ата, түспеймiн, – деймiн ендi атамның санын құшақтай түсiп.
– Сабағыңнан қалып қоясың. Оған да жауап таптым:
– Ата, шайға дейiн қайтып келемiн. Басымнан бiр сипап, маңдайымнан бiр сүйiп ақырында атам көнген болатын.
– Жарайды, – деген ол ақырын ғана.
Мiне, сол ертiп шығуға өзi де құмар папам соңындағы маған бiр қарамайды. Жыларман болып келемiн, аяғымды жүгiре басамын, жете алмаймын. Киiм қалың: күпiнiң iшiнде бешпент бар, бешпенттiң iшiнде түбiт шұлығым. Әжем тоңып қаласың деп шұлықты бешпент iшiнен орап және оның ұшын қайырып әкелiп белiмдi тас қылып байлап тастаған. Өзен де алыстап кеткен сияқты. Бұрын жұрт бiр шақырым жер деушi едi... Не керек, терлеп-тепшiп, жыларман боп булығып, бiр кез жағаға да жеттiк.
Мен «уњ» деп отыра кеттiм.
– Шаршап қалдың ба, балашка, – дедi папам маған ендi ғана мойын бұрып. – Дем ал.
Бiр жағы терлеп булығып, бiр жағы ақырын жүрме-генiне iштен түтеп, мен папама жауап бермедiм. Ол да маған ендi қайтып мойын бұра қоймады – өз жұмысы өзiне жеткiлiктi емес пе! Дала жарықтанып қалды – бiз үйден шыққанда айнала қап-қараңғы, алдымда келе жатқан папамнан ғана көз жазбай отырғанмын.
Мұз үстi айнадай, көкпеңбек. Жалтырап жатыр. Өзеннiң екi жағасында сылдыраған қамыс бар. Жаз-дыгүнi көк мақпалмен көмкерiп қойғандай едi. Қазiр селдiреп ақселеу тартып тұр және құрлыққа шығып қалған. Папам мұзды оймай-ақ үстiнен үңiлiп қарап, – қамыстың арғы көбесiн жағалап кеттi.
«Балық көздiң құрты, – дейтiн әжем, – әуейi қылады». Әуейi қылса да қызық қой. Қармақпен алғаның да қызық, ырғақпен iлгенiң де қызық. Әрине, мен қармақ сала бiлiп, алабұға мен шорағайды жаздыгүнi жағаға торс еткiзiп лақтырып отырсам да, ырғақпен сазан iлудi үйренгенiм жоқ, iлiп көргенiм жоқ. Бұл – үлкендердiң кәсiбi, бiзге әлi ертерек. Сонда да су астына үңiлiп ақырын сызып келе жатқан сары сазанды көрiп қал-ғанға не жетсiн! Көрген балығыңды өзiң iле алмасаң, әкеңе айтасың, «мiне-мiне», – деп сыбырлап, қолынан жетелейсiң ғой.
Шыдамадым: белбеуiмдi шешiп жiберiп, құлақшынымды түрiңкiреп алып, мен де мұзға үңiлдiм. Папам қарап кеткен жерде не бола қойсын, сонда да су астын көзбен тiнтiп, тамашалай бастадым. Көз тоқтатып қараңқырасаң айнала жарқырап жатыр: бiр жерi балдырлы, бiр жерi ашық, асты тұп-тұнық, кей жердiң көк сазы да көрiнiп жатыр. Мұздың қалыңдығы елiдей артық болмас – терезенiң әйнегi сияқты – арғы жағындағының бәрi қасыңда тұр. Бiр жердiң қопасы көтерiлiп келiп, төбеге тиiп кетерлiктей мұзға өте таяу тұр – қопаның итсадағы мен айылқоғасы мүз бетiне шығып кетуге жанталасады. Осындай бiр су астының сиқырлы әлемiн үстiнен үңiлiп қарап, тұңғиық түбiн тамашалап, жағаның ұйысқан балдырын қолыммен жазғандай тоңқайып жатқанда, папамның кiшкене балтасы мұзға тық-тық ете қалды. Мен басымды көтерiп алдым; ең қызығы осы ғой: мұзды тесiп жылым ойды дегенше – сары сазанды су астынан салаң еткiздi дей бер. Iңiрдегi қыңқыл, түнгi шала ұйқы, ертеңгi жылы төсектi тастай жүгiру, әкеме ере алмай қорбаңдау – осы қызық үшiн емес пе?
... Папам шекпеннiң етегiн қайырып бүркене салып, жылымға үңiле қалған. Мен қасына жетiп келгенде ырғағы суға зулап енiп те бара жатты. Жауырыны қиғашталып, папамның қолы ебдейлене бастады. Ал, шанышқысы қасында, мұз үстiнде жатыр. Ұға қойдым: самарқау сазан жоғарыда тұр, болмаса ақырын жылжып қозғалып барады. Мұндайда ырғақ керек. Шанышуға болмайды. Жерде жер бауырлап жатқан сазанды ғана шаншады. Бұл да тамаша қызық қой, жатқан сазанға қарағай сапты үш тармақты шанышқыны сол қолдың уысынан еткiзе айнытпай сырғытып, оң қолмен төмен жiбере бередi. Сазанға шанышқы төнiп, бiр қарыс, екi қарыс қалды-ау деген кезде оң қолды құлаштап көтерiп алып, белдемеден «кiрш» еткiзедi. Сазға тыққан сазан бұлқынып, шанышқының сабын бұлаң құйрыққа сала бастайды. Сол сәтте шанышқы сабына сүйей су түбiне сырғытқан ырғақ түйрелген сазанды қапсыра iлiп, жоғары мұз бетiне шығады... Ал, қазiр папам сазанды шанышпай, iлгелi жатыр. Мен келiп:
– Папа! – дегенде, ол сазанды iлiп алып, ұшып түрегелдi. Көздi ашып-жұмғанша жылымынан суырып алып, балығымен қоса ырғақты мұз үстiне сiлкiп қалды. Қоңыр жонды жұмыр сазан шиыршық атып сырғанап кеттi, мен де ұмтылып барып оның үстiне қондым. Қапелiмде ұстатпай, қолға тұрмай сусып кеттi. Екiншi ұмтылғанда ол ашуланған адамша, мұзды құйрығымен шапалақтай бастады. Менiң дәрменсiздiгiмдi көрiп папам сазанды желкесiнен бiр-ақ қысып алды да, желбе-зегiнен тiзбектi өткiзе салды.
– Мә, сүйре. Сақ бол, жылымға түсiп кетпе, – дедi маған сыбырлай.
Сөйттi де екi аттам жер жүрмей, папам мұзға қайтадан үңiлдi, балтамен тағы да тықылдата қалды. Мен «Я, сәт!» деймiн iшiмнен. Бұл жер сазанның жүрiп келiп жатқан жерi де, жатуға бет алған қонақтар орны болса керек. Папам ырғағын жаңа жылымға тағы зулатты – тағы бiр тоқ жонды балық судан сопаң ете қалды. Торсиған қос коңырды мұз үстiмен сүйрей жөнелдiм. Бұл жолы оны тiзбекке өзiм тiздiм желбезегiнен.
Ұзамай тiзбегiм қонданып қалды. Бесеуiн iлгенше қомсынып, тiзбегiм олқы тұрғандай көрiнiп едi. «Тағы бiр-екеуiн iлсе игi едi» деп папамды өкшелей түсiп едiм, ал сазан саны онға қарай барып қалғанда оны сүйреудiң өзi күшке түсе бастады. Өзенге келе жатқанда папама ере алмай терлесем, ендi сары сазанды сүйрей алмай састым. Бiр-бiреуiн қос қолдап көтеретiн сары қасқа балық зiлдей, қарды талдырып барады. Оның үстiне судан жаңа шыққандары тiзбектi жұлқып тулап, талған қарыңды онан сайын талдырады. Кейбiреуi құйрығымен мұз сабалағанда оған қалғандары қосыла кетедi – тiзбектiң тиегiн сындырып, өзiн үзiп кетерлiк.
Кешiкпей берекем қаша бастады. Жүрiсiм өнбей қойды, арқам да су болып кеттi. Және ертеңгi аяз қолды да қарып барады, судан тыққан балықты тiземiн деп қолым, жеңiм су болып, бармақ бiткен үсiп кеттi, шыдатарлық емес, ауыз салып үргiлеп алсаң, удай ашып, жаныңды шығарады.
Папамнан қалып қойдым. Ол түбектi айналып бара жатыр. Ендi қайтем деп қысылған кезде, тағы да iлген екi сазанын шанышқының тармағына түйреп, маған қолын көтердi: «Жүр-жүр!» – деп ымдайды. Жүрмеймiн деген ой жоқ әттең, дәрменiң аз. Менiң адымым өнбей келе жатқанын көрiп, ол қарсы жүрдi.
– Иә, балашка, ауырлап келесiң бе? Қазiр, – деп шанышқыдағы сазанды тiзбектегiге қосты да, – мына жерге тастап кетелiк. Әйтпесе қолың үсiп кетер, – дедi.
Сөйттi де, жалма-жан бiр шоғыр қамысты уыстап алып, тiзбектi соған байлады. Үстiн айылқоға жұлып бүркеп, көзден таса еттi. Содан кейiн менiң белбеуiмдi дұрыстап буындырды, қолымды уқалап жылытты, белi-не қыстырған терi биялайын бердi.
– Ана қырмен жүгiрiп, жылынып ал! – деп бетiмнен өбiп, өзi түбекке қарай кеттi.
Маған жылынудың керегi жоқ едi. Шыдатпаған қол болса, оған ендi терi биялай бар. Терi биялай қандай жылы!
Қорбаңдап қыр басына шықтым да, папам ұзаған соң ойға қалдым. Папамның бет алған түбегi нағыз түбек: өзен тiк бұрылып арқаға қарай аға түседi де, әудем жерге бармай-ақ шығысқа қарай оралып кетедi. Мұзбен жүрген кiсi бiраз жер айналып кетпекшi де, ал құрлықпен кесiп түскен адам төтесiнен тез жетiп, мұздағыға қарсы шықпақ. Мен де папамның қарсы алдынан шығайын деп түйдiм. Өйткенi папамды қуып отыру қиын, ол жеткiзбейдi және мен тағы да терлеп-тепшiп кетем ғой. Түбектiң өкпе тұсын оңай-ақ тез кесiп түстiм. Папам әлденеге айналып кешеуiлдеп қалды. Ойлаймын: «Тағы да сазан iлген шығар», – деп. Iлсе iлсiн. Маған керегi де сол сазанның iлiнгенi. Үйге қайтқан соң: «бiздiң баланың, жолы болды», «өзiнiң қанжығасы қанды», «бұл шықса, құр қол қайтпайды», – деп мақтамай ма! Және балық көп iлiнiп, қар түскеннен кейiн оны бiр шана етiп тиеп базарға апарса, қойын-қонышың кәмпитке толмай ма! Папам маған қалаға барған сайын базарлық әкелмеген салары жоқ. Балық сатқан жолы қарық болып қаламыз!
Тұра жүрiп мұзға қайта түскеннен кейiн, тағы да суға үңiлдiм. Бұл жолы мұзды папамның биялайымен үйкеп-үйкеп бетiн жалтыратып жiбердiм. Кәдiмгi айнаның бетiн сүртiп жiбергендей жарқырап кеттi. Астындағы әлем де таңдай ашық, бiрақ қамыстан арғы айдын бетi жар қабақ шаппа екен – қарауға дәтiң шыдарлық емес, құдық түбiндей, шыңырау...
Тастай берiп қамысқа қарай еңбектедiм – тайызым жақсы, түбiне қол жеткендей, қауiпсiз. Сазан да осындай жерде жатады ғой. Аздан кейiн жүрек тоқтатып, папам сияқты етегiмдi түрiп, басыма бүркенiп-тоңқа-йып қарап жатырмын. Бiр кез...
... Әуелi өз көзiме өзiм сенбедiм: мүмкiн емес! Соншама үлкен балық құйрығы бола ма! Қозғалып тұр! Балық құйрығы тап астымда тұр! Басымды тез көтерiп алдым. Әлденеге жүрегiм су ете қалды. Жан жоқ қасымда. Ендi не iстеймiн? Папам қашан келедi, әлде жүгiрсем бе екен?..
«Егер балық болмай шықса»... деген күдiк туды.. Папам айтқаны бар: балық көрсең саспа, анықтап қара деп. Су астында жатқан жапырақ пен көк балдыр аз ба!
Оның бәрi де жанды нәрсе сияқтанып қыбырлап, қозғалып, теңселiп тұрады ғой.
Мұзға қайта үңiлдiм. Балық! Сөз жоқ, балық! Балық болғанда – нағыз жайын. Жайынның құйрығы. Жұп-жұмыр, кiндiктен кейiнгi қара қатқылданған күдiс дене жiңiшкерiп барып тарақ құйрыққа айналған. Ал кiндiк, кеуде, бас, қос айдар қайда?! Ол қандай? Мына құйрық жақтың өзi кiшiгiрiм ермектей, қырланып, жалданып жатыр. Түрегелдiм де оң колымдағы биялайды мұздың үстiне қоя салдым. Екiншiсiн екi адым iлгерi жүрiп, осы қос кiндiк тұсы-ау деген жерге қойдым. Сөйттiм де еңбектеп жағаға шықтым. Шықтым да папама қарай жүгiрдiм. Мен жүгiрмесем де болады екен, шанышқыға тұмсығынан iлген дәу сазанын салақтатып, оң жақтағы айналмадан папамның өзi де шыға келдi. Менi көрiп ол да қуанып кеттi, езу тартып келедi. Кейiнде қалып қоймағаныма мәз. Мен аптығып-үптiгiп:
– Папа, жайын!.. Дәу жайын... тарақ құйрығы етектей, – деп сөзiме шашалып жатырмын.
– Иә, қай жерде?
– Мiне, мына жерде... Белгiге биялайымды тастап кеттiм...
– Жайын дейсiң бе? Тiзбектегi сазандарың қайда, бiреу сүйреп кеткен жоқ па? – дедi.
– Сазан орнында, папа. Мына жайынды iлсең...
– Саспа. Бұйырса, iлермiз оны да.
– Үлкен! Сұмдық үлкен, папа...
– Қарайын, жайын дегенiң бақа болып жүрмесiн, су астынан ол да көзге дардай көрiнедi.
– Ойпырм-ау, дәу дедiм ғой. Мұндай жайынды ешкiм iлмеген шығар...
– Жарайды, айналайын. Бiрақ, жайын сақ келедi, үркiп кетпесiн.
– Мен еңбектеп жағаға шығып кеттiм. Дыбыс бергенiм жоқ...
Папамды жетектегендей iлгерi ұмтыла түстiм. «Құ-дай бiр жөнiн берiп, iлiп алсақ жұрт аузын ашар», – деймiн iшiмнен.
– Ақырын, балашка, ақырын. Жайын сақ келедi, мен өзiм қарайын.
Биялай жатқан жерге бiр үңiлдi де, папам менiң бетiме қарады. Жүзi жымың еткенi өз алдына, басын да шайқап қалды. Бұл, әрине, таң қалғанның белгiсi. Екiншi биялай жатқан жерге тағы үңiлдi, ептеп орнынан тұрып iлгерi жүрдi, екi аттам жерге қайта үңiлдi. Бұл жерге сәл тоқтап, шекпен етегiн бүркей түстi басына. Сөйттi де, балтасын мұз үстiне қоя салып ақырын жылжып өзi керi жағаға шықты. Аяғымды ұшынан басып, мен де ере шықтым.
– Осы маңда Есекең болуы керек, жүгiр. Жайын ырғағын берсiн!.. Өзiн де шақыр. Дабырлама, ақырын айт!
Жүгiре жөнелдiм. Терлеу-тепшу дегендi ұмытып та кеттiм-ау деймiн, домаланып келемiн. Үлкен көкемдi қалай тапқанымды, оған қалай жеткенiмдi бiлмеймiн.
– Үлкен көке, жайын... папам шақырады, үлкен ырғақ керек...
Үлкен көкем ә дегенде еш нәрсеге түсiнбей қалды-ау деймiн.
– Жай ма, балам, жай ма? – деп бетiме қарап тұрды да, – су басына жалғыз келiп пе едiң? – деп сұрады.
– Үлкен көке-ау, жайын деймiн. Мен көрдiм, папам үлкен ырғақ керек дедi...
Аздан кейiн барып:
– Ә, папаң екеуiң келдiңдер ме. Жайын дейсiң бе? Жайын болады бұл жерде, – деп бiраз тұрды.
Не керек, үлкен көкемдi де жеңiнен сүйрегендей жетектей бердiм. Екеумiздiң төбемiз көрiнгеннен-ақ папам ақырындап биялай жатқан жердiң мұзын тестi. Тестi де, тағы да бiр көрiп алайын дегендей, жылымға бiр үңiлiп алып, жақындап келген үлкен көкеме:
– Есеке, ырғағыңызды берiңiз... Әлде сiз iлесiз бе? – деп созған қолын керi тартып алды.
– Iлсейшi, кетiп қалып жүрер.
Папам екiншi рет тiл қатпай ырғаққа қолын соза бердi. Ырғақтың сабы да жуан екен, басы да доғалдай көрiндi. Кәдiмгi бәгөр. Папам өзi суға үңiлiп, кеудесiн көтерiңкiреп тұрып бәгөрдi зулатқан жоқ, ақырындап тұтамдап, оң қолын құлаттаған күйi жоғары ұстап тұрып төмен жiбере бастады, үлкен көкем екiншi кiшкене ырғағын әзiрлеп, папама жақындай түстi. Екеуiнде де үн жоқ. Бiрi бәгөрдi ептеп төмен сырғытып, әлденеге дөптеп жатыр да, екiншiсi соның қолын аңдып көз алмай қарап тұр, ырғақ қалай толқыса, бұ да солай иығын қозгап қалады. Кәдiмгi iн аузында тышқан аңдыған мысық сияқты қылп етпестен тесiле қалған. Мен де тесiлемiн. Тесiлу көпке барған жоқ...
– Ап! – деп қалды да, папам орнынан ұшып түре-гелдi. Менiң екiншi көргенiм: папамның екi тiзесi бүгiлiп кетiп отыра қалды, бiрақ қос қолдап ырғақты шiрей тартып, қайтадан тұра бастаған жоқ, сiресiп, асаудың мойнына тастаған құрықты тартқандай, шiренiп тартады. Тiзе қайта бүгiлiп, қайта жазылып, өзi жылым аузынан алшақтай бастады. Менiң үрейiм ұшып кеттi. Сасқанымнан: «Папа» деп қалдым. Папамды суға жығып кетедi екен дедiм.
– Есеке, Есеке!.. – дедi бiр кез папам.
Үлкен көкем қолындағы кiшкене ырғақты екi-үш рет жылымға сумаңдатып алды, бiрақ еш нәрсе iлiкпедi.
– Сағасы жетпейдi бар болғырдың. Омыртқадан iлiкпесе жырыла бередi ғой...
Бiр кез үлкен көкем де шiрене қалды, бiрақ кiшкене ырғағының сабы майысып-майысып кеттi.
– Жүгiр, бала... Шақыр, кiм бар...
Мен тағы да жүгiре жөнелдiм. Бiрақ қайдан шығып қалғанын бiлмеймiн, Тойекең емпеңдей басып ұмтылып келе жатыр екен. Менi көрiп жүгiре түстi, жүгiрмесе де адымы бiр саржан, жетiп-ақ қалды. Екеумiз келiп жеткенде папам мен үлкен көкем сүйреп тартып, тарақ құйрықты жылымның аузынан бiр кездей жоғары шығарып қойыпты, бiрақ екеуi де шiренiп-майысып, әлек болып жатыр. Жүгiрiңкiреп келген Тойекең қолындағы сүйменмен жайынның судан шығып қалған бiр кез құйрығын көктей түйреп жылымға тиектей саяды. Мен: «уњ!» – дедiм. Ендi кетпес, бәлем!
– Батыр, ендi ешқайда бармайсың! – деп Тойекең де өзiнiң ырғағын салды. Не керек, үшеулеп жайынды сүйреп, үш жерден iлген күйi шығара бердi.
Бiр кезде жайынның басы кептелiп қалып, Тойекең, жылымды кеңiте түстi.
– Екi құлаш жарым бар екен батырың! – дедi Тойе-кең шытырлаған мұздың үстiмен жайынды шетке сүй-реп бара жатып.
– Басты қара! Бақыр қазандай! – деп қойды ақырын ғана үлкен көкем де. Папам жайын жөнiнде еш нәрсе айтқан жоқ. Ол тек демiн алып, бөркiнiң желке жағын көтерiңкiреп қойып күнге қарады. Күн көзi буалдыр тартқан күңгiрт аспанда көрiне қоймағанмен, көп уақыт болып қалған екен.
– Жүгiр үйге, кешiгiп қалдың, – дедi маған.
– Ат арба әкелсiн бе? Атама айтайын ба? Үлкен жайын iлдiк дейiн бе?
– Жүгiр-жүгiр, не iлетiнiн атаң айтады ғой, – деп папам жымия түстi.
Жүгiре жөнелдiм. Өкпемдi қолыма алып жүгiрдiм. Екi езуiм екi құлақта. Жайын iлдiк. Үлкен екi құлаш жарым жайын – демекпiн атама. Ол арба жегiп келедi ғой.
Атам сыртта тұр. Асасын таянып тұр. Алыстан-ақ көрдiм. Үй жанында тұр.
– Ата, ата! Жайын iлдiк. Үлкен! Арба керек!.. – Атам жүзiнде қуаныштың нышаны да жоқ. Сұп-сұр, сұсты күйi асасына сүйенiп тұр.
– Ата, жайын iлдiк...
– Ұстазың айтар не iлетiнiңдi, бар!
Атам асасы мектептi меңзедi. Зәрем ұшып кеттi. Үйге қалай кiрiп, сөмкемдi мойныма қалай iлгенiмдi де бiлмеймiн. Мектепке қалай жетiп, класқа қалай кiрге-нiмдi де бiлмеймiн. Есiмде қалғаны: балалар маған жамырай қарады. Мұғалiм жай үнмен:
– Қайда болдың? – дедi.
– Жайын iлдiк...
– Iм... ендi бiлiм iлудi үйрен!
Ол бұрышты көрсеттi. Мен екi көзiмдi жабыққа тiреп тұрып қалдым...
Қазiр атам мен әжем жоқ. Папам да жоқ. «Не iлетi-нiңдi ұстазың айтар» деген сөздi кейiн түсiндiм: бiлiм iлу. Мен оны iлдiм де. Бiрақ менiң iлген жайынымды олар көре алмады. Тiлектерi менi ұстаз ету едi.