Жетiм
Жаз ортасының қоңыр кешi. Ұлы таудың бөктерiнде кештiң коңыр салқын желi еседi. Күн батып, ымырт жа-былып барады. Күнбатысты қалың қара бұлт басқан, айналада күңгiрт тартқан төбелер қоңырқай тартып, түн тыныштығына қарай бойсұнған сияқты. Сондай жүдеп сарылған төбелердiң арасымен үш салт атты келе жатыр едi. Бұлардың бетi – қалың таудың iшi. Күнбатыста алыста жауын бар едi. Сол алыста күн күркiреп жатты. Анда-санда көкжиектiң тұсында күн жарқылдап тұр. Бұлт қалың, жарқылдағы күштi едi. Қара-барқын тартып қараңғылана бастаған аспанда түксиген қатал қабақ, құлазып жүдеген иесiздiк бiлiнгендей. Үлкен жарықтың өшер алдында бiр сөнiп, бiр лап етiп жанғанындай, күнбатыста жарқ еткен нажағай жарығымен күңгiрт даланы әлденеге үмiттендiрiп тұрған сияқты. Тау бөктерiндегi қоңыр жел ақырындап бұралып соғып, салбыраған шерлi күйдi қозғағандай болады. Табиғат салқын түсте болса да, сұлу тiлдi сүйгендей, iздегендей едi. Мәңгi мұңлы шермен үзiлiп-үзiлiп соққан желмен бiрге жүректi ақырын-ақырын шымшығандай едi. Сол кезде иесiздiкте жүдеу тартып, ұйқыға батып бара жатқан даланы әншi жiгiттiң зар-мұңлы даусы ұзақ толқынды ырғағымен тербеткендей болды. Ән салқын түстi табиғат ортасында желiктi қызықты еске түсiрмей, ұлы бiр сабырды еске түсiргендей. Ән салған жiгiттер табиғатпен жалғасатын тiл тапқандай боп, кейде баяулап қоңырлатқан, кейде шырқыраған сұлу әнмен түн құшағына кiрiп келе жатты... Бұл мүйнетте адамның әнi де алыста күркiреген күндей, үзiлiп соққан бөктердiң желiндей табиғаттың өзiнен шыққан бiр қуат сияқты едi. Бойды табиғат қуатындай болып тоңазытып, көңiлдi жүз толқытатын қуаты бар едi. Ән кейде батқан күн мен бейуаққа қоштастырған үн сияқты.
Бұл жiгiттер иесiз таудың iшiмен түнде жүрiп өтпек болып, тау сыртындағы елдi бетiне алып, жалғыз аяқ жолмен түн қатып келе жатыр едi. Осы кезде осы таудың сыртында жiгiттер келе жатқан жақты бетiне алып, жалғыз жаяу бала келе жатты. Жол үстiнде ымырт жабылып, қас қарайған шақта жалғыз келе жатқан баланың ойында үлкен мұң, қабағында қалың қайғы бар.
Табиғат балаға қатал, суық көрiнедi. Жан-жақта жүдеу тартып, жұмырланған боз төбелер қайғылы сырымен, дүние шерiмен сазарғандай. Бетiндегi ақ көде, сары селеудi сүйретiлiп, сумаңдап соққан түн желi желпи қозғап сiлкiнтiп тұр. Қарауытқан көлеңкелi сайлар қара түннiң қараңғы сырын бауырына жиып, әлденеге сақтап тұрғандай болады. Белгiсiз тұңғиық жүрегiн жаныштады. Әрi салқын, әрi қорқынышты күйдi есiне түсiргендей болады. Жүрегiн қорқыныш басып, жал-ғыздық жеп келе жатқан баланы не бастап келедi? Жетi түнде айдап шыққан айдаушы кiм? Айдаушы сол баланың тағдыры едi.
Он жасар Қасымның бұдан бiр жыл бұрын кәрi анасы өлiп едi. Одан жарты жыл бұрын өзi туған әке-шешесi өлген... Өз әке-шешесi өлгенде Қасымның сүйенiшi болып қалған кәрi әжесi бар едi. Қасымның кiшкентай әлсiз басы тағдырдың бұның басына келерлiк барлық соққысын түгелiмен көрiп шыққан. Алдыңғы өлiмнен кейiн жарты жыл өткенде кәрi әжесi де өлiп едi. Бұрын-ғы бала – бұрын еркелiкпен жылайтын Қасым әжесi өлген күнi шын қайғымен жылап едi. Басына аспан құлағандай уайымды сол күнi көрiп едi.
Жақын, жанашыр туысқаны жоқ болса да, маңа-йындағы ел әжесiнiң өлiгiн үйден алып шығарда, кiш-кентай Қасым үлкейген кексе кiсi айтатын зардың бәрiн айтып, шешесiнiң үстiне жығылып, айрылғысы келмей құшақтап:
– Әжетай, менi кiмге тастап кеттiң?! Менi неге ала кетпедiң, менiң қаңғып қалғаным ба? Менiң шынымен сорлы, шынымен жетiм болғаным ба? – деп зарлағанда, елдiң сай-сүйегiн босатып, кәрi-жастың жүрегiн ерiткен болатын.
Қасымға өзге өлiктiң бәрiнен әжесiнiң өлiгi батып едi. Әжесi демi үзiлген мүйнетiне шейiн қарсы алдына, аяқ жағына Қасымды отырғызып қойып, содан көзiн алмай жатып үзiлген. Кәрi кеудесiнен жаны шыққанша, Қасымға ендiгi қайғының қаншалық ауыр болатынын бiлiп, бұның сорлы болған пiшiнiн көруге өзiнiң көзi шыдамай, есiркеп, барлық күшiн жиып, езу тартып күлген сияқтанып жатып едi. Сонда өмiр тiлесе – Қасым ержеткенше деп тiлеген. «Құлынымның бұғанасы қатқанша, рақым ет. Сорлы қылып кақсатпа, зарлатпа, көрде менi күңiрентпе!» деп тiлеп едi.
Әжесi осы тiлектiң үстiнде өлiп едi. Қасым сол күнгi жылауынан бастап, үлкен кiсiдей қайғыға, қаралы күйге түстi. Шешесiн жоқтап жылағанда, елжiрей сүйген атасы, өз әке-шешесi түгелiмен көз алдына келiп елестеп, кешегi жылы ұяны көз алдына әкеп тұрғандай болушы едi. Қасым бәрiнiң де атын атап шақырып, кiшкене ақ таяққа сүйенiп тұрып, жалғыз өзi оңашаға кетiп, зарланып жылаушы едi.
Қасым ұйықтаса, бақытқа жеткендей болып, өзiн алдына алып сүйiп уатып, көзiн сүртiп жүрген әке-шешелерiн көрушi едi.
Бәрi де – бiз тiрiлiп келдiк, ендi өлмеймiз... Сен қорғансыз емессiң, сен жыламайсың, сенiң көз жасың бiздi қайта алып келдi... деушi едi. Қасым түсiнде еркелеп, әжесiнiң төсiн иiскеп, «менi неге жылаттың?» деп өкпе айтатын. Ояна келсе, көргенi түс болса да, Қасымның көңлi солардың өлгенiне көпке шейiн сенбей жүрдi. Белгiсiзден солардан хабар әкелушi бардай, не болмаса бiреуi келетiндей, көңiл хиялын сол ой билейдi.
Бiрақ күндер өттi. Қасым жетiм болды. Жетiмдiк бұған өзiн барлық суық пiшiнiнде емiн-еркiн танытты. Қатал тағдыр мықты қолымен қатты ұстады.
Күннен-күн өткен сайын әжесi келмейтiн болып, алыстай бастады. Оның бейiтi Ұлытаудың бөктерiнде алыста қалды. Ауыл тау асып көшiп кеттi. Әжесi тiрi болған күн Қасымның көңлiнен сұлу сағымдай, жазғытұрғы мамық түстi бұлттай болып, қайта оралмастай боп жоғала бастады. Әжесiнiң мұны уатып айтатын ертегiсi, кешкi мезгiлде алдына алып күпiсiне орап отырып, тербетiп айтатын сезiмдi коңыр әнi де жоғалды. Өштi. Қасымның үмiттi жарық күнi де батты.
Әжесi өткен соң «жақынымын» деп, жаны ашыған ие болып шығып, Иса деген ағайыны Қасымды қолына алды. Қасымның әке-шешесiнен отыз шақты қой, он шақты қара қалып едi.
Исаға Қасымның малын берерде жұрт: «Жетiмнiң малына қиянат қылма! Өзiн адам ғыл, күт, асыра, жылатпа!» деп тапсырған болып берiп едi.
– Менi мұндай сорлы ғылғандай не жазып едiм?.. Неңдi жеп едiм?! Жазығым – қуарып қалған жетiмдiгiм бе? – деп, жерде жатқан үлкен тасты ала салып, төнiп келiп қалған Исаны тiзесiнен перiп кеп жiберiп, далаға қарай қаша жөнелiп едi.
Иса аузына келгенiн айтып боқтап, аяғы мертiгiп «бақ» етiп отырып қалды. Қасым сол бетiмен тас лақтыртып қуған балаларға жеткiзбей, үлкен тауға қарай жөнелiп кеткен.
Ауылға ендi қайта бара аямайтынын бiлiп, зарлай еңiреп, әжесi мен атасының атын атап шақырып келе жатқанда, бұрыннан ойлап жүрген бiр көмескi ниетi есiне түстi, ол ниетi – ел жайлаудан қайта оралып, қыстауға таман жақындаған соң, сол қыстау маңында зираты бар әке-шешелерiнiң басына бармақшы едi. Олардың басына мал сойып апарып, құран оқытамын дегенде, алдында Иса мен Қадиша ұрсып, қабыл алмай, малды сойғызбай қойған.
Қазiргi Қасымның ойы: ендi баратын қорған жоқ болғандықтан сол қораға барып, сол маңайда қалған жатақтарға жетiп, тау бөктерiндегi әке-шешелерiнiң басына барып, қабырын құшақтап жылау едi. Тау асатын жолда жалғыз келе жатқан зар еңiреген жетiм бала Қасымды алып келе жатқан хал осы.
Қасым жүгiре бастады. Шошынған қабақпен алды-артына қарай бередi. Жетiм көзi белгiсiз бiрдеменi күткендей болады. Пайдасыз күту. Iшiнен қатты кор-қып келе жатса да, көзiне көрiнер тiрi жан жоқ. Қап-қараңғы түн болды. Қасым тау iшiнде келе жатыр. Бұдан кiшiрек күнiнде көп естiген қараңғы сырлы әңгiмелер болушы едi. Түнде кездесетiн жын-шайтандар, қара түндей жалмауыздар... сау адамды қағып кететiн перiлер. Бұлардың талай рет түн жүргiншiлерiн шошытқан, жындандырған, көзiне көрiнiп елестеген әңгiмелерi кiшкен-тай Қасымның көңiлiне әбден қонып, онсыз да науқасты әлсiз хиялында мықты орын алып қалған...
Бұл уақытқа шейiн Қасымды қайғы, жазықсыздық, ашу жетелеп дедектетiп келiп едi. Бұдан бұрын қайта қайту, Исаның пiшiнiн көруден де өлiмдi таңдап алатындай едi. Сол күй қорқынышты ойлатпай алып кетiп едi. Кәзiргi уақытта қараңғы түннiң қара желi қатайып, түн түсi суи бастаған сайын, Қасымның жүрегi қалтырап, шошынып, елеңдеп келе жатты. Оның үстiне алыс-тағы бұлт жиi-жиi күркiреп, күн жарқылдайды. Түнгi тау, қара жартас алыстан перiлер мекенiндей болып жарқ етiп, қайта қараңғылыққа батып жоғалады. Түн қараңғылығы жалт еткен жарықты тездетiп, жалмауыздай басып қалады. Таудың қараңғы сырлы сайлары жартастың қалың көлеңке басқан қара күйедей тұңғиық қап-қара беттерi түндегi таудың қараңғы пәлелерiн iшiне бүгiп жиып тұрғандай көрiнедi... Тоғайда да қалың жапырақтың арасында қара бiрдеме жасырынып, әлде ненi күтiп тұрғандай. Әрбiр түптiң астынан қара түннiң тұңғиық, суық, терең қара көздерi мың сан болып қадалып қарап тұрғандай... Биiк тау, мықты қара жартас, бұралған тоғай мен майысқан шалғын – барлығы да түн мезгiлiнде Қасымның көзiне жат болып кеткендей көрiнедi. Тас қабақты, жұлдыз көздi, түндей қара түстi қара кемпiр тау iшiн құйындай құтырып, кезiп жүргендей. Қара желiмен «әпсiн» оқып үшкiрiп тұрғандай. Дүниенi тас қып қатырып, тылсым буғандай. Түн тыныштығын ұйқылы қанатын жалпылдатып қарып ұшқан жалғыз ғана қарақұс бұзады. Сондықтан оның атын жынды құс қойған. Осы сияқты ауыр мезгiлде Қасымды тау iшiнде жетiмдiк қайғысы жан ұшыртып алып келе жатты... Бiр мезгiлде, Қасым қорқып, дiрiлдеген жүрекпен маңайына жалтаңдап, әр нәрседен үркiп келе жатқанда, күн жарқ еттi. Сол уақытта жол жиегiндегi бiр кiшкене тоғайға келiп қалып едi. Оқыста көзiн жұмдырып шошытып қалған жарықтың iшiнде Қасым көз алдынан елбеңдеп жөнелген бiр нәрсенiң түсiн шалып қалды. Шошынып, өне бойы мұздап, жүрегi лүпiлдеп соғып кеттi. Бұл кеткен сол тоғай iшiнен ұшқан жынды құс едi.
Бiрақ Қасымға ол көптен күткен қараңғы сырлы күштi қуаттың бiрi болып көрiндi. Сол кезде Қасымды шешесiнiң қабырына қарай тартқан жетiм жүрек өзге денесiнiң iркiлейiн дегенiне ерiк бермей, iлгерi дедек-тетiп алып жүрiп кеттi. Бiрақ бұл уақыттағы серiгi кiм? Перiште дегенi осы ма? Әлде жын ба? Әйтеуiр ендi алдында бұлдырлап, елестеп жүгiргендей болып, елбеңдеген бiр нәрсе жолын бастап келе жатқан сияқты. Қасым бiр уақыт кiсi екен деп ес көргендей болып едi, артынан шоши бастады. Жүрегi сенiмсiздiк хаупiмен тағы лүпiлдеп соқты. Ақырын жүрiп, кейiндегiсi келдi... Бiр мезгiлде бетiне құтырып, ысқырып келiп ұйтқыған бiр құйын соққандай болды. Жасқанып көзiн жұмды. Қайта ашса – қараңғы түнде оттай жанған алакөз ашумен түксиiп қарап тұр...
Алдында тiсi ақсиған, ұзын бойлы, қолында ұзын қара пышағы бар қара кiсi тұр екен. Даланың жыны осы ғой деп ойлай берiп едi, анау Қасымға әмiрлi дауыспен ақырып:
– Артымнан ерiп жүр, әлсiз денеңнiң шаршап талғанына қарама! Аяғыңа кiрген тiкенге, жырған тасқа қарама! Өлiп қалсаң да артымнан ерiп отыр! – деп жүрiп кеттi. Әлсiз жетiм:
– Ағатай, жетiммiн... – дей берiп едi, алакөз қайта жарқ еткенде, артынан жүгiрiп кеттi. Қасым өкпесi үзiлгенше ентiгiп жүгiрiп отырды. Көз ұшына жоғалып кеттi. Түн ортасы болған кезде, таудың осы мөлшерiне бөктерде келе жатқан үш жiгiт жеттi. Бұлар аяңшыл аттардың екпiнiмен тастақ жолды тықырлатып, таудың сала-саласын бiр – құлап, бiр – өрлеп, жолды қуалап келе жатыр едi. Ұзақ жол жалықтырып, түн ұйқысы жеңе бастаған жүргiншiлер бiрiнiң артына бiрi түсiп, тiзiлiп келе жатқан. Бiр уақытта бiр тоғайдың тұсына келгенде, аттары осқырып, iшiн тартып, тоғайға қадалып жүрмей, үркiп тұрып алды.
Сол уақытта жаңбыр бұлты тауға таман жақындап, жел қатаңдап, күннiң күркiрегенi жиiлеп тұр едi. Күн әдетiнше жарқ еттi. Сонда үш жолаушы алдарындағы ағашқа сүйенiп жығылып, қатып тұрған баланы көрдi. Басында бұлар шошып, аттары да үркiп атып кетсе де, артынан оралып дабыстан, әлгi жерге қайта келдi. Бұлардың көп айқайына ешкiм дыбыс бермедi. Аздан соң аттан түсiп, қасына келiп қараса – жыртық киiмдi, өңi құп-қу болып, қаннан айырылып жүдеген он, он бiр жасар бала екен. Ол – өлiк. Бiрақ денесi әлi түгел мұздап та болған жоқ екен...
1925