АЛДАНҒАН ЖОЛБАРЫС
Iленiң Балқашқа құйған сағасы қалың құрақ, жалпақ көгалымен көктемде ерекше бiр көркiне кiрiп едi. Айдынын аққу, қаз, алуан түрлi үйректер мекендеген қамыс iшiнiң алаңдарындағы көк үйiрiмдер құс базарына ұқсайды, күндiз-түнi тынымсыз үн қатады. Бұл мың тоғыз жүз жиырма тоғызыншы жылдың көктемiндегi Iле құйғанының бiр күнi едi.
Жаңадан ғана ұйымдасқан «Құйған» колхозының мал фермалары қатарласа қонған. Олардың ортаға жаңа ұйымдасқан түлiктерi – түйесi боздап, қойы қоздап, сиыры мөңiреп, осы сағаны думанға бөледi. Көлде құс үнi, көктiгiнде мал дыбысы, белесiнде егiс дүбiрi Iле сағасынан өмiр үнiн көтерген. Осы думанның қалың ортасы Ғайни басқарған түйе фермасының ауылы. Есейiп, отыққан боталарын енесiне ертiп, боталы iнгендерi бiр топ болып мамырлап өрiсiне барса, бойдақ түйелер боздағы ұштанып, өркештерi шаншыла өсiп, сұқсұрдай сұлу топ болып, ол бiр бетке өредi. Жаңадан ұйымдасып, орталығы ойдағыдай салынбаған, мал баздары әзiрше көшпендi түрдегi кезi. Бiрақ Iле сағасының өрiс қалпына қарай ең қолайлы малы түйе. Ащылы-тұщылы қара отты қоныстың жайылым малы түйе түлiгi. Осы жердiң тәңiрiсiндей болған Бозанбайдың қалың түйесiнiң қонысы осы Құйған болатын. Сол түйенiң көптен бергi бабын бiлер бақташысы Ғайни Бозанбайдың босағасында өмiр кешiрген малшысы едi. Өткен жыл Бозанбай конфескеленгенде, оның түйесi тобымен колхозға алынды. Түйе күтiмiне жетiк Ғайни осы түйе түлiгiн басқарып, жеткiншегi Сейiттi бағып, әкесiнiң жоқтығын елетпей өсiруге талпынды. Сөйтiп ауыл мек-тебiнен оқытып, қолында ұстады. «Түйе малының әр маусымға қарай өрiсi бар, жазында жайлау, қысында жайлы қонысы бар. Түйенi баққан кiсi, басқарған иесi өзiне сай тiлiн бiлмесе тұқымын аздырады, өсiмiн өркендете алмайды». Бұл Ғайнидың түйе жайы сөз болғанда айтатын мақалы.
«Бозанбайдың боз iнгенi – түйесiнiң құты» деп қоспақ өркештi, үлкен аңсағай боз iнгендi байдың көтермешiлерi ерекше мал деп есептейдi. Ал Бозанбай конфескеленгенде осы боз iнген басқа түйесiмен бiрге колхоз орталығына тидi. Сол боз iнгеннiң ботасы биыл қос кiндiк болып туды. Мал дәрiгерiнiң жәрдемiмен қос кiндiгiн қиып, ботаны аман алып қалды. Ал сол ауру ботаның күтiмiн Сейiт өз мiндетiне алды. Көктемдегi түйе боталар кезде Сейiттiң оқуы аяқталды. Сабағы бiтiсiмен ол жас боталарды күтiсу жұмысына ынтасын сала қимылдады. Жас боталарды соншалық қызықтайды. Боталар қашан есейгенше, енесiне ергенше Сейiт ертелi-кеш соның айналасында болады. Ал биыл мына ауру ботаны күту аса ауыр келдi. Мезгiлiмен емiзiп отыру керек. Қолымен ұстап емiзiп, бой жаздыру керек. Сөйтiп күнде соны iстейдi. Бiрақ Сейiт оған сыр бермей күте бiлдi.
Ферма ауылы бұл жерге көшiп-қонғалы бiраз болды. Осы жерге қонған күнi боталаған боз iнгеннiң ботасы әлi енесiне еруге жараған жоқ. Жаңада ұйымдас-қан ауыл шаруашылық артелiне техника жағының жетiмсiз кезi. Әлi тұрақты жем қоры, келiстiрiп салған қора, сарайы жоқ. Мал көбiнесе даладағы жайылымда болады. Боз iнген басқа боталы түйелермен бiрге ередi де, күнiне бiрнеше рет келiп, ботасын емiзiп кетедi. Осы iнгеннiң жағдайына қарай, түйешi де малды аса алысқа ұзатпайды. Мезгiлiнде ауылға беттетiп, өзiн айдап жiберiп, ботасына емiздiредi. Ал боз iнген мезгiлiнен кешiксе, Сейiт жан ұшырып iздеп тауып, айдап келiп емiздi.
Бүгiн түс ауа боталы iнгендер Саға бойының бiр қалың қамыстың мүйiсiне өрiстедi. Түскi түйе өрерде Сейiт ботаны емiзiп алып, боз iнгендi де түйемен бiрге өргiзiп, үйге келiп, кiтап оқыды. Ол колхоз қызыл мүйiсiнен әкелген жаңа газеттердiң хабарларын оқып, ұзақ отырып қалды. Боз iнгеннiң келiп ботасын емiзетiн уақыты өтiп кеттi. Сейiт жүгiрiп далаға шыққанда, күн де еңкейiп, батуға барып қалыпты.
Қой фермасына барып қана қайтамын деп кеткен апасы да әлi жоқ. Сейiт төңiректегi төбелерге шығып боз iнгендi қарады. Маңайдан түйенiң қарасы көрiнбедi. Таяудағы сиыр фермасының малдары да ауылға келiптi, сауыншылар да жұмысқа кiрiсiптi. Колхозға биыл ғана МТС-тен келген тракторлар дүрiлдеп, егiс даласын бауырлай тiлiп жатыр. Мәңгi ұйқыда жатқан бетегелi белдiң ұйқысы жаңа ашылғандай, ферманың қалың түйесi Қарашеңгел жақта, алыста. Тек көз ұшынан сағым көтерген топтары алуан түрлi болып көрiнедi.
Сейiт жүгiрiп, ауыл сыртындағы құмжалға шықты. Iле бойының Балқашқа құяр сағасына дейiнгi кең ал-қапты алақанға қойғандай көрсететiн қырқа – Сейiттiң боз iнгендi көздейтiн қарауылы. Ол күнде сол жерге шығып, боз iнгеннiң қарасы көрiнсе, барып айдап келетiн. Осы жолы да соны iстемек едi, бiрақ ол болмады, түйе көрiнбедi. Құла суын шыр айналдыра жылжыт-қан Iле арқасы әлдеқайда барып, ақ жайқын Балқашқа түйiседi. Көк бурыл тартқан қалың қамыстар жарлауланып, Балқаш айдынын бауырына ала жол тартып, көрiнiп жатыр. Ешбiр қара көзге түспедi.
Сейiт боз iнгендi көздеп көп тұрды. Оның құлағына жалынышты үнмен зарыға боздаған ботаның даусы үздiксiз келiп тұр. Дамыл-дамыл боздап келiп, емiзiп тұратын iнген түстен берi ұшты-күйлi жоқ болды. Күн болса батуға барады. Не iстерiн бiлмей Сейiт бiраз тұрып қалды. Ферманың қалың түйесiнiң iшiнде боз iнгендi, оның мына жас ботасын Сейiт те, апасы да сонша жақсы көредi. Осы бота қос кiндiк болып туғанда да баладай мәпелеп, мезгiлiнде емдетiп, өлiмнен алып қалған апасы. Күтуiне де Сейiттi баулып, кiрпiк қақпай кезек күтiп мал еттi. Мiне, ендi сол бота зарлап тұр, енесi жоқ.
Өрiстен оралған қалың түйе де ауылға келдi, оның iшiнде iнген жоқ боп шықты. Түйешi де көрмептi. Сейiт қатты састы. Апасына не айтпақшы, қалай ғана көз жазып қалды екен?
Сейiт жүгiрiп сиыр фермасына барды. Түйесiн елдiң бәрiнен сұрады. Түс мезгiлiнде Iленiң құйғанына таянған қалың қамысқа жайылып барғанын сиыршы Омар көрiптi. Одан басқа ешбiр хабар ала алмады. Күн батып кеттi. Сейiт үйге келе бергенде, атып алған бiр топ үйрегi бар Жайықпай да Құмжалдан асып, үйге қарай жүрдi. Сейiт жүгiрiп алдынан шықты. Түзден атып алған құстар қандай қызықты! Сейiт келе атасының үйректерiн ұстап көре бастады. Бiрақ оның құлағына ботасының зарыға боздаған үнi саңқылдап келiп жеттi. Үйректi қоя салып:
– Су бойынан боз iнгендi көрмедiңiз бе, ата? – деп сұрады.
– Жоқ. Мен мына жоғарғы жайылымға қарай бардым, ол жақта мал жоқ. Өзi қашаннан келген жоқ? Та-ңертеңгi өргеннен әлi қайтқан жоқ па?
– Түске жақындаған кезде бiр емiзiп кетiп едi, сол өргеннен келген жоқ.
– Қалай кешiктi, суға жығылды ма, қамысқа кiрiп тартпа миға батты ма? – деген алуан жоруылға салып Жайықбай үйiне қарай жөнеле берiп: – Сейтжан, мына үйректi апар үйiңе, – деп бiр сұқ-сұр үйректi қолына ұстатты. Үйрек алған қуанышын тағы да ботасының жыламсырап тыққан боздауы бұзды. Үйiне таяна бере егiннен қайтқан көп кiсiлердi көрдi. Мүмкiн солар көрген шығар деп алдарынан шығып сұрамақшы болды, апасы да кешiктi. О да мүмкiн осы кiсiлердiң iшiнде болар деп ойлады. Қас қарайып, ымырт жабыла бердi. Алыста батқан күн шапағының қызғылт сәулелерiн қою қара бұлт жауып, айнала күңгiрттене бердi. Аздап теңiз жақтан жел лебi келiп, судың, салқын екпiнi Сейiттiң бетiн тоңазытып, көзiн жасауратты. Әлi де ол айналаны тесiле қарап, боздап келе жатқан боз iнгендi күтедi. Өрiстен оты қанын қайтқан түйелер ботасын емiзiп, үйiрiле қотанға келiп орнығып жатыр.
– Сейтжан, неғып тұрсың, мына қолыңдағың не? – деген апасының сұрағына Сейiт мұңайған пiшiнмен сол-ғын ғана тiл қатты.
– Боз iнген жоқ, ауру бота ашығып жылап тұр, – деп апасына мүңын шаға сөйледi.
– Өзiң қарамадың ба, ол қайда кеттi? Жайылып жүрген болар, отшаң едi, келер, үйге жүр, – деген апасының сөзi Сейiттi орнынан қозғады. Үйге келе бергенде ашыға, зарыға боздаған боз бота күн батып, оты әлi жанбаған, ала көлеңке үйдiң iшiн күңiрентiп жiбердi.
Түн iшiнде қанша iздесе де түйеден хабар болмады. Құйғандағы қалың қамысқа мезгiлсiз уақытта баруға ел жүрексiндi. Сейiттiң апасы ботаны үлкен қара iнгенге емiздiрiп тойғызын алды. Iшiне нәр барған соң бота боздауын қойып орнына жатты. Аздан соң Сейiт те мау-жырап ұйқыға кеттi. Бiрақ қашан көзi ұйқыға барғанша оның көз алдына боз iнген елестеп, қалғып отырып «көс, көс» деп дыбыстап та қойды.
Түнгi түйе күзетiнен көз iлместен таң ата Жайықбай атқа мiндi. Түйенiң жайылып барған жерiн, қамыс алаңдарын аралап, түйенiң ешбiр белгiсiн таппады. Қамыстың айналасындағы борбастақтан iз кестi. Түйенiң ертеректе басылған, көнеленген көп iзiне араласқан жаңа iздi ажырата алмады. Ол бiр жерден, өзi көптен берi көрмеген бiр iзге кездестi, түйенiң iзiндей емес, саусақты борбастақты жосылта бадырая түскен iз. Басында «қасқырдың iзi ме, қалай?» деп көп тұрды. Маңдай iзiн, өкше iзiн әрлi-берлi жүрiп шалды. «Мына сияқты iзi бар үлкен қасқыр бола қоймас», – дедi iшiнен. Оның ойына ертеректе көрген бiр iз сап ете қалды. Ол осы iле суының «Жолбарысты» деген бiр тығырығындағы қалыңнан көрген iз едi. Оның өзiнен үлкен кексе кiсiлер жолбарыс iзi деген-дi. Бiрақ жолбарысты көр-ген жоқ-ты, мынау дәл сол iз. Осы ойға келгенде Жа-йықбайдың буыны қалтырап, денесi мұздап қоя бердi. Ол мойнындағы мылтығын қолына алды, шұрпысын қайырып, пистонын қыстырды. Алақтап, жан-жағына қарады. Өз әкесi жолбарыс жайын сөз қылғанда «жолбарыс өз iзiн қайта басып, кiсiнi сезсе сырттан аңдиды» дейтiн. Сол есiне түсiп, «артымнан айналып келiп қалмасын» дегендей алақтап, «аттың басын кейiн тартып, артына бұрылды. Өне бойынан сұп-суық тер шықты. Iзге қайта үңiле қарағанда ескiрмеген жаңа iз болып, бадырайып кеттi. Онан сайын сескендi.
Жайықбай ауылға келгенде елдiң көбi тұрған, Сейiт те үрпиiп апасының қасында өзiн қарауылдай тосып жүр.
– Сiзге не болған, өңiңiз бұзылып, үрейiңiз қашып кетiптi ғой, – деп Сейiттiң апасы Жайықбайдың қасына келдi.
– Мен, сiрә, түйенi жазым болды ма деп тұрмын. Егер менiң көргенiм жолбарыстың iзi болса, онда түйенi сол жолбарыс соқты ғой деймiн. Кешегi сиыршы көрдiм деп айтқан жердi тегiс қарадым, ол жерде түйе жоқ. Ал арғы қалың қамысқа барғанымда жаңа басқан iрi жат аңның iзi жатыр, таңбасы жолбарыс iзiне ұқсайды. Түйенiң де iзi сонда. Түйеден бұрын қапыда кездесiп қалам ба деп өзiм жаман шошыдым, – деп Жайықбай атынан түстi. Өзi мерген Жайықбайдың мынадай үрейленгенiн көргенде, Сейiт жолбарыстың қандай аң екенiн, «әлде ол кiсiнi, малды тiрiдей жұтып қоя ма екен» деген ойға келiп, қайта-қайта мерген атасына қарады. «Ботам жетiм қалғаны ма? Кеше ғана ботасын емiрене емiзiп, өрiске кеткен боз iнген сол аңға жем болғаны ма? Онда ботаны қалай асыраймын? Егiздеткенде бас-қа түйе ала ма?» – деген ойлар Сейiттiң басында иiн тiресiп тұрғандай болды.
Жайықбайды басшы етiп бiр топ кiсi Iле құйғанына қарай жөнелдi. Рақым қолына сойыл алған, Әлiмбайдың, Жайықбайдың мойындарында мылтық, басқа кiсiлердiң қолында шоқпар, сүймен темiр. Сейiт бiраз аңырып қарап тұрды. Ботасы енесiн iздеп, аңырап үйге тұрғызбайды. Сейiт тұрып-тұрып тұра жөнелдi. Жүгiрiп келедi, жүгiрiп келедi. Аттылардың алды барып қалың қамыстың шетiне iлiндi. Аттарынан түсе қалып жерге үңiлдi. Оны көрген сайын Сейiт асыға жүгiрдi. Бiраздан соң аттылардың бәрi қамыс iшiне бытырап кiрiп кеттi. Сейiт алаңдап тұрып қалды, қара тартқан аттылар көрiнбей кеткенде, ол елеңдей қалың қамысқа, өзi жағалай жүрiп келе жатқан өзен бойына жалтақтай қарады. Неге жүгiрдi? Қайда барады? Оны әлi салмақтаған жоқ. Жал-ғыз-ақ күңiренiп тұрған боз ботасының енесiн iздеп зарлаған үнi құлағынан кетпейдi.
Тағы бiр алаңнан аттылар түйдек шыға келдi. Түйдектелiп тұра қалып, аттарынан түстi. Сейiт тағы жүгiрдi, олар жаяулап тағы қамысқа кiрiп кеттi. Сейiт зырлап келедi, ол аттыларға таянғанда кiсiлер әлдененi сүйрелеп, қамыстай шығып келедi. Бiрақ жүрiстерi өнбейдi, «сүйре, сүйре» деген дауыстар ғана құлағына шалынды. Сейiт онан сайын жүгiрдi. Кiсiлердiң сүй-реткенi түйенiң жемтiгi, ол селтиiп тұра қалды. Оның жайнаңдаған қара көзi шарасынан шыға, сәл қысың-қылау мұрны қусырылып, үстiндегi шолақ пальтосының етегi делдиiп, кейiн шегiндi.
– Уай, Сейiтпiсiң, сен қайдан келiп қалдың? – деп Жайықбай қасына шақырды.
– Ата, мынау боз iнген бе, өзiне не болған! – деп Сейiт шошына қарап, көзiне мөлтiлдеген жасын да iркiп алды.
– Қарағым, бұл түйенi жолбарыс соғып, өлтiрiп кетiптi.
– Ата, ендi тiрiлмей ме? – деген сұрағы Сейiттiң тек iнгендi қимағандық екенiн Жайықбай ұға қойды. Ол сөз қайырмай, бөгелiп тұрғанда:
– Өзiң орта мектептегi оқушысың, Ғайни сияқты бiлгiш шешең бар. Мына сияқты боршасын шығарып жолбарыс соққан түйе тiрiле ме екен? – деп Рақым Сейiттi кекете сөге бастады. Сейiт үнсiз мүңая жан-жағына қарады. Бағанадан ой бөлiп, қарамаған Сейiтке айналасының аспан зәулiм болып тұрған қалың намысы, әлдебiр қорқыныш бекiнiсiндей болып кеттi. «Менiң оқып жүргендiгiмнiң түйеге қанша байланысы бар, осы Рақым ағай кейде беталды сөйлейдi» деп ойлады Сейiт iшiнен. Алды-арты жоқ, орынсыз айтылған сөгiс оның бойына жұққан жоқ, бiртiндеп ойынан iзiн жоғалта бердi.
Күн еңкейiп барады. Колхоз басқармасында бiр-сыпыра адамдар отыр. Қызулана сөйлеп отырған Рақым.
– Бұл жолбарыс жәй жолбарыс емес. Түбектiң иесi киелi аң. Мал былай тұрсын, кiсiге де қауiп. Знашiт, бұл колхоз малына қырсықтың белгiсi. Қалай да сақтану керек. Тұқымымызды құртып кетпесе жарар едi, – деп тоқтады.
– Сен өзiң ненi айтып кеттiң, көрiнген тышқанға ерiп жүрген неткен кие, – деп Әлiмбай Рақымға зеки сөйледi.
– «Кие-кие» деген сандырақты қоя тұрып, ол аңды не алу керек, не бездiру керек.
Жолбарысты қалай алу сөз болды. Бiреулер «қақпан құралық» дедi. Бiреулер «қамысқа өрт қоялық» дедi. Тиянақты әдiс айтыла қоймады. Көптен берi төмен қарап, үндемей отырған Жайықбай тымағын алып, жерге қойып:
– Мына айтылғандардың бәрi де маған ұнамайды. Бұл жолбарысты алатын бiр ғана ақыл бар деп ойлаймын. Ол кигiз үйдiң кигiзiн алып тастап, жалаңаштайды. Керегенiң қоспасын, есiк босағасын мықтап тұрып арқанмен таңып, шандиды. Ұшты қол өтпейтiндей етiп қыл арқанмен ерсiлi-карсылы шандиды. Шаңыраққа төрт жерден мықты желбау тағып, тура жолбарыстың жортуылға шығар қамыстың алаңына апарып не таңертең, не кешкiлiкте алты-жетi кiсi үйдi iштен көтерiп апарып, алаңға қояды. Үйдiң iшiне жолбарысқа көрсетiп тiрi мал қою керек. Жолбарыстың бұл жерден алғашқы соққаны түйе. Сол өзi дәндеген түйенi, тiптi жетiм ботаның өзiн кiргiзiп қою керек. Ал, кiсiлер мылтық, шоқпар, қарумен жердi орлап, үйдiң iшiнде көрiнбей отыруы керек. Жолбарыс ботаны көрiсiмен тұра шабады, үйге келiп соқтыққанда жүрексiнбей, мылтықпен атып, қанжар, найза салып алады. Мен осыдан оңды әдiстi бiлмеймiн. Бұл әдiстi ерте кезде осы Iле бойынан ылғи жолбарыс алатын Жүсiп мерген iстейдi екен. Жолбарыс ұстайтын қақпақ бiзде жоқ. Қасқыр қақпайды ол ел ен қылмайды. Ежелден бұл Құйған бойынан, анау сағаның түбегiнен жолбарыс арылған емес. Мен бiлгенде бұрынғы мергендердiң әдiсi осы. Бұл ұя салып күшiктеген жолбарыс болса, бiзге тыныштық бермейдi. Тегiнде ол осы маңайдан ұзамайды. Ал, соқпа жолаушы жолбарыс болса ендiгi өзi де кетiп қалды. Үйдi, арқанды осы жерден сайлап алып беру керек. Рақым айтқандай «киесiмен» қырып салса амал не, аңдымасақ та қырар, – деп Жайықбай Рақымды кекей, сөзiн аяқтап, тымағын басына қайта кидi.
– Осы табылған ақыл, несi бар, үйге шапқанда атып түсiру керек. Ол түгiл аспанда зулап ұшқан үйректi топайдай түсiредi, мына Жайекең, ана Қожандар құралайды көзiнен атады, – деп Әлiмбай ерлендiре сөйледi. «Сiрә, мына колхоз бастығы ағай өзi батыр-ау», – деген ой Сейiтке сап еткендей, Әлiмбайдың тұла бойын қыдыра тағы бiр қарады.
– Жайекеңнiң өз үйiн апару керек, сүйегi мықты, ағашы балғын, – дестi отырғандар.
– Ол дұрыс, бiрақ арқанды көп алу керек, – дедi.
– Дуылдап көп барудың керегi болмас. Онда алты-жетi ғана кiсi бару керек. Үш кiсi осындағы үш мылтықты айнымай ататын мерген, екi кiсi шаңырақты иықты желбаумен басып жататын желбаушы. Екi кiсi бiрi балта, бiрi қанжар алып дайын отырсын. Басқаның керегi жоқ, – деп Жайықбай адамдардың орнын бөлдi, – Бiр мылтықты Жайекең өзi алады. Бiр шитiнi мен алам. Ал, бердеңкенi, Рақым, сен ал. Ә дегенде түз аңының түрi қандай суық, тұра шапқанда жүрегi таймай дәлдеп ату керек, – деп Әлiмбай алдымен мерген-дердi белгiледi.
– Жолбарыстың таңғы шабуылына қарсы барамыз, iңiрдегiсi өте қауiптi, – деп Жайықбай жеруге қамдан-ған кiсiлердi тоқтатты. Бармаймын деп сыр да берген жоқ, сөзi өтпей еңсесi түскен Рақым үнсiз үйiне қайтты.
Жайықбай үйiнiң кигiзiн шешiп алып, уығын қайта шаныштырып, қаламдарын ұштады. Шаңырақ қоспасының бiр шегесi босап жiгi ашылған екен, оны қайта мықтап шегелеттi. Атасының осы жұмыстарының бәрiн де Сейiт ұқыптай ұға қарап жүр. Көп сөйлемей, әр iстi құнтты ғана тиянақтайтын мерген атасы Жайықбай бұрынғысынан да ширап, әр iске ықшамдалып кеткен. Ол бiр мезгiл мылтығының iшiн жуып, майлады. От жақтырып, қорғасын ерiтiп, қалыбына көп қылып оқ та құйып алды. Осылардың бәрiн көзiмен көрiп, iшiнде жүр.
Түн ортасы ауа ай жарығымен сөз байлаған кiсiлер жолбарыс жорығына қамданды. «Ал жүремiз» – дегенде Рақымнан басқаның бәрi дайын болды. Рақым бар-ған кiсiге: «Белiм шойырылып, ауырып жатырмын», – дептi. Барған кiсi осы хабарды айтып қайтып келдi.
Ол «киеден» қорқып, төсегiнен шыға алмағаны ғой. Онда Қожанды шақыр, егiс басына Рақымның өзi барар, – деп Әлiмбай үйдi жықтыра бастады.
Iңiрде үйiне кетiп калған Сейiттi жорықшылардың
ешқайсысы да елеген жоқ. Олар түйдегiмен жүрiп, жолбарыстың түйенi соққан жерiне
таяп барып, аттарынан түстi. Сол жерде алдарына өңгерiп алған үйдiң керегелерiн
жайып, шаңырағын көтерiп уығын шанышты. Таңғышпен, iшкi-сыртқы басқұрмен керегенiң
бастарын, қоспасын мықтап шарыды. Әдейi әкелiнген бiрнеше қыл арқанмен уықты ерсiлi-қарсылы
ығыстырмай шарыды. Төрт жерден желбауды мықтап тағып, жерге түсiре салбыратты.
Үйдiң шаруын байлап болған кезде таң да бозарып сәуле бере бастады. Таңмен аралас
Балқаш айдынынан қоңыр самал жел есiп қалың қамыс сыбдырлап, үкiсiн желбiретiп
ән сызылтты. Балқаш айдынына түнеген үйрек, қаз, аққу сияқты алуан құстар да таң
сәулесiмен судан көтерiлiп, ерсiлi-қарсылы жүн салып ұша бастады. Iленiң көктемде
тасып қайт-қанынан қалған қамыс арасындары iркiндiлердегi көл-бақалар, әупiлдек
сияқты былқылдақ қопада болатын
мақұлұқтар таң қуанышына үн қосқандай шулай бастады.
Шалқыған теңiз, шалқалап құйылған өзен, суылдаған қалың қамыс жаңа келе жатқан таңға үн қатты. Түбек бойы тiрiлдi, өмiр әнiн гулеттi. Бiрақ үнсiз жорыққа бет алған мергендер бiрiн-бiрi қимылынан ұғынысады, үн қатыспайды. Мергендер кегiн iшiне жинай, мылтықтары оғын өзегiне басып, мелшиiп әмiр күткен тәрiздi. Кiм бiлсiн, сақадай сайланып келген жасақты жауына мына түбектiң азулы «қонағы» қарсы шыға ма? Жоқ, соқпай телмiртiп, тепсiндiрiп қайтара ма? Мүмкiн жауын жан деп баламайтын, азуы мен тырнағын аспандағы айға бiлеген асқақ жыртқыш ұйқысынан керiлiп, оянбаған да шығар. Бiрақ, бұл таңда орнынан оршып оянған бiздiң жас батыр Сейiт болды. Ол кеше кешке Жайықбай бастаған жолбарыс аңдушылар қам еткенде, о да өз қамын өзi ойлаған, үйiндегi үлкен қара пышақты алып дайындалып қойған. Таңға жақын үйдi алып жүремiз деген сөздi естiгенде, не қылса солардан қалмай ерiп кетпек болған. Бiрақ Сейiт таң күтiп отыра алмай, үйiне барып жантайған болатын. Егер барамын деп айтса, апасы да жiбермейдi. Жайықбай атасы да ертпейдi. Мұның ойы бұлардың ешқайсысына сыр бермей, арттарынан ерiп бару, ботасының енесiн өлтiрген жолбарыстың қолға түскенiн көзiмен көру, өлтiрiсу едi.
Сөйтiп орнынан тұрғанда, жолбарысшылардың қарасы түйдектелiп, түбекке қарай кетiп бара жатты. Сол қарадан көз жазбай, ол жүгiрiп отырды. Бiрақ оны жолбарыс аңдушылар байқаған жоқ. Үй тiгiлiп болған кезде елең етiп, арттарынан шыға келген адамнан мергендер елеңдесiп қалды: «Сен кiм, дыбысыңды шығар, атамыз» деп сескендiре үн қатты.
– Мерген ата, мен ғой, – деген Сейiттiң даусын Жайықбай анықтағанша Сейiт қасына да келдi.
– Сен қайда барасың?
– Сiздермен бiрге болам.
– Бiз мына үйге кiрiп, iшiнен көтермелеп, жолбарыс жатағына қарай жүремiз, онда сен қайда барасың?
– Мен сiздiң қасыңызда болам, мерген ата.
– Қой, жүрегiңнiң қабы жарылып кетiп жазым болсаң, бiзге ұят болады. Қазiр қайт, мына аттарды кейiн алып кетедi, бiр атқа мiн де, атшының қасында бол, – деп Әлiмбай бетiн қайыра әмiр еттi.
– Жоқ, аға, мен мерген атамның жанында болам. Қорықпаймын. Атамдар атқанда, мен мына пышақпен жарам, – деп Сейiт жырта қарыс пышақты жеңiнiң iшiнен суырып алды. Сейiттiң мына түнде қорықпай әрi жаяу келуi мергендердi таңдандырса, онан да бiр сүйсiнерлiк жағы қаруын сайлап, алған бетiнен қайтпай, қатердi елемеуi едi. Осы кезде әлденеден таяудағы қамыс iшi сыбдырлап, бiр нәрсе жүргендей болды. Мергендер еппен үйдi қозғауға айналғанда:
– Ал, жiгiттер, ана ботаның аузындағы таңуын
алып, өзiн мына үйге әкелiп кiргiзейiк. Одан да бұрын мына қатар мергендер, желбаушылар
сол қамысқа жасырынсын, – қамыстың шашағынан қиып әкелiп, үйдiң iшiне үйiңдер. Отыр
деп Жайықбай ендiгi iстелетiн жұмысты айтты. Бұл жұмыстар үнсiз қимылмен орындалды.
Сейiт те қамысты орысып, бiрге қимылдады. Үйге кiргiзiп, аузын босатқан жетiм бота
үн салып, боздап кеттi. Елдiң бәрi шапшаң қимылдап, үйдi бекiте байлады. Сейiттi,
«қайт, қал» деуге ешкiмнiң мұршасы келмедi.
Мергендер үйдiң iшiне айнала тұра қалып, тiк көтерiп, жолбарыс бекiнiсi деген жобаға көтермелеп алып жүрдi. Ботаны Сейiт жетеледi. Қамысты желбаушылар көтердi. Жолбарыстан бұрын Сейiтке мынаның өзi бiр тамаша қызық болып көрiндi. Кигiзi, кигiз үйдiң жаңалаш сүйегiнiң не бекiндегi бар деп ойлады.
Жарлауыттанған биiк қамыстардың арасынан саңлаулана көтерiлген таң сiлемi аспан пердесiн ашып жiбердi: үйдi әкелiп бiр кiшкене алаңға қондырып, қайратын бойына жиып айналасына әзiрлiкпен қарап, қауiптi аңның көрiнiсiн күткен мергендер Сейiтке өте жат болып көрiндi. Әсiресе, жайшылықта өңi жып-жылы Жайықбай атасы қанын iшiне тартып, түсi суып кеткен. Үстiне қамыс жамылғы киiп, мүлде өзгерген. Алдыңғы жағын басын тастаған сұйықтау мұрты тал-тал болып тiкiрейiп, шүңiректеу кiшкене көзi жарла-уыттанған қабағына батыңқырап, от шашып тұрған тәрiздi. Қолына кезене ұстаған мылтығының аузынан ажал жалыны төгiлуге әзiр.
– Ал, қамыс тағы күтiрлейдi, байқаңдар, – дедi сыбырлап Әлiмбай. Елдiң бәрi Әлiмбай нұсқаған жаққа қадала қарасып, қанын iшiне тартып бұға түсiп, айқас күтiп аңдуда. Бiрақ, ол дыбыстардың бәрi де елегiзген жұртқа естiлген бос елес болды. Бiраздан соң күн де шашырап көтерiле батады. Сейiт те әркiмнiң бетiне қарайды. Ол әсiресе, өзiне «қайт!» деп зекiген Әлiмбайға көрiнбей, Жайықбай атасының тасасына тығылып, қамысқа бұға түседi. Өзiнiң жолбарыс көрiнгенде де арқа тұтатыны, сенетiнi сол мерген атасы. Ол тұрғанда ешнәрсе оған қорқыныш емес тәрiздi. Кiм бiлсiн, Жа-йықбай Сейiт ойлағандай асқан алып та, айнымай атар мерген де емес шығар. Бiрақ, Сейiттiң өз сенiмi – Жа-йықбай тұрғанда оған қауiп жоқ.
– Мына шiркiн келмес пе екен, әлде соқпа жолбарыс болып кетiп қалды ма, не болды? – деп Әлiмбай мылтығын сүйеп қойып, мойнын созып, айналаға қарады. Дәл осы сәтте аңдып тұрғандай таяудағы қамыс iшi бұлан-талан бола, жарыла бастады. Мергендер мылтығын алып, қаруларын әзiрлеп алғанша қамыстан сары тарғыл аңның от шашқан үлкен көзi жарқ етiп, қарғып қалғанда, Сейiт ботаны құшақтай алды. Үстiндегi үй күтiр-күтiр етiп, әлденелер қирап жатты. Қатарынан бiрнеше мылтықтың да даусы тарс-тарс еттi. Сейiт ботасын құшақтап, пышағын оңтайланып алды. Аузы арандай ашылып, шандыған уықты қирата қапқан үлкен аң үйге келiп асыла құлап түстi. Қолындағы ашамен түйрей жабылған мергендермен Сейiт те қатарласа пышағын аңға сермеп кеп жiбердi. Бiрақ оның пышағы аңның ұлы денесiне жетпедi. Тек керегеге тидi. Мылтықтар үн қосып, тағы тарс-тарс еттi. Жанталасқан ашулы аң күрiлдеп бұлқынғанда, үйдi теңселтiп барып, сылқ етiп жерге, құлап түстi. Осы кезде Сейiт ботасын тастай берiп, жолбарыстың шабынан пышағын салып кеп жiбердi.
– Ей, Сейiт, кейiн, ол әлi өлiп болған жоқ. Серпiнi тисе жазым боларсың, – деп Жайықбай атасы келiп қолынан тартып, кейiн жұлып алды. Түсi суық, сары шұбар аңның денесi әлi де әлсiз ғана қозғалғандай болады. Оның таяқтай азулары бiрiне-бiрi айқасып, бiрнеше уықты қапсыра тiстеген күйiнде жерге ала түсiптi. Бiлектей жуан, ұзын құйрығымен бiр мезгiлде жердi ышқына бiр соғып қалды. Жердiң шаңы бұрқ еттi.
– Мiне, ендi шықты, – дедi Жайықбай. Мерген-дердiң ешқайсысы әлi тысқа шыққан жоқ. Қаруларын әлi де кезенiп, жығылған аңның әбден қимылы бiтiп, өлуiн күтiп тұрғандай, қадала соған қарайды.
Сейiт осы кезде Жайықбай атасының бетiне қарап, ендi не айтар екен дегендей болды. Әлгi сәттегi қатерлi айқас, қимылдар басылып, бiр үнсiз шақ бола қалған. Кешеден берi үнсiз түйiлген Жайықбайдың қабағы жадырап, көңiлi жайланған тәрiздi.
– Өзi анық өлдi бiлем, – деп Қожан қолындағы ашасымен аңның санынан түртiп қозғады. Сейiт әлгi әбiгерде шеткерi қалған ботасына келiп, мойнынан құшақтады.
– Жолбарысты бiз соққыға жықтық. Ендi боздап, жылама, – деп ботасымен адамша тiлдесiп тұрды.
– Ата, ендi ауылға қайталықшы, ботам жүдеп қалады, өзi аш, демалған жоқ, – деп Сейiт атасына келдi.
– Аз тоқтай тұр, шырағым, кiшкене сабыр, – дедi Қожан. Сейiт орынсыз айттым ба дегендей тез ғана шегiнiп, ботасының қасына келдi. Осы кезде Әлiмбай есiктiң, шандуын шешiп, бәрi тысқа шығып, үйдi жығып, аттарына қарай жүрдi.
Жолбарыстың терiсiп сойып, ауылға алып келгенде, бетiн орай буып алған Рақым да аңшылардың алдынан шықты.
– Апыр-ай, өзi айғыр жолбарыс екен ә! Өзiн ажал айдай келген ғой. Жайекеңнiң айласы тамаша айла болды-ау, үйге шапқанда аттыңдар, ә! – деп қастарына келгенде, Әлiмбай:
– Жолбарыстың «киесiн» мына мылтықпен атып, Бозаңбайдың артынан жiбердiк. Ендi өтiрiк ауырып, үрей болмай-ақ қой, деп кекете сөйледi.
– Апыр-ай, осы сенiң белiң осындай жөппелемеде шойырылады-ау. Қалай, сырқатың тәуiр ме? Сен ауы-рып қалған соң, орныңа мына Сейiт барды. Бетiн қа-йырмай ертiп алып ек, алдымен пышақты салған осы, – деп Рақымды Қожан қылжақ ете сөйледi. Рақым еш-нәрсе айта алмай, жерге қарады. Сейiт «менiң пышақ салғаным ерлiк болған екен» деп Қожанның бетiне қа-рады.
Осы кезде кiсiлердiң алдынан шыққан балалардың iшiнен Сейiттiң жолдастары да қасына келiп, жан-жағынан қамалады:
– Пышақты қалай салдың, қорықпадық ба? Ей, өзi батыр екен, мына пышағын қара, – десiп таңырқасып жатты.
– Сейiтжан, жолбарыстан бұрын сенен шошыдым. Құлыным-ау, неге айтпай кетiп қалдың, – деп келе баласының маңдайынан иiскеп, апасы сүйiп жатыр. Өзiн қамалап таңырқаған жолдастарын онша елемей, жолбарысты өзi алған кiсiмсiп Сейiт:
– Апа, ботаны емiзейiк, өзi қарны ашып боздап келдi, – деп ботасы мен екеуiнiң кегiн алып қайтқандай, аз мақтану белгiсiн де берген тәрiздендi.
– Ботаңды үлкен қоңыр iнгенге емiзем, ол кеше де қымсынбай емiзген. Сiрә, егiздетiп алып кетер деймiн. Өзi тез қатыр емес, қолға иiп беретiн ақкөңiл түйе едi ғой, – деп апасы Сейiттi қуандырып қойды.
Сол күннен бастап Сейiт коңыр iнгеннiң қара ботасын да үйге байлап, боз ботамен бiрге күттi, қоңыр iнгендi екi ботаға егiздете емiзiп өсiрдi. Сейiтке жол-дастары «Сейiт батыр» десiп ат та қойып алды.